Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2022

Әулиекөл ауданындағы ірі орман өрті ауыздықталды

385 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әулиекөл ауданындағы ірі орман өрті ауыздықталды, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әулиекөл ауданындағы ірі орман өрті ауыздықталды

«2022 жылғы 10 қыркүйекте сағат 10:00-де Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы орман өрті сөндірілді. Бұған дейін 7 қыркүйек күні сағат 15:00-де локализация жарияланған болатын», делінген баспасөз қызметінде.

Өрт 2 қыркүйек күні сағат 15:10-да Әулиекөл ауданына қарасты Басаман және Семиозерный орман шаруашылығы бөлімдерінің аумақтарында басталған.

«Өрт басталғаннан бері жалпы аумақ 43 мың гектарды құрайды. Өрт екі елді мекендегі 91 үйді шарпыды.

Өрт кезінде 12 адам дене жарақатын алған, күйік шалған, жеңіл және орташа дәрежеде уланған. Зардап шеккен 3 адам Әулиекөл аудандық ауруханасында жатыр», деп хабарлады ТЖД.

Жедел штаб жұмысы бастағалы Төтенше жағдайлар министрлігінің сенім телефонына 38 қоңырау түскен. 87 азаматқа кеңестік-психологиялық көмек көрсетілді, 45 балаға топтық психологиялық жұмыстар жүргізілді. Әуе кемелерімен өрт сөндіруге барлығы 327 су төгу жұмыстары жүргізілді.

Өртті сөндіруге қатысқан күштер мен құралдардың жалпы топтамасы 207 бірлік техника мен 1785 адамды құрады. Басаман және Семиозерный орман шаруашылығы бөлімшелерінің орман шаруашылығының 73 адамнан және 21 техникадан тұратын күштері мен құралдары орнында қалды. Жедел штаб өз жұмысын аяқтады.