Экономика • 09 Қыркүйек, 2022

Агронесие көлемі артып келеді

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық банктердің агроөнеркәсіп кешеніне берген несиелерінің көлемі 16,4 пайызға өскен. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің дәл осы салаға бағытталған шығындары да 11,2 пайызға артыпты. Бұл туралы Finprom.kz хабарлады.

Агронесие көлемі артып келеді

Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің ауыл, су, орман және балық шаруашылығына, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, қоршаған ортаны қорғауға және жануарлар дүниесін дамытуға жұмсалған шығындары 305,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 11,2 пайызға жоғары.

2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда сала бойынша мемлекеттік бюджет шығындары 7,4 пайызға өсіп, 717,9 млрд теңгені құраған еді. Мемлекеттік бюджет шығындарының жалпы көлемінде агроөнеркәсіп кешенінің үлесі – 3,1-4,4 пайыз аралығында.

Банктік несиелендіруге келетін болсақ, мұнда биыл қаңтар-маусым айларында ауыл, орман және балық шаруашылығына бағытталған несиелердің көлемі 156,7 млрд теңгені құрған. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,4 пайызға көп.

Жалпы, былтырғы қаңтар-желтоқсанда секторды несие­лен­діруге бағытталған несие көлемі 279,3 млрд теңгеге жетті. Бұл бұдан бір жыл бұрынғы деңгейден 65,1 пайызға артық.

«Осы жылдың бірінші жартыжылдығында тиісті кезеңдерде Қазақстандағы несиелердің жалпы көлеміндегі ауыл шаруашылығы несиелерінің үлесі 1,5 пайызды, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда 1,3 пайызды құрады», делінген Finprom.kz хабарламасында.

Өңірлер бойынша осы жылдың алты айында агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған несиелердің ең көп көлемі Алматы қаласында берілген: 72,7 млрд теңге. Көрсеткіш 2021 жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда 60 пайызға жоғары. Үздік үштікте Қостанай (19,7 млрд теңге, 9,3 пайызға азайған) және Солтүстік Қазақстан (13,4 млрд теңге, 2,6 пайызға көбейген) облыстары бар.

Еске сала кетейік, Қазақстанның ауылдық елді мекендері мен шағын қалаларының тұрғындары ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін шағын несие ала алады. Бұл үшін 40 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты қарастырылған. Қаржы агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды микрокредиттеуге бағытталады. Несиелендіру операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ. Бюджеттік несиелердің мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылау Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелген.