Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2022

Тұран жолбарысы: ескі де жаңа мекеніндегі ауқымды жұмыстар

336 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Ресей Федерациясының Владивосток қаласында жолбарыс аңын сақтап қалуға арналған екінші халықаралық форум өтті. Осы жиында Қазақстан түз тағысын қалпына келтіру бағдарламасын ұсынды.

Тұран жолбарысы: ескі де жаңа мекеніндегі ауқымды жұмыстар

Қазақстан делегациясының құрамына Экология, геология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Әлия Шалабекова, Халықаралық ынтымақтастық департа­ментінің директоры Әйгерім Қуат, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орын­басары Данияр Тұрғамбаев, Қазақ­стан Республикасының Ресей Федера­циясындағы Елшілігінің кеңесшісі Мақсат Сүйіндіков және Қазақстандағы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры өкілдігінің директоры (WWF) Григорий Мазманянц кірді. Делегацияның  қаты­су­шылары жолбарысты сақтау бағдар­ламасы, оны жүзеге асыру кезеңдері, резерват құрылған сәттен бергі атқарылған жұмыстар мен жыртқыштың келуіне да­йындық жоспарлары туралы айтып берді.

Сонымен қатар форум қо­нақтары үшін оңтүстік Бал­қаш маңы аумағының бір бөлі­гінің егжей-тегжейлі экспози­циясы дайындалды. Көрме жұрт­шы­лықтың жолбарыстың болашақ «мекені» туралы тү­сінігін кеңейтуге және толығырақ танысуға мүмкіндік берді.

Осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2010 жылы жер бетінде жолбарысты сақтап қалуға байла­нысты мәселелер бойынша ал­ғашқы халықаралық форум өт­кен болатын. Аталған форумда Қазақстан жыртқыш аңды табиғат аясына қайтаруға дайын екенін жариялады. Жеті жылдан кейін Қазақстан, Ресей және басқа да елдер ғалымдарының күш-жігерінің нәтижесінде ха­лықаралық табиғатты қорғау одағының жабайы мысықтар жөніндегі сарапшылар тобының қол­дауымен елде жолбарыс­ты реинтродукциялау бағдар­ла­­масы әзірленді. 2017 жылғы қыркүйекте Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан Үкіметі арасында осы бағдарламаны елімізде іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.

2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған сәттен бастап төрт жыл бойы экожүйені қалпына келтіру бойынша белсенді жұ­мыс жүргізілді. Жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы кемінде 35 жылға есептелген және үш негізгі кезеңнен тұра­ды: аумақты дайындау, жырт­қышты шығару және популяция өсуінің мониторингі. Қазір бағдарламаның бірінші кезеңінің ортасына жеткен жай бар. Бұл кезең барысында экожүйені қалпына келтіру, аумақты қорғау және тұяқты жануарлар санын арттыру бойынша жұмыс табыс­ты жүргізілуде.

Келесі жылы «Іле-Балқаш» резерватына бес жыл толады. Осы уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарылды: кордондар салынды, байланыс қамтамасыз етілді және аумақты толық қорғау ұйымдастырылды. Іле өзені мен Балқаш көлінде өрт салдарынан зардап шеккен тоғайлы ормандарды қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

«Резерват аумағы шөлейт, жайылма және сексеуіл орман­дарынан сулы-батпақты алқап­тарға дейінгі алуан түрлі та­биғи экожүйелерді қамтитын табиғи кешен болып саналады. Мұндай қолайлы географиялық орналасуы және азыққа бай жер­­лер жабайы аңдар мен көп­теген құстың көбеюіне қо­лай­лы жағдай жасайды. Резер­ват­тың биоалуантүрлілігі сүт­қо­ректілердің 40-қа жуық тү­рін, құстардың 284 түрін және өсімдіктердің 420-дан астам тү­рін қамтиды. Оның көпшілігі Қазақ­станның «Қызыл кітабына» енгізілген. Мысалы, 2022 жыл­дың мамыр айында 15 мыңнан астам жиде, түрлі жапырақты терек және тал көшет­тері отырғы­зылды», дейді Эко­логия, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

в

Сондай-ақ 2019 жылдан бас­тап «Қызыл кітапқа» енген Бұ­ха­ра бұғысын реинтродукция­лау жүзеге асырылуда және осы уақытқа дейін 150-ден аса бұғы ғасырдан аса уақыт бұрын жоғалып кеткен өздерінің тарихи отанына оралды. Сонымен қатар жабайы қабандар мен қа­рақұйрықтардың саны едәуір өсті. Биыл құландарды реин­тро­дук­циялауды бастау жоспарланып отыр.

