Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының ой-толғамдары туралы
Халық, ел-жұрт болып қалайтындай әділетті сот билігін қалыптастыру уақыты келіп жетті. Ал билерді кім қалыптастырмақ? Міне, біздің де әңгімеміздің төркіні осы болмақ. Ата Заңымыздың талабы бойынша ендігі жерде әділ судьялар құрамын қалыптастырып жатқан Жоғары Сот Кеңесі қызметі.
Ал Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Бектас Бекназаров еліміздегі сот жүйесінің қазіргі жай-күйі туралы қанағаттылықпен де, мақтанышпен де айтуға болады дейді. Сонау 2004 жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан біздің өтінішіміз қанағаттандырылып, 2011 жылы Қазақстанның сот жүйесі Бүкіләлемдік судьялар қауымдастығының толыққанды мүшесі болып қабылданды. Бұл өте маңызды оқиға екені белгілі. Себебі, Бүкіләлемдік судьялар қауымдастығына толыққанды мүше болу үшін біздің мемлекетіміздегі сот жүйесіне қатысты заңдар дүниежүзілік алдынғы қатарлы стандарттарға сәйкестендірілуі қажет еді. Елбасы сот жүйесінің құрылымын осы әлемдік танылған стандарттарға жеткізуге тапсырма берген. Ал оған қалай қол жеткізуге болатын еді? Ол үшін қандай амалдар жасалынуы тиіс-тұғын? Қайткенде, қазақстандық сот жүйесі әлемдік танылған қалыптар қатарына қосыла алады? Міне, осы мәселелерді шешудің бір түйіні, яғни тығырықтан шығудың жолы Жоғары Сот Кеңесінің де еншісінде болды.
Бұл үшін ең алдымен, судьялардың тәуелсіздігін шынайы қамтамасыз ету және кадр мәселесін тиянақты шешу қажет еді. Жоғары Сот Кеңесі туралы заңның бабында көрсетілген негізгі талап – судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Демек, судьялар Қазақстанның Ата Заңы қағидаларына сүйене отырып, сот істерімен қандай да бір шешімді қабылдау кезінде ешбір басқа мемлекеттік құрылымдарға, органдарға тәуелді болмай, олар жалпы мемлекет тарапынан, Елбасы тарапынан толық қорғауда болып, жұмыс істеуі тиіс. Ал мұны жүзеге асыруды қамтамасыз ету Жоғары Сот Кеңесіне жүктелді.
«Мұны бір деңіз. Екіншіден, сот корпусының жаңа кадрлармен толықтырылуы өте маңызды. Бұрын кадрларды жинақтауда кім алқа төрағасы немесе кім судья болуы керек деген мәселелерді негізінен облыстық сот төрағалары өзі шешетін. Кезінде осылай қызмет атқарылғаны белгілі. Ал енді қазіргі уақытта жаңа мемлекеттік кадрлық саясатқа сай облыстық, жергілікті соттардың судьяларын, облыстық сот төрағаларын, алқа төрағаларын өз Жарлығымен Елбасы тағайындайтын болғандықтан, осы үміткерді тағайындауға даярлау, іріктеу, жан-жақты зерделеп барып Елбасына ұсыным келтіру Жоғары Сот Кеңесінің тікелей атқаратын жұмысына айналды. Негізгі бағыт осы» дейді Бектас Бекназаров.
2013 жылы Бүкіләлемдік сарапшылар ұйымының зерттеп зерделеу арқылы берген қорытындысына байланысты Қазақстан әлемнің дамыған елу мемлекетінің қатарына енді. Ал Қазақстанның сот жүйесі 2011 жылы әлемдегі 148 мемлекет ішінен 111 орында болса, 2013 жылғы қорытынды бойынша 88-ші орынға, яғни 23 көрсеткішке ілгерілеп, жақсы дәрежеге қол жеткізілді. Бұл Бектас Бекназаровтың Жоғарғы Сот Төрағасы болып тұрған кезінде атқарылған істің бір парасы ғана.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын және мүшелерін Мемлекет басшысы өз Жарлығымен тағайындайды. Оның мүшелері құрамына: Жоғарғы Сот Төрағасы, Бас прокурор, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің сот және заңдылық, құқықтық реформалар жөніндегі комитеттерінің төрағалары, үш Жоғарғы Соттың судьясы, Адвокаттар одағының президенті, Президент Әкімшілігінің құқық саласындағы бөлім меңгерушісі кіреді. Бұл лауазымды тұлғалар Кеңеске түскен барлық ұсыныстарды, яғни Жоғарғы Сот құрамына, облыстық соттың төрағаларына, алқа төрағасына кім тағайындалуы керек немесе жергілікті соттардың төрағасы мен судьясына кім тағайындалуға лайықты деген мәселелерді шешіп береді.
