Экономика • 11 Қыркүйек, 2022

Кен орындарына – кең тыныс

332 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан тура бір жыл бұ­рын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­тысуымен Маңғыстау об­­лысының әлеуметтік-эко­­но­микалық дамуы жө­нін­дегі кеңес өткен болатын.

Кен орындарына – кең тыныс

Сол жолы Президент «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­п­аниясына мұнай кен орын­дарының бірте-бірте тозуына, 2030 жылға қарай өндірілетін мұнайдың азаюына байланыс­ты өңірде геологиялық-барлау жұмыстарының жеке жоспарын әзірлеуді тапсырған-ды. Осы тапсырма аясында Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жоспарының тұжырымдамасы дайындалды.

Өткен жұма күні «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас директоры Бақытжан Хасанов, мұнай-газ саласының ардагерлері, геологтер, қоғам қайраткерлері және Жаңаөзен қаласының депутаттары аталған тұжырымдаманы талқылады.

Соған сәйкес оңалту шара­лары­­ның нәтижесінде кен орын­дарындағы мұнай өндіру деңгейі бірнеше жыл аралығында кезең-кезеңі­мен 6-6,5 млн тоннаға дейін же­туге тиіс. Жоспарланған істер осы көрсеткішті алдағы 10 жы­л бойы сақтап тұруға мүмкін­дік береді. 

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің пайымынша, әзірленіп жатқан жоспар Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге де елеулі үлес қосады.

– Бүгінде «Өзенмұнайгаз» мұнай өндіру көрсеткіштерін толық орындай алмай отыр. Техникалық және геологиялық мәселелерге байланысты мұнай өн­діру көлемін бірқалыпты дең­гейде ұстап тұру қиынға соғуда. Жыл сайынғы күрделі салым­дардың деңгейіне қарамас­тан, «Өзенмұнайгазға» қарасты кен орындарында мұнай өндіру көлемі азайып барады. Соның салдарынан компанияның кірісі төмендеп, қазіргі қызметкерлер са­нын сақтап қалу мен оларға еңбекақы төлеуде түйткіл туын­дайды. Болжам бойынша компания 2024 жылы табыс тиім­ділі­гінің шегіне жетеді, – деді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы.

Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапары барысында Маңғыстау облысының кәсіподақ ұйымдары басшыларымен де кездесті. Кездесу барысында еңбек ұжымдарын жиі толғандыратын мәселелер көтерілді. Олардың қатарында еңбекақы және кеніштерде электр энергиясының жиі өшірілуі бар.

«ҚазМұнайГаз» басшысы Жаңаөзен қаласын дамытуға бағытталған компания жобаларына бөлек тоқталды. Алдағы уақытта бұл қалада «Астрахань-Маңғыстау» магистралды су құбырын реконструкциялау және кеңейту, Кендірліде су тұщыту зауытын және Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу жобалары жүзеге асырылмақшы.

Сонымен қатар Жаңаөзен қала­сына әлеуметтік қолдау көр­сету аясында компания екі спорт кешенінің құрылысын аяқ­т­ауға таяу. Оқушылар сарайы­ның құрылысы басталды. Бұған қоса, қалада 16 спорт алаңын салу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ ұлттық компания «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша Жаңаөзеннің еліміздің үздік колледждері мен мектеп-интернаттарына оқуға қабылданған дарынды балаларына оқу мен баспана ақысын төлейді.