«Сіз кімнің клиентісіз деген мәселе маңызды емес. QR бар – кез келген банк бір-бірін оқи алуға тиіс. Ондай жағдайда он шақты POS-терминал ұстап, әр терминалды жеке-жеке пайдаланып жатудың қажеті болмай қалады. Бизнестің қолында бір ғана терминал болады және бұл бүкіл банкпен жұмыс істейтін болады. Біз осыған талпынуымыз керек. Биыл барлық банк өз жүйесін жетілдіреді және әрбір азаматта кез келген QR терминалы арқылы төлемдерді қабылдау, төлеу мүмкіндігі болады деп сенемін», деді халықаралық форумда Ә.Жанасова.
Статистика бойынша осыдан үш жыл бұрын, яғни, 2019 жылы бөлшек саудадағы онлайн-сауда үлесі 3,7 пайыз болса, қазір ол 9,6 пайызға жеткен. Бұл ретте тауар мен қызмет ақысын QR-код арқылы төлеу танымал трендке айналып жатыр.
«QR көмегімен төлем жасауда Kaspi Bank сөзсіз жетекші болып тұр. Алайда мемлекет бұл саланы өз қолына алып, бір жүйеге келтіруге бел буған көрінеді. Сатып алушылар тұрғысынан қарағанда бұл жүйе ыңғайлы. Өйткені кез келген банк қосымшасының көмегімен төлеу мүмкіндігі туады. Бірақ банктердің өзі үшін бұл аса қолайлы емес. Олар ортақ жүйені пайдаланғаны үшін пайыз төлейтін болады. Ал өз жүйелерінде тегін жұмыс істеуші еді. Kaspi минуста қалды. Ол осы технологияны ойлап тауып, енгізді. Енді бұл жүйе бәрі үшін ортақ етілмек. Яғни халыққа көмектесеміз деген желеумен Үкімет тағы да ақша табудың жолын қарастырмақ», деп жазады телеграмдағы marketanatomy каналы.
Бұған дейін Ұлттық банк әртүрлі банктердің клиенттері арасында жедел аударымдар мен төлемдер үшін жедел төлем жүйесінің жаңартылған платформасын енгізетінін хабарлаған еді. Аталған жүйе бүкіл банктің клиенттері үшін қолжетімді болады. Түрлі банктердің клиенттері арасындағы аударымдарды ұялы телефон нөмірі арқылы, ал төлемдерді QR код арқылы жүзеге асыруға болады.