Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2022

Жол – тіршіліктің күретамыры

571 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында автомобиль жолдарының құрылысына, оның ішінде жергілікті жерлердің сапасына айрықша мән берілді.

Жол – тіршіліктің күретамыры

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Президент Жолдауында: «Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың ке­мін­де 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім» деп атап көрсеткен. Мем­лекет басшысы айрықша мән бе­ріп отырған жол жайы күрделі тақырыпқа айналғалы қашан. Жұртшылық тарапынан жиі ай­ты­латын өкпе-наз да осы жолға бай­ланысты туындап жатады. Өңірде жал­пақ жұрт пайдаланатын автомобиль жолдарының ұзындығы 8 мың ша­қырымнан асады. Оның 3 мың шақы­рым­ға жуығы – республикалық маңызы бар жолдар, ал 5 600 шақырымы – облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың санатында. Көбіне осы жолдардың сапасыздығы, кейбір елді мекен­дердің арасындағы жолдың мүл­дем тозып біткендігі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мемлекет тара­пынан қыр­уар қаржы бөлінуде. Ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттен 60 млрд теңге қаражат қарас­ты­рылған. Таразы басына тартсаңыз, аз ақша емес екендігі көзге ұрып тұр. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана саралайық. Мәселен, 2021 жылы облысқа жолдарды жөндеуге 37 млрд теңге қаражат бөлінгенде, жол азабын тартып жүрген жұрт бұл тіпті түске енбейтін қомақты сома ғой деп таңдай қағысқан. Ал осы жылы қаржылық қолдау көлемі былтырғы деңгейден 1,8 есе асып түсті. Осыншама мол қара­жат­тың уақтылы игеріліп, кәдеге жаратылу жайы алаңдатады. Жылды еңсеріп, қыркүйек айының жартысына жетіп қалсақ та, бөлінген қаржының жартысына жуығы ғана игерілді. Жыл соңында асығыс салынған, қарбалас атқарылған жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтіндігі де белгілі.

– Жолдарды жөндеу үш сатыға бөлі­не­ді, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­ма­сының басшысы Владимир Кулаков, – күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары. Соның ішінде ең күрделісі – жол негізін салу. Бұл жұмыс асфальт жамылғы төсеуге қарағанда әлдеқайда мұқият­тылықты талап етеді. Әдетте маусым-шілде айларында жолдардың негі­зін дайындасақ, тамыз-қыркүйек ай­ла­рында ауқымды асфальт төсеуге жұмыламыз. Бұл жұмыс көп қаражатты, қыруар техника күшін қажет етеді. Биыл қазан айының соңына дейін мемлекеттен бөлінген қаражатты толық игереміз.

Өңірде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу Нұр-Сұлтан қаласына іргелес қоныстанған елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да­мы­тудың кешенді жоспарына кіретін бірнеше бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаға Аршалы, Шортанды және Целиноград аудандары еніп отыр. Сондай-ақ Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту, «Ауыл – ел бесігі», «Өңірлерді дамыту», «Мо­но­­қалаларды дамыту» мемлекеттік бағ­дар­ламалары аясында жаңа жолдарды салу жобалары іске асырылуда. Бұл арада жол құрылысы өте қымбатқа түсе­тін­дік­тен, сапаға мейлінше назар аудару қажет екендігі айтпаса да түсі­нікті. Бұл мәселеге ел Президенті де назар аударып отыр. Жолдауда да қадап айтылды. Жол сапасы бес сатылы бақылау арқылы тексеріледі. Таратып айтқанда, тапсырыс беруші – техникалық қадағалау – ав­тор­лық қадағалау – мердігер ұйым­дардың зертханасы және жол актив­те­рі сапасының ұлттық орталығы. Міне, осынша сүзгіден өтіп, қадағалау кү­шей­тілген сайын мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржының дұрыс иге­рілуіне бақылау барынша күшейтіліп отыр. Ендігі арада кемшілікке жол беріл­мей­ді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы шарт жасасқаннан кейін арнайы кесте түзіліп, салынып жатқан жолдардың сапасын ұдайы тексерістен өткізеді. Жа­мылғы материалдардың қалыңдығын тексереді.

Биыл облыс жолшылары жалпы ұзын­дығы 1 мың шақырым жолды жөн­деу­ден өткізуді межелеп отыр. Бұл арада асфальт жамылғы төсеу ғана емес, қиыршық тас төсеу арқылы жөн­деу де көзделген. Жөндеу барысында көк­темгі қызыл су жүрген кезде су өткі­зе­тін құбырлар да жөнделмек. Бұл өте маңызды. Көктемгі су тасқыны кезінде жолдардың жиі бұзылуы да осындай құбырлардың болмауы немесе бітеліп қалуынан. Үш өңірде көпір салу міндеті тұр. Атбасар, Есіл аудандарындағы көпір жұмыс­тары өткен жылы басталған. Ал Бұланды ауданындағы көпір құрылысы биыл қолға алынып отыр.

– Келесі жылы осы нысандарды толық аяқтап, тапсырамыз, – дейді басқарма басшысы Владимир Кулаков, – ел көпір құрылысының аяқталуын тағатсыздана күтіп отыр. Қазір көпір болмағандықтан ондаған шақырым артық жол жүріп, бейнет шегуде. Олардың көңіл күйін жақсы түсінеміз, дегенмен көпір құрылысы өте күрделі жұмыс.

