Министрлікке қарасты Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, былтыр қазақстандық зауыттар 183 млрд теңгеге 13 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын шығарған. Бұл тараптағы өндірістің жылдық өсімі 130 пайызды құрап, 2,3 есе артқан.
Сонымен қатар биыл ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасын іске асыруға 40 млрд теңге бөлінді. Оның 30 млрд теңгесі «Жасыл даму» АҚ қаражатынан және 10 млрд теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның капитал нарығынан тартылды. Бұдан бөлек, Өнеркәсіпті дамыту қоры тракторлар мен комбайндарды лизингтік қаржыландыру үшін 7 млрд теңге қаражат бөлмек.
– Елімізде ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту — басымдыққа ие мемлекеттік міндеттің бірі. Осы ретте отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жасауды қолдау мақсатында Ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамытудың ұлттық орталығы құрылатын болады. Қазіргі күнде бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Себебі елімізде аграрлық секторда ресурстар жеткілікті және бұл өнімдерді тұтынушылар саны басым, – деп атап өтті комитет төрағасы.
Жиында мамандар саладағы бірқатар түйткілді мәселені ортаға салып, оңтайлы шешу жолдарын қарастырды. Жиын барысында көтерілген сауалдар мен ұсыныстар бойынша арнайы талдау жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске асырған бір ай ішінде «ҚазАгроҚаржыға» 43,6 млрд теңгеге 1 089 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға өтінім түскенін хабарлаған еді. Бұл ретте 16,6 млрд теңгеге 369 бірлік техника қаржыландырылған.
Жеңілдікпен кредит беру шарттары келесідей: лизинг мерзімі – 10 жылға дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6 пайыз, лизинг бойынша бастапқы жарна – 0 пайыз, негізгі қарызды қайтару бойынша жеңілдікті кезең – 1 жыл. Бір лизинг алушыға қаржыландыру сомасы 205 млн теңгеден және үш ауыл шаруашылығы техникасынан аспайды. Қаржыландыру екі жылдық кезең ішінде бір-ақ рет беріледі.
«Жеңілдетілген несие бағдарламасы 20 жылға есептелген және револьверлік сипатқа ие. Оны іске асыру үшін 40 млрд теңге бөлінген. Бұл сомаға Қазақстанда жасалған 1 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып отыр», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.