Еліміздің басты құндылығы – адам және оның құқығы екені Ата Заңда анық көрсетілген. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – Әділетті Қазақстанның басты мақсаты болмақ. Халықтың әл-ауқаты ойдағыдай жоғары болғанда ғана қоғам орнықты дамиды. Бұл – ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома.
Халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі факторы жалақының өсуімен тікелей байланысты. Осыған орай, Президенттің ең төменгі жалақыны 60-тан 70 мың теңгеге дейін көтеруі орынды деп санаймын. Бұл жиынтық зейнетақыны 2025 жылға дейін 27 пайызға көтеруге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Президент өз сөзінде әлеуметтік мәселелердің үлкен бір бөлігін көтерді. Соның бірі – соңғы жылдары күн тәртібінен түспей келе жатқан әйелдердің зейнетке шығу жасы. Ол 2028 жылға дейін 61 жас болып тіркелмек. Бұл шектеу қазіргі ерлердің зейнетке шығатын 63 жасынан екі жас кем деген сөз. Әйелдерге жасалған жақсылық мұнымен шектелмейді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер бір жарым жасқа дейін ұзартылды. Бұл шын мәнінде аналарға сәбилердің ең маңызды жасында балалармен бірге болуға мүмкіндік береді. Осы шаралар жас отбасыларға, әсіресе жас ана мен сәбиге жасалған мемлекеттің қамқорлығы деп білу керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ең маңызды ұсыныстардың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы. Президент балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынды. Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға, білім алуға мүмкіндік береді. Президенттің пікірінше, бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нақты жолдама береді. Ұлттық байлықтан түскен пайданы өскелең ұрпақ үшін кәдеге жарату – қазақ қоғамының көптен бері айтып келе жатқан ұсыныстарының бірегейі еді.
Жолдаумен таныса отырып, ел жастары мен болашақ ұрпақ үшін жүзеге асатын игілікті іс-шаралардың осымен тәмам болмайтынына назар аудардым. Соның бір айғағы Президенттің білім, ғылым, жастар тәрбиесіне басымдық беруі. Мысалы, келесі жылы 100 мың жас жұмыспен қамтылады және оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздан аспайтын шағын несие беріледі. Бұл бастамалар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал ететіні сөзсіз. Жолдауда мектеп және бала бақша мәселесі де Президент назарынан тыс қалмады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы да халық көңілінен шықты деп батыл айтуға негіз бар.
Жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық реформалардың нәтижесінде Ата Заңға сәйкес жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі болады. Сөйтіп, Мемлекет басшысы отыз жылдан бері айтылып, бірақ орындалмай жүрген осы түйткілдің түйінін шешті. Атамекеннің қасиетті жеріне енді ешкім заңсыз қол сұқпайды деп сенгіміз келеді.
Жолдауда Президент сондай-ақ, бүкіл зейнетақы жүйесін қайта қарау қажеттігіне баса назар аударды. Осылайша, зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жеткізілетіні айтылды. Халықтың қамын ойлау, оларға қамқорлық таныту, сапалы білім беру, медициналық қызметтерді жақсарту, жастар мен педагогтерді қолдау сияқты мәселелер – мемлекеттің басты назарында болуға тиіс.
Сонымен бірге Жолдаудың маңызды ұстанымы – елдің тұрмысын, әлеуметтік жағдайын жаңа кезең талаптарына сай бейімдеу, елдің тұрмыс сапасын көтеру, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру. Осының барлығы ел игілігін жаңа сатыға көтеру үшін аса қажет.
Жолдау еліміздің саяси өмірін жандандырып, экономикалық-әлеуметтік дамуына тың серпін беретін үлкен жаңалықтарға толы болды. Ең бастысы, халықтың әлеуметтік жағдайы әрдайым мемлекеттің басты назарында қала бермек. Жолдауда айтылған жайттардың түпкі мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Саяси экономикалық реформалардың, игі бастамалардың бәрі осыған бағытталған.
Сонымен қатар Жолдауда саяси саланы әрі қарай дамыту мәселелері де қамтылды. Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауы және Парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы туралы жариялады. Алдағы кезеңдегі электоралды циклдің мерзімін ашық жариялау жаңа саяси мәдениеттің көрінісі екені сөзсіз. Мұндай қадам қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейте түседі.
Жаңару, жаңғыру табалдырығында тұрған Қазақстанның гүлденуі – баршамыздың бақуатты тірлігіміз. Ендеше, Президент айтқандай, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, жарқын болашақ үшін жұмыла күресейік.
Сансызбай ЕСІЛОВ,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы