Берері көп бағдарлама
«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі» кешенді жоспарының Түркістан облысы бойынша орындалу барысы талқыланған аппараттың апталық отырысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды осындай тапсырмалар берді. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 67 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 96,8 пайызға орындалды. Сегіз айдың қорытындысымен жеке бастамалар бойынша 11 773 жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамту бойынша аудандарда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мысалы, биыл Келес ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастырумен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 5 407 азаматты жұмыспен қамту шарасына қатыстыру жоспарланып, 8 айда 2 890 азамат қатыстырылып отыр. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Н.Темірбаеваның мәлімдеуінше, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 57 мекемеден 30 тұрақты бос жұмыс орны, жастар практикасына – 86, «Күміс жас» жобасына – 6, қоғамдық жұмыстарға 67 бос жұмыс орны ұсынылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту үшін аудандағы 8 жұмыс берушіге 8 квота бекітіліп, 2 азамат жолданып отыр. Ал «Пробация есебінде тұрған» азаматтар үшін 7 жұмыс берушіге 7 квота бекітіліп, 2 азамат жолданыпты. Келес ауданы Абай ауылының тұрғыны омарташы Қайырғали Жарқынбаев былтыр мемлекеттен «Бастау бизнес» арқылы грант ұтып алып, өз кәсібін дамыта түскен. Омартаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған Қайырғали араны көбейтіп, қазіргі 50 шақты омартасын 500-ге дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Омарташы істеймін деген адамға әрдайым жұмыс табылатынын, сылтау іздеп отырған дұрыс емес екенін айтады.
Халқы тығыз орналасқан өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуда «Еңбек» бағдарламасының алар орны ерекше. Былтыр мыңға жуық отбасы аталған бағдарлама аясында Павлодар облысына қоныс аударған болатын. Ал жалпы өткен жылы Солтүстік өңірлерге Түркістан облысынан 847 отбасы, яғни 3 779 тұрғын көшіп барған. Бұл республика бойынша көшкендердің 30 пайызын құрайды. Оның ішінде Павлодар облысына – 550 отбасы (2 700 адам), Солтүстік Қазақстан облысына – 206 отбасы (837 адам), Қостанай облысына – 55 отбасы (161 адам), Шығыс Қазақстан облысына 36 отбасы (81 адам) көшкен. Олардың 1 869-ы еңбекке қабілетті, ал тұрақты жұмыспен қамтылғандары – 1 294 адам. Сонымен қатар 397 адам жеке кәсібін ашса, ал қалған 178-і – үй шаруасында. Өткен жылы мал және егін шаруашылығымен айналысуға қоныс аударған азаматтарға 5-7 мың гектардан астам жер беріліп, бірқатар ауыл кооперативтері мен өз істерін ашты. Мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударушылар қатары жыл сайын артып келеді. Биылдың 7 айында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік өңірлерге тағы 270 отбасы қоныс аударған. Яғни 951 тұрғын теріскейге көшіп, жаңа өмір бастады. Ал жалпы биыл республика бойынша жоба аясында Түркістан облысына 6 424 квота бөлінген. Бұл орайда түркістандықтардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған. Аталған өңірге 131 отбасы (401 адам) көшіп, бұл қоныс аударғандардың 42,16 пайызын құрап отыр. Солтүстік Қазақстан облысына 109 отбасы (469 адам), Қостанай облысына 23 отбасы (65 адам) көшкен.
Қоныс аударған тұрғындардың тұрмыстық жағдайымен танысу мақсатында, құрамында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері, кәсіпкерлер, әрбір аудан мен қалада көші-қонға жауапты мамандар мен журналистер бар делегация Павлодар облысына барып та қайтты. Жұмыс күші тапшы облыста қоныс аударушыларға қолайлы жағдай жасалуда. Қолдауға ие болғандардың бірі – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданынан Заңғар ауылына көшіп келген Шерзат Райымбековтің айтуынша, солтүстікте өмір сүруге, тіршілік жасауға барлық мүмкіндік бар. Тек ерінбей жұмыс істесең болғаны. Шерзат бау-бақшаның қыр-сырын жақсы меңгергендіктен жылыжаймен айналысуды жөн санапты. Кәсіпкер отбасы қияр мен қызанақтан бөлек қауын, шалғам еккен. Бүгінде 3 соттық жерден 3 млн табыс тапқан.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап өңірлік квота аясында Павлодар облысына Түркістан өңірінен 2 700 адам көшіп келіпті. Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Байтілесова квота бойынша биыл 578 адам көшіп келгенін айтады. Былтыр қоныс аударушыларға 354 пәтер берілген. Қоныс аударушыларға берілетін субсидия 35 айлық есептік көрсеткіштен 70 айлық есеп көрсеткішке дейін төленеді. Отбасы мүшелерінің әрқайсысына 214 мың теңге беріледі. Сондай-ақ қоныс аударушыға 12 ай бойы тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша материалдық көмек ұсынылады. Бүгінде Павлодар облысы ауыл шаруашылығы мамандарына, білім саласына, дәрігерлерге, техникалық мамандықтарға және қызмет көрсету саласының мамандарына мұқтаж. Мысалы, Тереңкөл ауданы Жаңабет ауылында мұғалімдер тапшы. Түркістандық делегация Павлодар облысының ауылдарындағы тұрғындардың жағдайын біліп қана қоймай, көші-қон саясатына қатысты ұсыныстарды саралады. Бұл бағытта алдағы уақытта да жұмыс жалғасын таппақ. Бүгінде Түркістан облысының халық саны 2,2 миллионнан асты. Ал өңір бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап отыр.
