15 Мамыр, 2014

Жаңа жүйе қағидалары офтальмологиялық қызметте қалай жүзеге асуда?

315 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
_MG_4776Баршаға аян, елімізде 2010 жылдың 1 қаңтарынан денсаулық сақтау саласында Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) енгізілді. Онда әрбір қазақстандыққа тұрған жерінде тәуелсіз емдеу орнын және емдеуші дәрігерді таңдау құқығы берілген. Яғни, емделушіге жоғары сапалы дәрігерлік көмек, ем алуына мүмкіндік туды. Міне, осы жүйе офтальмология саласында қалай жүзеге асырылуда? Осы ретте «Құрмет Белгісі» орденді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынкүл БОТАБЕКОВАҒА жолығып, сұхбаттасқан едік. – Бүгінгі таңда халықтың денсаулық көрсеткіштері, оның ішінде орташа өмір сүру ұзақтығы, ауру деңгейі, т.б. өлшемдер әр елдің өркениеттілігі деңгейін көрсететін фактордың бірі. 2010 жылдан Қазақстанда енгізілген БҰДСЖ-медицина қызметінің сапасына, дәрігердің кәсібилігіне, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігіне мүлде жаңа көзқарас әкелді. Онда мына қағидалар негізге алын­ған: науқастың медицина ұйы­мын және дәрігерді еркін таң­дауы; медициналық қызмет көр­сетуде бәсекелестік ортаны қа­лыптастыру; көрсетілетін меди­циналық көмектің ашықтығы; денсаулық сақтау жүйесінің қорытынды нәтижеге бағыты. Яғни, таңдалған бұл жүйе – дер кезінде қолжетімді және ең бас­тысы, кәсіби медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Елбасының биыл­ғы Жолдауында бастапқы медико-санитарлық көмек ұйым­дарының (БМСК) дамуына назар аудару қажеттігі баса айтылды. Ол дегеніміз не? Яғни, сырқаттанған жағдайда бірінші кезекте кімге қараламыз? Әрине, алдымен денсаулық сақтаудың амбулаторлық ұйымдары: емхана, диагностикалық орталықтар, т.б. барамыз. Бүгінгі таңда осы медициналық қызмет буынын жетілдіру мен дамуына барлық жағдай жасалуы тиіс. Мәселен, еліміздегі офтальмологиялық көмекке келейік. ҚазКАҒЗИ – республикадағы барлық офталь­мологиялық қызметтің үйлестірушісі болып табылады. Бүгінде аталмыш бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Емханалық офтальмологтарға елдегі азаматтардың 90 пайызы қаралады. Мамандардың кәсібилігі, ерте диагностика және сырқаттың анықталуы, түрлі көз ауруларының дұрыс және дер кезінде емделуі, олардың көруге деген болжамы және нәтижесі, толық және сапалы өмірінің мәніне байланысты. Мәселен, білінбей жүріп қайтымсыз соқырлыққа апарып соғатын аурудың бірі - глаукома. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2011 жылдың сәуірінен республиканың 12 аймағында заманауи құралдармен жабдықталған арнайы глаукома кабинеттері ашылды. Осы ретте Үкіметтің қолдауымен және емханалық офтальмологтардың күшімен глау­комамен ауыратын 15 мыңнан астам адамның диагнозы дер кезінде анықталды. Бұл дегеніңіз, осыншама адамның жанарын сақ­тап қалып, зағиптықта өмір сүрмеуіне мүмкіншілік тудырды деген сөз. Яғни, науқас адамның жа­зылу немесе көру қабілетін сақтау мүмкіндігі, сауықтыру шараларын өткізу офтальмолог маман дәрігеріне тәуелді болып келеді. – Тұрсынкүл Көпжасар­қы­зы, елімізде осы саладағы маман­дар мәселесі, олардың біліктілігі қаншалықты шешілген? – Медициналық жәрдемнің ең басым бөлігі бастапқы медико-санитарлық көмек деңгейінде көрсетілетін болғандықтан, ол жерде ерекше дайындалған мамандар жұмыс істеуі керек. Себебі, ҒЗИ-де көрсетілетін жоғары ма­мандандырылған медициналық көмектен кейін, науқастың әрі қарай ем-домын жалғастыру, оңалту кезеңдерін жүргізу емхана дәрігерлеріне тиесілі. Бірақ, қазіргі уақытта науқастар мүмкіндігі келсе ота жасаған дәрігерге көрінгілері келеді. Меніңше, медициналық көмектің әр деңгейіндегі дәрігерлердің нақты міндеттері, яғни алгоритм болуы тиіс. Әрине, ол үшін БМСК дәрігерлерінің кәсіби білімділігі жоғары болғаны қажет, себебі, тұйықталған шеңбер бойынша науқас қайтадан емхана офтальмологына айналып келеді. Біздің ғылыми-зерттеу институты осы мақсатты жүзеге асыруда офтальмолог-дәрігерлердің біліктілігін арттыруда циклдар, шеберлік-сыныптарын, оқыту семинарларын, теледәрістер мен телекеңестерді тұрақты өткізіп, өз үлестерін қосуда. Елімізде 1000-нан астам офтальмолог маман болса, олардың 200-ден астамы жыл сайын институт базасында кәсіби біліктерін арттырады. Сонымен қатар, ҒЗИ-дің жоғары мамандандырылған дәрігерлері ел аймақтарына барып, шеберлік-сыныптарын өткізіп, жаңа технологияларды енгізуде. Жетекші мамандар аурухана, емхана дәрігерлері үшін әдістемелік нұсқаулықтар мен ұсыныстар, көз ауруларының түрлері бойынша ақпараттық парақтар дайындайды. БҰДСЖ республикалық орта­­лықтарды есептемегенде ең соң­ғы үлгідегі заманауи техно­логия­лар­дың облыстық транс­фер­тіне мүм­кіндік беріп тұр. Мәселен, ҒЗИ үздік қызметкерлері шетел клиникала­рына барып, жаңа технологиялар­­ды үйреніп, үлкен тәжірибе жинақ­­тап, әрі қарай еліміздің аймақта­рын­да қызмет істейтін жергілікті дәрігерлерді де оқытуда. Осыдан 7-8 жыл бұрын, жиі кездесетін көзге ақ түскенде ультрадыбыс арқылы алып тастайтын – катарактаның факоэмульсификациясы деп аталатын ота Қазақстанда алғаш тек біздің институтта жасалды. Бұл технология, отадан кейінгі кезеңді едәуір қысқартып, көру қабілетінің тез қалпына келуін, науқастың қалыпты өмірге тез бейімделуіне мүмкіндік береді. Соңғы жылдары білікті хирургтердің күші­мен аталмыш ота еліміздің әр об­лысында енгізіліп, жоғары маман­дандырылған медициналық көмек қарапайым халыққа жақындады. БҰДЖ-нің тағы да бір жаңа­лығы – бұрын стационардағы науқастар 3 аптаға дейін емделсе, жаңа технологияларды қолданудың нәтижесінде 3-5 күнде айығып шығады. Ал, науқастардың 30 пайызы күндізгі стационарда емделеді. Демек, науқас ауруханада жатпай, ем-домын алған соң үйіне қайтуына болады. Екіншіден, дифференциалды еңбекақы, яғни, жаңа технологияны меңгерген маманның жалақысы көбейді. Бүгінде институтта әлемдегі ең озық технологиялардың бәрі енгізілген. Әрине, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, мүмкіндік болса сырқаттың алдын алу, ерте анықтау шараларын өткізсе, көруге деген болжамы қолайлырақ болады.  Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».