Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2022

Ардагерлер ардақталды

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 77 жыл, кеңес-ауған соғысының аяқталғанына 33 жыл толды. Гитлерлік Германиямен болған соғыста қан кешкен жауынгерлер осы күні ғасыр ғұмырға таяса, ауған даласында майдандасқан сарбаздардың алды алпысты алқымдап, арты қырықтың қырқасына шығып отыр.

Ардагерлер ардақталды

Кеңес өкіметі құламай тұрғанда болған соғыстар туралы жұрттың пікірі әртүрлі. Алайда майданға аттан­ған жігіттер мен қыздардың ешқайсысы басқыншы болмағаны анық. Олар Отан алдындағы борыштарын үлкен тәуекелмен өтеді. Соғыста ауыр жарақат алып, өмірі­нің соңына дейін мүгедек болып ғұмыр ке­шіп жатқандардың қарасы аз емес.

Осы екі ардагерлер тобына құрмет көрсету мақсатында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы мен Social project management орталығы жыл бойы бірқатар жұ­мыс атқарды. «Азаматтық борыш» деп аталатын жобаның аясында қаладағы орталық зиратта жерлен­ген ардагерлердің қабірлерінің ай­на­лысына жөндеу жұмыстарын жүр­гізді. Мұнда ардагерлер жерленген зираттардың нақты саны белгісіз, олар шоғырлана көмілген үш орын бар.

Орталық өкілдері жылдағы дәс­түр бойынша «Мәңгілік алау» ма­ңына гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарының рухына тағзым етті. Ардагерлердің құрметіне концерт ұйымдастырылып, онда патриоттық әндер шырқалды.

Кеңес-ауған соғысына 22 мың­нан астам қазақстандық қатыс­са, оның екі мыңнан астамы қазір Ал­ма­тыда тұрып жатыр. Олар қала­да­ғы қоғамдық жұмыстар мен іс-шараларға ауық-ауық қатысып тұрады. Жоба аясында ауған соғысы ардагерлері оннан астам оқу орнын аралап, студенттерге өздерінің ақыл-кеңестерін, өсиеттерін айтты. Ол ардагерлердің арасында ауған соғысы мен өзге де әскери қақ­ты­ғыстардың ардагерлері мен мүгедектерін үлестіру кеңесінің, ауған соғысы ардагерлері ұйымы­ның мүшелері де болды. Сонымен қатар үстел теннисінен, қазақ күре­сінен, футболдан турнирлер өтіп, жеңім­паздарға бағалы сыйлықтар мен алғысхаттар ауған соғысы ардагерлерінің қолымен табыс етілді.

Жыл өткен сайын ұлы екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері бар­лық елде азайып келеді. Ал Алматыда небәрі жүз шақты ғана ардагер өмір сүріп жатыр. «Не­ме­неге жетістің, бала батыр, қа­рия­лар азайып бара жатыр», деп Мұ­қа­ғали ақын жырлағандай, енді біраз жылдан кейін олардың бәрі қатарымызда жүрмейтіні ақи­қат. Оларға көзі тірісінде көмек көр­сет­кен­ге не жетсін?! Осыны түсін­ген бір топ ерікті жас елуден астам ар­дагердің үйін аралап, олар­ға азық-түлік қоржындарын үлес­тірді. Кей­бірінің үйлеріне жөн­деу жұ­мыс­тарын жүргізді.

Елімізде ардагерлерге арналған жобалар жеткілікті. Бірақ бұл олар­дың кейінгі ұрпақ үшін жасаған ерліктерімен салыстырғанда мыс­қал­дай ғана нәрсе. Демек біздің олар үшін істер ісіміз риясыз, есепсіз болғаны абзал.

 

АЛМАТЫ