Осы уақытқа дейін аталған ауыл тұрғындары 1973 жылы салынған ескі ғимаратта ем-дом қабылдаса, енді жарқыраған жаңа мекемеде медициналық көмек көрсетілмек. Тұрғындарды қуанышты сәтімен Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов пен ауданның бас дәрігері Салтанат Мықтыбаева құттықтады.
Медициналық орталықты «Қыдырәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеген Мақашев салып берді. Жаңа әлеуметтік нысанның лентасы қиылған соң аудан басшысы мен жергілікті тұрғындар медициналық пунктің ішін аралап көрді. Мұнда фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі орналасқан. Кабинеттердің бәрі де толықтай жабдықталып, ауылдағы 400 тұрғынның барлығына қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.
«Енді мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандарға көмек көрсетіледі. Қандай да шұғыл жағдай орын алып жатса да, күндіз-түні қызмет көрсетуге дайынбыз», дейді ауыл алғысына бөленген медбике Ақмарал Нұралинова.
Ауылдағы медициналық пунктің ашылуы тұрғындар жүзіне қуаныш ұялатты. Әсіресе денсаулығына жиі шағымданатын қарттар үшін бұл үлкен игі іс. Енді олар кез келген мәселе бойынша алысқа бармай-ақ, жергілікті мамандарға жүгіне алады.
Айта кету керек, мемлекет қолдауы аясында Тарас ауылында 2018 жылы жаңа мектеп пайданалуға берілсе, былтыр ауылдың кірме жолы жасалған.
Жетісу облысы