Жалпы, өзінің Конституциямызда көрсетілген нақты міндетін орындау үшін Жоғары Сот Кеңесі еліміздің сот жүйесіне кадрларды таңдауда Елбасыға ұсыныс беретін мемлекеттік, конституциялық орган болып табылады. «Мәселен, жақында ғана Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысын өткіздік. Мұнда кадрлық мәселелер қаралды. Онда Жоғарғы Соттың екі судьясын отставкаға жіберу мәселесі және олардың орнына Жоғарғы Сот Төрағасы ұсынған кандидаттардың арасынан екі судьяны таңдап, Елбасының атына ұсыныс келтірдік. Егер бұл кандидаттарды Елбасы қолдайтын болса, онда Президент бұл істі одан әрі жылжытып, екі судьяны сайлау туралы Парламент Сенатына ұсыныс келтіреді. Парламент Сенатының дауыс беруімен әлгі екеуі Жоғарғы Соттың судьясы болып сайлана алады. Сол сияқты, Батыс Қазақстан облыстық сот төрағалығына бірнеше адам балама ретінде ұсынылған. Солардың ішінен біреуін таңдап, Елбасының қарауына ұсындық. Бұдан басқа отызға жуық аудандық соттың төрағалары кандидатураларын, яғни Жоғарғы Соттың ұсынған үміткерлерін електен өткіздік. 197 орын аудандық соттардың судьяларына, 15 адам облыстық сот судьяларына тағайындауға конкурс өткізіп, кандидатураларды іріктедік. Жоғары Сот Кеңесі мен Жоғарғы Соттың арасындағы жұмыс: судьялыққа дайындау, іріктеу, оқыту, судьяларды қызметке тағайындау, қызметтен босату, қызмет етуіне жағдайын жасау, қызмет барысында жоғарылату немесе төмендету секілді маңызды істердің шешімін табу. Демек, бұл тұрғыдан алғанда, Жоғары Сот Кеңесі маңызды рөл атқарып отыр», дейді Бектас Бекназаров.
Иә, судьялар тәуелсіз болуы керек деп жұрттың бәрі айтады. Түрлі пікірлер де көп. Сондықтан осы соттардың тәуелсіздігін орнықтыруда көп жұмыстар атқарылды. Соның бірі ретінде, жоғарыда айтылғандай, еліміз сот жүйесінің дәрежесі халықаралық деңгейде екі жарым жыл ішінде 23 көрсеткішке алға жылжыды дедік. Бұған шетелдік сарапшылар үлкен маңыз беріп, назар аударғанда, бізде де әркім ойлануы тиіс қой, олар не үшін мұндай мән берді деп. Бұл сот жүйесінде орын алып жатқан құрылымдық жүйедегі тың өзгерістерге сай берілген жоғары баға. Мысалы, соттардың істерді қосымша тергеуге немесе қайта қарауға қайтармай, сол сатыдан өздері нақты шешім қабылдау мәселесі. Бұл айтуға ғана оңай. Бұрын бір істі аяқтау жылдарға ұласатын, қайта-қайта тергеу шаралары жүргізілетін қылмыстық істер болатын. Ал қазір ондай мәселелер мүлдем азайды. Өйткені, сотқа белгілі бір іс түсті ме, міндетті түрде шешімін табуы керек. Бұл және бірінші сатыдағы сотта-ақ шешілуге тиіс. Кінәлі ме, сотталсын. Кінәсіз бе, ақталсын. Бітті. Осындай сындарлы талап қойылғандықтан қазіргі таңда қосымша тергеуге жіберу үрдісі барынша азайды.
