Пікір • 12 Қыркүйек, 2022

Ашық стратегия – игілікті қоғам

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы мемлекеттің стратегиялық даму жоспарларын халыққа ашық жариялауымен ғана емес, оның орындалу технологиясын мәлімдеудегі айқындығымен көрініс тапты. Қолға алынатын реформаның нақты бағыттары аталды.

Ашық стратегия – игілікті қоғам

Қазіргі күрделі жаһандық геосаяси өзгерістер мемлекетіміздің құрылымдық іргетасы саяси басқару саласын жаңғырту, экономикалық қайта құруды талап етуде. Бұл – жұрт­шылыққа ортақ мүдде. Халықтың жұдырықтай жұмылуына тәуелді. Өткен онжылдықтарда технологияны жетілдіру, білім мен ғылым, басқару салаларындағы кәсіби біліктілікті арттыру бағытындағы стратегиялық шаралар мәлімделді. Алайда «Осы шаралардың маңыздылығы мен мәнін халыққа ұғындыра алдық па, ортақ іс үшін бауырымызға тарта алдық па?» деген сұрақ тұрады көкейде.

Рас, қыруар жұмыс атқарылды. Жаңа дәуірдің жас буыны өсіп жетілді. Мұны теріске шығара алмаймыз. Осыған сәйкес ғалам да бір орнында тұрған жоқ, онымен қоса жас ұрпақтың мақсат-мұраты жетілді. «Сөз қадірін білмесе, байдан байлық кетеді» деген аталы сөз бар. Біз бар дүниемізді қадірлей алдық па? Қадіріне жеттік пе? Оны игеруде немесе жетілдіруде біртұтас жұрт бола алдық па? Елімізде жылдар бойы халық пен билік, азаматтар мен қоғам арасындағы қалыпты қатынасты жүйесіздендіруге адами факторлар да әсерін тигізгені қазір құпия емес. Бүгінгі мәселе: аймақтық, халықаралық нарыққа нақты қабілетті салаларға қолдау жасалды ма, бәсекелестік ортаны қалыптастыруда әділ бәсеке ережелері, құқықтық тетіктер қаншалықты тиімді жұмыс атқаруда? Сондықтан да болар, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын келешектегі іс-әрекеттер стратегиясын Президент жанынан Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтының құрылатындығы жөніндегі мәлімдемесінен бастады. Бұл – қабылданған түрлі саладағы заң нормаларының сақталуына бақылау жасау және әрбір азаматтың құқығы мен еркін қорғау қажеттілігі күн тәртібінде тұр деген сөз. Мемлекет қоғам игілігінің жоғары деңгейін қаншалықты кепілдендіргенімен, айналып келгенде халықтың сенімі мен көңіл күйіне келіп тіреледі. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қолға алудан бұрын,  шенділердің тұрғындармен қарым-қатынасының шынайылығы маңызды, ел-жұрттың тағдыры мен жай-күйін де үнемі есепке алу, табиғи түрде халықты ынталандыру тәсілдері қажет деген сөз. Сондықтан да Жолдауда салық тәртібін енгізу, жүйесіз нарыққа жұтылып кетпейтіндей шағын бизнесті қорғау бағытында әкімшілік кедергілерді жоюдың нақты цифрландыру шаралары аталып отыр. Яғни қоғамда орын алған келеңсіздіктерге қарсы нақты ұйғарым жасау құптарлық. Егер жауапкершілік алған азаматтар бас­ты мұрат үшін әділ де адал жұмыс атқаратын болса, елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне үлкен үлес қосады деп пайымдауға болады.

Өңірлердің әлеуметтік-экономи­калық, әсіресе ауыл шаруашылығы салаларын, экологиялық, демографиялық дамуы мен аймақтық ерекшеліктеріне орай қабылданатын нақты шешімдер жедел қолға алынғанда ғана нәтижеге қол жеткізуге болатындығы айқын. Мұратқа жетудің кілті – халықтың интеллектуалдық қарымды әлеуеті, ортақ іске ұмтылысы, еңбек және материалдық ресурстар жүйесі бар. Бағалай алсақ – бағымыз. Әлемдік деңгейдегі елдік мүдде, азаматтардың бір-біріне деген құрметі мен қам­қорлығынан бастау алатынын жадымызда ұстасақ игі.

 

Құндызай ЕРІМБЕТОВА,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері