Науқас адамның ақ халатты жанның алдына барған кездегі көңіл күйі белгілі ғой. Тамырын ұстап отырған дәрігер білікті, тәжірибелі, сауатты болса, сырқатымды дәл тапса екен деп ойлайды. Негізі, науқас адам дәрігердің айтқанына имандай сенеді. Содан болар, жылы сөз дәметеді. Дәрігердің «Қорқатындай дәнеңе жоқ, біраз ем алып, өзіңізге күтім жасасаңыз, дертіңізден құлан-таза айығып кетесіз» деген жылы сөзінің өзі жарты ем. Сондықтан науқастар үшiн ең қажеттiсi – дәрiгердiң сауаттылығы, адалдығы, мейірбандығы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында дәрігерлер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеді. Онда денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық ретінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту керек екені айтылған. Халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету ол дәрігерлердің білімі мен біліктілігіне байланысты. Бүгінгі күні медицина көптеген керемет жетістіктерге жетті. Дегенмен, қазіргі кездің өзінде де білгенімізден білмейтініміз көп қолымыздан келіп, қанша тырысып, соған жеткіміз келсе де, көбінесе ауру адамға толыққанды көмек көрсете алмай жатамыз. Аурудың түрлері мен оларды емдеу жолдары туралы біліміміздің жетіспейтіндігін мойындау – өзіңді кінәлау үшін емес, ол өзіңді өзің тәрбиелеудегі, біліміңді жетілдірудегі басты қағида болуы қажет. Дәрігердің білім деңгейі мен жинаған тәжірибесі өз алдына бір бөлек. Дәрігердің өмірі – бұл ешқашан бітпейтін университет.
Бүгінде Жамбыл облысында «Рахмет сізге, дәрігер!» акциясы ұйымдастырылып, барлық емдеу, алдын алу мекемелерінде аурудың алдын-алу, сырқат белгілерін ерте анықтау мақсатында скринингтік бағдарлама өткізілуде. Аталмыш бағдарлама бойынша 420 мың ересек және 340 мыңнан аса балалар қамтылды. Қанайналымы жүйесі аурулары бойынша тексерілгендер арасынан 7,2 пайыз адамның науқас екені анықталса, қант диабетінің алғашқы белгілері 375-тен аса адамдарда байқалды. Өмірінде алғаш рет глаукома, ісік және ішек аурулары әйелдердің жыныстық органдарының ісік аурулары 2839 адамнан анықталды.
Скрининг – балалар мен ересектердің профилактикалық тексерулерін, қан айналымы жүйелерінің ауруларын, жатыр мойнының, сүт бездері обырын бастапқы кезеңінде айқындауды және олардың даму факторларын қамтиды. Мұндай зерттеулер жүрек-қан тамыр ауруларын, қант диабетін, глаукоманы және оның қауіпті факторларын, сондай-ақ гепатит пен инсульт, инфаркт, цирроз, бауыр обырын асқындырмай анықтауға мүмкіндік береді. Айта кетерлік жайт, бүгінгі таңда медицина саласында 2 742 дәрігер және 9 735 орта буын медицина қызметкерлері еңбек етуде. Олардың әрқайсысының тұрғындар денсаулығын арттыруға қосып отырған өз үлестері бары сөзсіз.
Дүйсенкүл КЕРІМБАЕВА,
Тараз қалалық №6 емханасының
бас дәрігері.
Жамбыл облысы.