Бектас Әбдіханұлы Жоғарғы Сот Төрағасы кезінде осы заңның орындалуына тікелей ұйытқы болды. Азаматтық істер де қайта-қайта қарала беретін. Тараптар әбден мезі болатын. Іс сотқа түсті ме, бірінші сатыдағы сотта бұл мәселені жоғарыда айтқанымыздай, шешуі керек. Бұл шешімге екінші тарап риза емес пе, шағымын береді. Осыған байланысты апелляциялық соттың құзыреті кеңейтілді. Егер шешім заңсыз ба, онда істі бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жолдау жойылуы тиіс. Егер шешім дұрыс болмаса, онда апелляциялық алқа енді дұрыс шешім шығару мақсатында істі өз өндірісіне қабылдап, оны толықтырып қарап, заңды шешімді өзі қабылдауға міндетті болды. Міне, осының негізінде қазір, апелляциялық сотта азаматтық істі қайта қарауға жіберу 1 пайызға да жетпейді. Өйткені, апелляциялық сот алдыңғы соттың ісін өзі толықтыра қарайды да, оның шығарған жаңа шешімі бірден күшіне енеді. Сол сияқты тағы бір жаңалық, облыстық сот төрағалары бұрын іс қарамайтын. Облыстық сот төрағалары жалпы ұйымдастыру, басқару ісімен айналысатын. Мұндай жағдайда облыстық сот төрағасы процессуалдық фигура емес дейді Б. Бекназаров. Азаматтық және қылмыстық істер бойынша апелляциялық алқалардың өз төрағалары бар, бұлар алқа қызметін өздері ұйымдастырады. Демек, сонда облыстық соттың төрағасы қандай процессуалдық қызмет атқарады деген сұрақ туындайтын ол кезде. Ол шынтуайтқа келгенде әкімші ғана болатын. Міне, осы тәртіп жойылды. Кассациялық саты арқылы облыстық сот төрағасының жауапкершілігі, осы арқылы жалпы облыстық соттардың жауапкершілігі арттырылды. Сөйтіп, істердің негізі кассациялық алқада қаралып, облыстың көлемінде аяқталатын заң қабылданды.
Мемлекет басшысы Жолдауында жалпы құқық қорғау органдарына, оның ішінде сот жүйесіне жоғары талап қойып отыр. Елбасы Қазақстан судьяларының VI съезінде дамыған әлемдік елу елдің қатарына сот жүйесі де енуі керектігін шегелеп айтты, судьялардың санын 25 пайызға көбейтуге тапсырма берді. Бүгінде бұл тапсырма орындалуда. Үстіміздегі жылғы бірінші сәуірден бастап судьялардың штаттық саны, яғни аудандық, қалалық судьялардың көлемі 250 адамға ұлғайды, күзге қарай тағы да 200 адамға көбейеді. Ал негізінде 450 адамды бірден судья етіп тағайындай салуға болмайды ғой. Оның арасында әркімдер кетіп қалмасына кім кепіл. Демек, іріктеу қажет. Нағыз билерді табу керек. Қалай?
Бектас Бекназаров соңғы үш айда республиканың тоғыз облысын аралап шықты. Қазіргі күні еліміз бойынша бес мыңға жуық судьялыққа үміткер бар екен. Олардың барлығы қызметтеріне сәйкес тиісті тәжірибелік тағылымдамадан, облыстық соттың талдауынан өткен. Былай қарасаңыз осы адамдардың бәрі судья болуға лайықты секілді. Ал шын мәнінде бәрі лайықты ма, жоқ па, кім біледі? Ол үшін тексеру керек қой. Содан Кеңес мүшелерімен ақылдаса келе, төраға өзі облыстарды аралап, үміткерлермен кездесіп, әңгімелесуі қажет деген шешімге тоқталады. Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы кандидаттармен кездескен кезде, олардың мақсатын, кәсіптік деңгейін, білімін, біліктілігін, яғни бір сөзбен айтқанда, үміткердің бойынан табылуға тиісті қасиеттерді байқайды. Осы талаптарды анықтау арқылы болашақта судья болуға лайықты жандар іріктелініп алынады. Осылайша үлкен жауапкершілікпен Бектас Бекназаров «бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, елдің түкпір-түкпірінде бұйығы жатқан таланттарды қолына шырақ алып іздеуге кірісіп кеткелі де біраз болды.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы мұндай сапарға шығар алдында, облыста кемінде екі апта бұрын хабар беріледі. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы құрған комиссия тобы сол өңірдегі үміткерлермен кездесу өткізеді. Бұл кездесуде үміткерге көптеген сұрақтар қойылады. Ең бастысы, үміткер судьялыққа не үшін келмек? Алдына қандай мақсат қойып отыр? Осындай сұрақтарға жауап алу барысында көкірегі ояу, көзі ашық, заман талабына сай білімі зор, небір талантты жастардың бар екендігі ашыла, айқындала түседі. Бұл комиссияда өткізілген әңгімелесу аудио, бейнетаспаларға жазылады. Міне, жоғарыда айтылған бес мың үміткердің ішінен 450 адамды осылайша таңдап, іріктеп алу жұмыстары жүргізілуде. Мұның қорытындысы Жоғары Сот Кеңесінің отырысында баяндалады, түпкілікті шешім осында қабылданады.
