Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2022

Бірлескеннің бәсі биік

249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшелері Шарбақты ауданында болып, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Мұнда ұйымның Павлодар облысындағы филиалы саяси кеңесінің көшпелі отырысы ұйымдастырылып, жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған ауылдық аймақтарды дамытуға қатысты тапсырмалары талқыланды.

Бірлескеннің бәсі биік

Партия төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков ұйымның жергілікті мүшелерімен бірге әуелі Галкин ауылдық округін­де аялдап, халықтың мәселе­л­ері­не құлақ түрді. Былтырғы ауыл әкім­дері сайлауында «Ауыл» партиясы атынан қатысып, жеңіске жеткен округ әкімі Дәурен Нұрсейітов атап өткендей, елді мекен­ді жаң­ғыр­ту жұмыстары қолға алынған. Жер­гілікті мәдениет үйі, мектеп күрделі жөнделіп, ауылдың дәл ортасынан дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Орта мектепте 117 оқушы бар.

Ауыл тұрғындары тұрмыс­тары­ның жаман емес екенін жеткізді. Мал өсіріп, соның өнімінен түскен табыспен күнелтеді. Ауылдың жас тұрғыны Манат Тайтұяқ ала жаздай сүттің мол сауылатынын, алайда оны қабылдайтын орын жоқ екенін айтты. Жергілікті жерде арнайы салқындатқыш бекет немесе жылжымалы цистерналар болса ауыл адамдары ағарғандарын соған тапсырар еді. Күніне Галкинде шамамен 2 тоннадай сүт сауылады. Ауыл әйелдері одан құрт-қаймақ, сары май жасап, қалаға апарып сатады екен.

Мұнда жайылымдық жерлерге қатысты мәселе жоқ. Ауылдық округке 131 мың гектар жер тиесі­лі болса, соның 76 мыңы – жайы­лым­дық жер. Соңғы жылдары пай­да­ланылмай жатқан аумақтар қайтарылып жатыр.

«Төртінші деңгейлі бюджетке тәуелді Галкин сияқты ауылдарға түсетін қаражат өте аз. Салықтың санаулы ғана түрінен түсім ары кетсе 2-3 млн теңгеден аспайды. Бұл механизмді өзгерту керек. Қазақстан бойынша ауылдар шамамен 100 млн гектар жерді пайдаланып отыр. Олардан жиналатын салық көлемі 5 млрд теңгедей.  Ал елімізде 2200 ауылдық округ бар. 5 млрд теңгені округтер санына бөлсек, небәрі 2 млн 300 мың теңгеден ғана келеді екен. Бұл азғантай ақшаға не істеуге болады? Шағын ғана футбол алаңын салуға кемінде 6 млн теңге қаражат қажет. Сондықтан осы бір қаржыландыру жүйесін жетілдіруге күш салатын боламыз», деп атап өтті Төлеутай Рақымбеков.

Арбаиген ауылында өткен саяси кеңес отырысында Президенттің биылғы Жолдауындағы ауылдарды өркендетуге қатысты тапсырмалары түсіндіріліп, оларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Партия төрағасының бірінші орынбасары былтырғы ауыл әкімдерін сайлау жүйесі өте сәтті бастама болғанын, нәтижесінде «Ауыл» партиясынан ұсынылып, сайланған ауыл әкімдерінің саны өзге саяси ұйымдардан басым түскенін атап өтті. Бүгінде халықтың 41 пайызы ауылдарда тұрады. Жолдаудағы бала капиталын дамыту, көпбалалы отбасыларды қолдау, елді мекендерде 650 медициналық пункт салу, балабақшалар мен мектеп­тер тұрғызу секілді әлеуметтік бас­тамалар тікелей ауыл жұртының өмір сапасын көтеруге әсер етпек. Мемлекет басшысы Үкіметке жаңадан бюджет, салық және қала құрылысы туралы кодекстерді әзірлеуге тапсырма берді. Бұл құ­жат­тар аталған салаларда қор­да­ланып қалған мәселелерді шеше­тініне сенім мол.

«Ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесіне өзгерістер қажет. Қаражатты жанар-жағармай немесе тыңайтқыштың құнын субсидия­лау үшін емес, өнімді өндіргені, өң­дегені, сыртқа эскпорттағаны үшін тікелей өндірушілердің қолы­на ұс­татқан дұрыс. Бүгінде агро­өнер­кәсіп кешеніндегі шаруа­шылық­тар­да қаражат жетіспейді. Осы мәсе­ле­ні шешсек, шаруашылық құры­­лым­да­ры­на жыл сайын жал­пы құны 1 трлн тең­генің демеу­қар­жысы тиер еді. Бұған қоса біз ұсақ шаруа­шы­лықтар­дың бірі­гіп, кооператив­тер құрғанын қалай­м­ыз. Бүгінде еліміз­де мұндай құ­ры­лым­дар көбейіп, шаруалар бірлесе дамудың игілігін сезіне бас­тады. Соның бір жарқын мысалы – Павлодар облысындағы «Ертіс Агро» коо­перативі. Мұндай ұжымдасу қо­жа­лықтарға жанар-жағармай, ты­ңайт­қыш сатып алғанда арзанға түседі әрі шағын шаруашылықтар үшін арман болған заманауи техникаларды тізгіндеуге мүмкіндік береді.

Пандемия азық-түлік өндірісі­нің маңызы аса жоғары екенін бар­шамызға ұғындырды. Биыл көк­темде бидайдың тоннасы 180 мың теңгеге шарықтап шыға келгенін де көрдік. Осындай жағдайлар агрокешеннің болашағы зор әрі оған ақшаны ойланбастан салуға болатынын көрсетіп отыр», деді Төлеутай Сатайұлы.

Саяси кеңесте партиядан ұсы­нылып, сайланған ауыл әкім­дері, атап айтқанда, жоғарыда атал­ған Галкин округінің әкімі Дәу­рен Нұрсейітов және Аққулы ауда­нын­дағы Қызылағаш ауылдық округі­нің әкімі Дастан Бейсенбаев өз аумақ­тарында өміршең етілген шаруа­­лардың есебін берді. Сон­дай-ақ шешімін күтіп тұрған мәселе­лері­мен бөлісті. Мысалы, Арбаиген ауылының кіреберіс жолын жөндеу, Қызылағаштағы Бесқарағай ауылына мәдениет үйі мен бау-бақшаға арналған су жүйесі қажет.

 

Павлодар облысы,

Шарбақты ауданы