«Реинтродукция (бұрын мекендеген жеріне қайтару) үдерісі – табиғи ортада жойылып бара жатқан жануарлардың популяциясын қалпына келтірудің немесе көбейтудің өте маңызды және сенімді әдісі. Бүгінгі таңда әртүрлі мониторингтік мә­лі­меттерге сүйене отырып айт­сақ, Іле-Балқаш резерватында мың­нан екі мыңға дейін тұяқты жануар­лар мекендейді және біз оның санының тұрақты өсуін көріп отырмыз», деді Орман ша­руа­шылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев.

Резерват аумағында жануарлар мен ормандарды қалпына келтіру жұмыстарымен қатар жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарына да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайынғы негізде экологиялық қауіпсіз көздер есебінен отбасының табысын қам­тамасыз ету үшін жергілікті халықты қаржылық қолдау жө­ніндегі жобалар іске асырылуда, тамшылатып суару сияқты су үнемдеу технологиялары дамуда. Сондай-ақ мектептерде экологиялық білім беру бойынша түрлі жоба жүргізілуде.

«Әрине, жергілікті тұр­ғын­дарды қолдау – жолбарыс­ты қалпына келтіру бағдарлама­сы­ның маңызды кезеңдерінің бірі. Олар­дың көмегінсіз мұн­дай өршіл жо­баны жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл ауылдар­ды эк­ономикалық да­мыту ж­ө­­ніндегі жұмыс жеке ба­ғыт бо­лып отыр. Мал өсіру және ауыл шаруашылығы отба­сы­лардың қажеттіліктерін то­лық қамтамасыз ете алмайды. Сон­дықтан бағдарлама бағыт­тарының бірі – жергілікті тұр­ғындарға қолдау көрсету және қоршаған ортаға зиян кел­тір­мейтін басқа да табыс көздерін дамытуға мүмкіндік беру. Соңғы төрт жылда Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры 40-тан астам ша­ғын грант берді, жергілікті қа­уымдастықтарды дамыту қоры құрылды, аз қамтылған отбасылар үшін бақша дақылдарын өсіруге қолдау көрсетілді. Эко­туристермен жұмыс істеуге байланысты оқулар жүргізіледі. Атап айтқанда, қонақүйлерді құруға, гид болу өнеріне, кәдесыйлар өндіруге және т.б. көңіл бөлі­неді», дейді Қазақстандағы Дү­ниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF Ресей) өкілдігінің директоры Григорий Мазманянц.

Қазақстандық делегация өкіл­дері алдағы уақыттағы жос­пар­ларымен бөлісті. Мысалы, резерват аумағында визит-ор­та­лық салынбақ. Сондай-ақ реитродукция орталығын құру жұмыстары басталады, оның ішінде шектен тыс уақыт ұстауға және ветеринарлық тексеруге арналған вольерлер салу да бар. Орталықта жыртқыштардың қоз­ғалысын бақылайтын және жер­­гілікті тұрғындар үшін қа­уіп­сіздікті қамтамасыз ететін қыз­меткерлер орналасады.

Алдағы жылдары Қазақ­стан мен Ресей арасында бағдар­ла­маны іске асыруда тығыз ын­тымақтастық орнату жоспарланып отыр. Жолбарысты сақтау жөніндегі екінші халықаралық форум барысында реинтродукция саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қо­йылды. Бұдан басқа, Қазақстан жолбарысты бұрынғы табиғи мекеніне оралту Владивосток декларация­сына қосылды.

«Меморандум жолбарыс­ты Қазақстанға қайтарудың өр­шіл міндеті бойынша бір­лес­кен өнімді жұмысқа бас­тама болады. Сондай-ақ біз де­к­ла­рацияда көзделген шаралар­ды іске асырудың барлық елде жолбарыстардың санын ұл­ғай­туға мүмкіндік беретініне се­німдіміз. Біз Қазақстан 12 жыл­­дан кейін өтетін келесі фо­румға планетаның табиғаты үшін аса қажетті осы міндетке өз үлесін қосуға дайын болады деп үміттенеміз. Бұл форум бар­­лық елді өзара қарым-қа­тынасты нығайтуға, ең басты міндет – айбынды жыртқыштың популяция­сын сақтап қалуда жа­қындатуға мүмкіндік бере­тініне сенімдіміз», дейді Ә.Шала­бе­кова.

Жолбарысты Қазақстанға қайтару бағдарламасы көптеген жылға есептелген. Оны Ре­сейдің WWF, сон­дай-ақ Қазақ­стандағы БҰҰ Даму бағдарла­масының қолдауы­мен Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі комитеті жүзеге асырады.