Жыл аяғына дейін аталған 450 судья қызметіне кірісетін болса, сот жүйесінің жүктемесі әлдеқайда жеңілдейді деген сенім бар. Еуропа елдерінде әр жүз мың адамға шаққанда 30-40 судьядан келеді екен. Украинада – 22, Ресейде – 24, Қытайда – 14, ал Қазақстанда 13 судьядан келеді. Осы салыстырмалы көрсеткіштерді Бектас Бекназаров қабылдауында болған кезде Елбасының назарына ұсынды. Сөйтіп, ол халыққа қызмет ететін судьялар ісінің сапасы артуы үшін іргелі істерді жүзеге асыру қажеттігін нақты дәлелдермен алға тартады. Егер енді осы 450 заңгер судьялар қатарына қосылар болса, онда елімізде әр жүз мың адамға шаққанда 17 судьядан келеді деп күтілуде. Бұл, жоғарыда айтылғандай, Мемлекет басшысының адам құқын қорғау мен сақтаудағы алға қойып отырған талаптарын орындау жолындағы нақты қадам.
Әрине, судья өте сауатты болуы керек. Бірақ қазір сауаттылықпен ешкімді танғалдыра алмайсыз. Тіпті, кейбір үміткерлердің бір емес төрт-бес жоғары оқу орнын бітірген табақтай бірнеше дипломдары бар. Кандидаттық диссертациясы барлар да жүр ішінде. Ал бірақ ол адамның қаншалықты таза, адал екендігіне кепілдік бере аласыз ба? Олардың кейбірі аса білікті, сауатты болғандықтан, яғни небір қитұрқы жолдарды білгендіктен, сол білімін өзінің жағдайына бұрып пайдалануы да мүмкін ғой. Ондай адамдардың бар екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Расында мемлекет барын салып оқытып, бар білімді бойына жинақтап берген ол адамда негізі тазалық, адалдық, әділдік, адамгершілік секілді асыл қасиеттер қалыптаспаған болса, онда сол жиған шеберлігін тек өз мүддесін көздеуге ғана арнауы да мүмкін. Ондай адамнан халыққа, мемлекетке қандай пайда бар?
Ал егер осындай адамның ақыл-парасатын адалдық, әділдік, адамгершілік құрайтын болса, ол қиянатқа қарсы тұрып, мені қорғайтын заң бар, мемлекет бар, мені судьялыққа тағайындаған Елбасы бар деп, ешкімнен қаймықпай, әрқашанда әділдік туын жоғары ұстаса, онда елдік үнді естірткен елдің еріне айналады ғой. Президенттің де айтатыны осы. Бірақ бұл, шыны керек, қазіргі кейбір судьяның қолынан келмейді. Олар жалтақтайды. Жоғарыдағылар не айтады деп бұғады, мықтылар жақ қандай қысым жасайды, ішкенімді, жегенімді желкемнен шығаруы да мүмкін деп көлеңкесінен қорқады. Мұндайлар және бірен-саран да емес. Міне, осы орайда адал судья болатын жанды анықтауға психологиялық тестілеу көмекке келеді дейді Б. Бекназаров. Психологиялық тестілеу кезінде адамның бойынан өтірік айту немесе шындықты айта алу қасиеттері айқын аңғарылады екен. Адам батыл ма, жоқ па деген сұрақтарға да жауап алуға болады. Бұл психологиялық тестілеудің болашақ судьяларға арналған жаңа нұсқасы қазіргі күні дайындық үстінде. Егер ол жақын арада нәтижелі қолданылар болса, онда расында, әділетті билер саны көбейері сөзсіз.
Судьялардың қарайтын сот істеріне Жоғары Сот Кеңесі бақылау жасамайды. Ал бірақ сол істі қарау кезінде судья қателік жіберсе, онда оның қызметінен кету, кетпеу мәселесін Жоғары Сот Кеңесі шешеді. Б. Бекназаров осы қызметке тағайындалғалы бері екі үлкен кеңес өткізді. Өткен жылғы желтоқсан айындағы кеңесте алты судья мәселесі қаралды. Алтауы да қызметтен босатылды. Жеті адам өз еркімен кетті. Бұдан кейінгі өткен кеңесте тағы жеті судьяны тәртіп бұзғаны үшін қызметінен босату туралы Елбасы алдына ұсыныс қойылды. Әрине, мұның ішінде судьяларды қылмыстық жауапқа тарту тек Жоғары Сот Кеңесінің келісімі арқылы беріледі. Бас прокурордың ұсынысы Жоғары Сот Кеңесінде қаралады, егер келісім берілсе, онда, судьяның үстінен қылмыстық іс те қозғалады.
