Бесінші сыныптың өзінде үлкен қала Мәскеуді көрген ол сол сәтін, керемет өнер туындыларын көргендегі қуанышын былай баяндайды: «1979 жылы әкем мені Мәскеуге алып барды. Третьяков галериясына апаратын болды. Музейге кірдік, ондағы картиналарды көріп, көзім шығып кете жаздады. Ол кезде ауыл баласы ұзаса кей картиналарды кітаптардан көретін шығар, ал «тірі» суреттерді көргенде, өзімді ұмыттым. Солардың ішінде Иванов дейтін орыс суретшісінің «Иса пайғамбардың халыққа көрінуі» дейтін туындысы бар еді, ол бұл суретін 24 жыл салыпты». Өнерге, әсіресе көркемсурет салуға деген құлшыныс, аңсар әне сол кезде шындап оянды.
Оның «Бақыт» атты картинасын тыныш өмірдің, жайбарақат көңіл күйдің туындысы дер едік. Қызыл керішті таудың балағында қамсыз жайылып жүрген екі ат бақыттың символы ретінде бейнеленген. Бұл туындыда тау өз орнында, ал басындағы мұнар өз бейнесінде, тіпті етектегі қос жылқы да өз күйінде тұр. Шебер қолмен салынған картина бір қарағанда сырын бере қоймайтындай. Ал үңіліп, тереңірек көз салсаңыз, бәрін айтып тұрған сияқты. Мұндағы тау бейнесі – табиғаттың, керіш – кең даланың, ал ат өмір тынысын астарлағанын аңдау керек. Сиқырлы әлемге толы сурет өнерінің жан дүниесін түсіну үшін де оған ой көзімен қараған жөн.
Пейзаж жанрында жиі қалам тербейтін суретші Жамбыл Нәтбаевтың туындыларының көбі табиғатпен етене байланысты. Сан қырына терең бойласаң Табиғат ананың өзі үлкен суреткер емес пе?! Ал одан алу да, оған беру де үлкен ойдың, сыршыл жүректің жұмысы. Қылқалам иегерінің «Асаулар. Сайрам асуы» атты картинасы да қазақы өмірдің қалпын кенеп бетінде сөйлеп береді. Асау, ойхой, асаулар! Кең даланың төсінде ойқастаған, желден жүйрік, құстан ұшқыр дала жылқылары. Енді олардың бейнесін алақандай ақ матаның бетіне салу қиынның қиыны болмақ. Ал суретші Нәтбаев бұған да шеберлігін пайдаланыпты. Бұл туындыда да тау, аспан, бұлт және жылқы бар. Осы төрт ұғым ол үшін тым қастерлі екенін картиналар арқылы сезіне аламыз. Тау етегінде тұрған киізүй аталған туындының көркін ашқандай. Тіршіліктің қайнап жатқан күйі, өмір ағысы бәрі-бәрі өз деңгейінде сыр шерткенін жасырмаймыз.
Суретшінің бұдан басқа туындылары да «мен табиғат туралымын» деп айқайлап айтып тұрады. Мұның себебі Жамбыл Нәтбаев бала жасынан ауыл тірлігін, маңғаз дала, асау жылқылар мен ақ шаңқан киізүйлерді, мейірлі ауыл адамдарын көріп өскендігінде.
Қаршадайынан көкейіне жиған құндылықтар есейгенде көркемсурет болып ойына оралғаны шындық. Таудай асқақ рух, бұлттай аппақ пейіл, даладай кең көңіл, жылқыдай жүйрік қиял Жамбыл Нәтбаевтың шығармашылық әлемін одан әрі биіктете түсті. Ол үшін сурет – дала, дала – суреттің өзі.