Мемлекеттік басқару жүйесінде шешім қабылдауда бір-біріне сілтеу, жауапкершіліктен қашу жиі кездеседі. Өзінің Жолдауында Қ.Тоқаев мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту туралы айтты. «Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды», деді ол.
Биліктің барлығын бір қолда жинамай, оны төменгілермен бөлісу туралы оймен келісемін. Жергілікті әкімдерге құзырет пен жауапкершілікті беру ұсынысы орынды. Мемлекеттік қызметкер есеп берумен емес, ауылдың, қаланың мәселесімен нақты айналысуға тиіс. Оның қолында қаражаты, оны жұмсай алатын құзыреті мен мүмкіндігі болмай, жағдай өзгермейді.
Қоғамды қуантқаны, балалардың болашағына қатысты айтылған жақсы ұсыныстар. Былтыр елімізде 446 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Ал биыл, бұйырса, одан да көбірек болады. Бұл – қуанышты.
Биыл мектеп табалдырығын 400 мыңдай бала алғаш рет аттап отыр. Жыл сайын бұл көрсеткіш көбейе бермек. Елімізде биыл 80 жаңа мектеп ашылған. Жалпы, елімізде 18 жасқа дейінгі жас азаматтар саны 6 млн 300 мыңнан астам. Осы балалардың болашағы қалай болады екен деп ойлайсың.
Биылғы Балалар жылында жақсы жаңалықтың бірі Жолдауда жария етілген «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламаның 2024 жылдан бастап іске асуы болмақ. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Бұл қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Есепшоттағы қаражатты екі мақсатқа пайдалануға болады: біріншісі – баспаналы болуға, екіншісі – білім алуға.
Дүниеге келген әр сәби өз несібесімен туады ғой. Баланың болашағын ең алдымен ата-анасы ойлайды. Балаға лайықты жағдай жасау, дұрыс тәрбие беру, білім беріп, оқыту – ата-анасының парызы. Ал мемлекеттің міндеті – қолдау көрсету. 6 млн 300 мың бала Ұлттық қордан табыс көрсе, «Әлеуметтік мемлекет» деген осы ғой. Бұл туралы бұрыннан айтылып келе жатыр. Дамыған елдер болмаса, бұндай қадамға барған елдер аз. Дамыған елдердің ішінде қорларынан табыс төлейтіні одан да аз.
Бұл қадамның баланы толық қамтамасыз етпесе де пайдалы жақтары көп. Мәселен, демографиялық көрсеткішті жақсартуға себепші болады, баланың Отанға деген сезімін күшейтеді. Яғни бала мемлекетінің қамқорлығын, өзінің керек екенін сезеді. Мемлекет үшін оның қайтарымы міндетті түрде болады. Сондай-ақ оның әділеттілік жағы да бар. Иә, еліміздің байлығы мол. Оны барлық азаматтардың пайдалануы әбден дұрыс.
Әлеуметтік деп жариялайтын мемлекет үшін жас азаматтар алдындағы жауапкершілігі болғаны дұрыс. Балаға жұмсалған инвестиция – ең пайдалы да баянды инвестиция.
Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ,
саясаттанушы
ҚАРАҒАНДЫ