Жасөспірімдер сотының арқасында өмірінде жастықпен білмей қылмыс жасағандарды түрмеге отырғызу азайды. 2011 жылы Бектас Бекназаров осы жүйені енгізуге мұрындық болды. Ол қосымша 40 судьялық штат сұраған. Сол кезде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов болатын. Сонда Жоғарғы Соттың Төрағасы Бектас Бекназаров Премьер-Министрге келіп, бір процеске қатысуын, сөйтіп, істі өз көзімен көріп, жағдайды тұла бойымен сезінуін өтінеді. Процесті тыңдап, соттың ерекшелігін көріңіз, дейді. Сонда Кәрім Қажымқанұлы қасына бірнеше министрді ертіп, Астанадағы сот процесіне қатысады. Сотта адам тонаған екі жас баланың қылмыстық ісі қаралады. Осы процестен кейін Кәрім Мәсімов: «Бектас Әбдіханұлы, мұндай сот үшін ешқандай қаржы тапшы емес», деген екен. Сөйтіп,Үкіметтің қолдауы арқасында Елбасының Жарлығымен бұл жүйе бүкіл республика бойынша енгізілген. Б. Бекназаров осылайша жасөспірімдер сотын қалыптастырған.
Қазіргі таңда судьяларға жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған. Олардың отыратын ғимараттары ең соңғы үлгімен, заманауи техникалармен жабдықталған, әсем безендірілген, әдемі әрленген. Судьялар жан-жақты қорғалған және ешкімге тәуелді емес. Демек, судьяда өзгелерден қаймығатындай еш себеп жоқ. Бірақ әр судья өзінің ар-ұятының алдында қорқуы керек. Ұяттан, қоғамдық пікірден қорқуы қажет. Парамен ұсталып, сотталып, түрмеден аман-есен шығып жатқан судьялар да бар. Басқа жұмысқа орналасып, түк болмағандай бұрынғы күйін жалғастырып жатқаны да баршылық. Тіпті, жазасын өтеп шыққан соң бизнеспен айналысып, судья болып қаншама уақытымды босқа өткізгенмін деп өкініш білдіргендері де бар көрінеді.
«Елге бай құт емес, би құт» деген қанатты сөз бар халқымызда. Елбасы Бектас Бекназаровты Жоғары Сот Кеңесі төрағалығына тағайындағанда: «Сот кадрлары үшін сен жауаптысың!» деп үлкен сенім артқан. Демек, Елбасының алдындағы осы жауапкершілікті ақтау үшін не істеу керек? Кейде қарапайым бір істі тексерген бастапқы қудалау органдары қандай қаулы шығарып әкеледі, судьялар да көбіне солардың дерек-дәлелдеріне сүйеніп, үкім шығарады. Сондықтан да болар, біздің елде ақтау деңгейі өте төмен. Ал дамыған елдерде ақтау үкімінің деңгейі 30 пайызға жетеді. Ендеше, судьялар істің ақ-қарасын алғашқы тергеу органдарының дәлелдеріне ғана сүйеніп шығара салмай, өзінің заңгерлік білімі мен судьялық қасиетіне сүйенгені дұрыс. Міне, Бектас Бекназаров болашақ судьялардың осы талап деңгейінен көрінуі үшін барын салып қызмет етуде.
«Менің мақсатым – Елбасының сенімін ақтау. Жоғары Сот Кеңесі таңдаған судья әділ шешім шығарып отырса, мен үшін содан артық құрмет жоқ. Ал судьяның әділетті шешім шығарғанына ештеңе жетпейді! Мен өзім кезінде қаншама ауыр істерді қарадым. Бірнеше адамға өте ауыр үкімдер де шығардым, бірде-біреуі өзгерген жоқ, бәрі күшінде қалды. Үкімдер заңға сай дұрыс болды. Мен үшін Судья – қызметтің төресі. Сондықтан әрбір судья басындағы бағын бағалай да, қастерлей де, сыйлай да білуге тиіс. Судья деген құрметті атақты абыроймен алып жүру – үлкен ерлік. Өйткені, Елбасы қадап айтқандай, билік айту – оңай, біліп айту – қиын», дейді Б.Бекназаров.
– Қиындығы да мол, жауапкершілігі де жоғары, ерекше парасаттылықты талап ететін осындай күрделі қызметті абыроймен атқарып, ел құрметінде жүрген судьялар республикамызда жеткілікті. Сондықтан сот жүйесі әрқашанда қазақстандықтардың сенімінде бола алады, – дейді Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Бектас Бекназаров.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».