Әлемдегі геосаяси жағдайға бай­ла­ныс­ты кейбір құрылыс материал­да­рының күрт қымбаттап кетуі қолбайлау болуда. Мәселен, алдын ала жасалған меже бойынша арматураның бір тоннасы 150 мың теңге көлемінде деп есептелсе, қазіргі нарықтағы баға 450 мың теңгеге жеткен. Бір көпірдің құрылысы шамамен 500 млн теңгеге жүргізілуі керек болса, енді 900 млн теңге қажет.

– Сондықтан күн ілгері жасалған жо­ба­лық-сметалық құжаттаманы түзе­ту­ге мәжбүрміз, – дейді басқарма басшысы, – тағы да қосымша қыруар қаражат қажет болады. Ең бастысы, есіл уақыт текке кетеді де, аудан тұрғындары тарапынан өкпе-наз айтылады. Егер дәл осындай машақат болмаса, көпірлердің құрылысымен биыл аяқтап, пайдалануға берер едік.

Бүгінгі таңда облыстық және аудан­дық маңызы бар жолдардың 82 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағ­дайда. Демек 20 пайызы нашар немесе мүлде нашар деген ұғымды береді емес пе?! Жол қысқы сақылдаған сары аязда, көктемгі алапат су тасқынында бұзылады. Соның ішінде ауыл шаруашылығы техника­ла­рының, нақтырақ айтқанда, 40-60 мың тонна жүк артқан ауыр жүк көлік­те­рі­нің залалы туралы да айта кетсек, артықтығы болмас. Орташа деңгейде жөн­делген жөндеу жұмыстары мұндай зілбат­пан ауыр салмаққа әрине төтеп бере алмайды. Биыл жөндеген жолдың арада бір жыл өтпей, келесі жылы бұзылып жатуы да сондықтан. Әсіресе көктемгі және күзгі лайсаң кезде жол негізі ылғалдың әсерінен сәбидің еңбе­гін­дей былқылдап, босап тұрған кезде ауыр жүк машиналары талқандап тастай­тындығын көз көріп жүр. Бірақ басқарма тарапынан бұл мәселені шешуге тетік жоқ екен. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, сан мәрте облыстық прокуратураға, тіпті ұлттық қауіпсіздік коми­тетіне және министрлікке ауыр жүк көліктерінің қозғалысына мүмкіндігінше тыйым салып, баламалы жол мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жасаған екен.

– Бұл мәселе өте күрделі, – дейді бас­қарма басшысы, – кешегі кеңес за­манын­да салынған үшінші, төртінші және бесінші санаттағы жолдарымыз 60 тонналық ауыр жүк көліктеріне арнал­мағандығы белгілі. Жөндеу жұмыс­та­ры барысында 15 сантиметрлік негіз қаланып, оның үстіне 5-6 сантиметр қалың­дықтағы асфальт жамылғы төсей­міз. Бұл қалай шыдасын? Алдағы уа­қытта бір жайлы етіп шешпесек, са­лынған жолдар істен шыға беретін болады.

Бәлкім, мұндай мәселелердің туындауына асфальт-бетон зауыттарының да қосып отырған «үлесі» бар шығар. Жол құрылысына осы зауыттардың өнім­дері пайдаланылатындықтан, сапасына көңіл аудару қажет емес пе? Қазір облыс орталығында үш асфальт-бетон зауыты жұмыс істеп тұр. Ақкөл, Есіл қа­лалары мен Астраханка, Жалтыр ауыл­дарында да бірнеше зауыт бар. Нұр-Сұлтан қаласының маңында да ұсақ зауыттар топтасқан. Әрине, ауыр көлік­тердің ауыртпалығын жоққа шығар­ма­ға­нымызбен, осы зауыттардың шығарып жатқан отандық өнімінің сапасына да мейлінше назар аудару қажет.

– Тамыз айында битум жетіспеушілігі орын алды, – дейді басқарма басшысы, – бүгінде битумның бір тоннасы 260 мың теңгеге сатылуда. Ал біздің бұрынғы сметада 140-160 мың теңге көлемінде деп есептелген.

Тұрғындар шағымы негізінен Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Целиноград, Аршалы аудандарының тұр­ғын­дарынан түседі екен. Бұл аудандар­дағы елді мекендердің қатары күн­ санап өсіп келе жатқандығы белгілі. Мә­­се­лен, осыдан 10-15 жыл бұрын Це­ли­ноград ауданындағы Талапкер ауылында он мың тұрғын болса, бүгінде бес есе өскен. Демек жаңадан қаншама тұр­ғын үйлер салынып, көшелер тү­зілді. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, үлгеру қиын. 2015 жылы жолдың 10 шақырымын күрделі жөн­деу­ден өткізуге жоба жасалса, қазір ол көлемге 100 шақырымды қосу керек. Бұл маңда Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Ыбырай Алтынсарин, Жібек жолы ауылдары қарқынды өсіп келеді.

Бір жақсысы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге үлкен демеу болып тұр. Мысал келтіре кетелік, өткен жылдары Зеренді ауылының ішіндегі жолдар осы бағ­дарлама аясында күрделі жөндеуден өткізіліп, тәп-тәуір жақсарып қалды. Сондай-ақ Сандықтау ауданында да қыр­уар жұмыс атқарылды.

Тіршіліктің күретамыры біртіндеп жақсарып келеді. Тек мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаражаттың әр тиынын тиімді жұмсап, жол сапасын жақсартсақ болғаны. Сонда ғана белден асқанша белің үзілетін мың шұңқырлы жолдан арыламыз.

 

Ақмола облысы