Жуырда Тұңғыш Президент кітапханасында Мәжіліс депутаттары, Әзербайжан президенті әкімшілігінің жанындағы Әлеуметтік зерттеулер орталығы, Еуразиялық интеграция, Қазақстан қоғамдық даму институты, Қоғамдық саясат, Экономикалық саясат, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығы және Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институттарының басшылары мен сарапшылары, Ұлттық құрылтай мүшелері Жолдаудағы басымдықтарды талқылады.
– Ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қоғамды жаңғырту үдерісіндегі маңызды кезең. Республикалық референдумның негізінде қолға алынған конституциялық реформаның түйінді идеяларының қисынды жалғасы іспеттес. Мемлекеттік маңызы жоғары шешімдерді қабылдау процесінде отандастарымыздың шешуші дауысқа ие болуына басымдық берілуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде орындалып жатқанын дәлелдейді, – деді Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы жалпыұлттық референдумнан кейін қазақстандықтар саяси жаңғырту бағытын қолдап, еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан тұста бұған дейінгі құжаттың заңды жалғасындай қабылданды. Осыны ескерсек, келесі қадам экономиканы нығайтуға арналмақ.
– Жолдауды белгілі бір салалардағы мемлекеттік саясат парадигмасын өзгерту тұрғысынан бетбұрыс деп атауға болады. Әлеуметтік саясат түбегейлі қайта қаралып, қоғамда тек мемлекетке ғана үміт арту жоқ екені және елдегі тұрақты жұмыс орындарының санын арттыру мәселесін тезірек шешу қажет екені айтылды, – деді Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев.
Жолдауда көтерілген міндеттер жүйелі түрде орындалатын болса қазақстандықтардың тұрмыс сапасы, əл-ауқаты артатыны рас. «Жолдаудың алдында ұлттық ауқымдағы теңдессіз конституциялық реформа болды. Енді Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясатты жүргізуге күш салу керектігін айтты. Барлық жоспарланған конституциялық реформа жүзеге асырылғаннан кейін Қазақстан қуатты экономикалық серпіліске ие болады деп сеніммен айта аламын», деді Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков.
Жиын барысында бірқатар сарапшы Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық және саяси бастамаларына бірауыздан қолдау білдірді.