Әрине, солтүстік өңірге қоныс аудару – өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бір бағыты ғана. Әйтпесе облыста 2025 жылға дейін 250 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Халықтың табысын арттыру мақсатында «Түркістан облысы бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жұмыспен қамту картасы» жобасы бекітіліп, нәтижесінде 143 792 жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыстың экономикалық белсенді халық санына қарай 8 194 жаңа жұмыс орындары ашылады. Биыл 444 салалық жобаларды іске асыру аясында 33 819 жұмыс орнын ашу көзделуде. «Жастар тәжірибесі» жобасы шеңберінде биылдан бастап 5 658 адамға – 6,2 млрд теңге, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 386 азаматқа 436,7 млн теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ жастардың іскерлік бастамаларына қайтарымсыз 3,4 млрд теңгеге 2 765 гранттар беру көзделуде. Дегенмен өңірде өз күшімен кәсіпкерлігін дамытып, ауылдастарын жұмыспен қамтып отырған азаматтар да аз емес. Мысалы, Бәйдібек ауданының тұрғыны 15 млн теңге тұратын асыл тұқымды қошқар өсіруді қолға алып отыр. Шаян ауылында тұратын Аманулла Айтаханов асыл тұқымды «гиссар» қойын өсірумен айналысады. Қылшық жүнді, құйрықты қойлардың еті майлы әрі дәмді келеді. Бағасы да қазақы қойдан қымбат. Мәселен, салмағы 180-190 келі тартатын қошқардың құны 10-15 млн теңгеге дейін барады. «Өткен жылы сарыағаштық Қуаныш Мықтыбаев есімді азамат «каштан» қошқарын 40 мың долларға сатып алды. Бойы бір метрден асатын қошқардың салмағы 176 келі болды. «Каштанның» қозысы кемі 1 млн теңгеден жоғары бағаланады», дейді шаруа. Аманулла Құрманжанұлының қорасындағы сол «каштан» тұқымды қошқардың қозысына да қызығушылық танытып, сатуға қолқа салғандар көп екен. «15 млн теңгеге бермедім. Себебі өзіме қажет. Қойларға қосып, тұқымын алып, көбейтемін», дейді ол. Жалпы Айтахановтар отбасы бұрыннан мал шаруашылығымен айналысады. Кеңес өкіметі кезінде әкесі Құрманжан колхоздың қойын баққан. Ал ел тәуелсіздігін алған соң жеке шаруашылық болып бөлінген. Қазіргі кезде шаруашылықта 1 500-ге жуық асыл тұқымды «гиссар» қойы бар. Одан бөлек, 150-дей жылқы мен 40-қа жуық сиыр өсіріп отыр. «Мемлекеттен ешқандай субсидия алған емеспін. Баршасы – өзіміздің қол еңбегімізбен жасап жатқан дүниеміз. Бұрын бізде тек «меринос» қойы болатын. Кейін Сайрамнан 1 млн теңгеге «каштанның» қозысын алып келдім. Сондай-ақ араға 2-3 жыл салып, 200 «гиссар» тұқымды қойды қостым. Содан барлық қойды асыл тұқымды еттік», дейді Аманулла Құрманжанұлы. Көбінесе қойларына өзі қарайтын шаруаға баласы көмектеседі. Одан бөлек екі жұмысшысы бар. Мал қыркүйекке дейін жайылымда жүреді. Күн суыта бастаған сәтте қорада ұстайды. Қазақы қойларды бордақылау үшін арнайы байлайды. Айта кетелік, бүгінде Шаян ауылында «гиссар» қойларын өсірушілер көбейіп келеді. Олардың баршасы Аманулла Айтахановтан «каштанның» тұқымын алып, кеңесіне жүгініп отырады.
Құрылыс көбейсе, жұмыссыздық азаяды
Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуда өңірдегі құрылыс нысандарының үлесі айтарлықтай. Белгілі бір нысанның құрылысы кезінде жұмысқа алынатындардан бөлек, пайдалануға берілген соң да тұрақты жұмыс орны ашылады. Мысалы, жуырда Сайрам ауданында 5 жекеменшік мектеп ашылды. Оның бірі Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі 300 орындық бастауыш сыныптарына арналған мектеп болса, қалған 1 200 орынға арналған 4 жалпы орта мектеп Манкент ауылдық округінде орналасқан. Құрылысы 2021 жылы басталып, биыл аяқталған мектепке кәсіпкер, ауданға белгілі азамат Сиқымбай Сағындықов өз есебінен 210 млн теңге жұмсаған. Жаңа білім ұясына негізгі пәндерді оқытуға 20-дан аса мұғалім жұмысқа қабылданған. Ал жеке кәсіпкер Н.Сулаймановтың демеуімен жекеменшік мектептердің құрылыстарына 1 млрд 200 млн теңгеден аса қаржы жұмсалған. Бүгінгі таңда жекеменшік мектептеріне 40 млн теңге көлемінде мектеп формасы, 80 млн қаржыға оқулықтар сатып алған. Кәсіпкер 2022-2023 жыл аралығында заманауи үлгідегі, типтік, білім стандарттарына сай, үш тілде оқытылатын 1 200 орындық 6 мектептің құрылысын аяқтап тапсырмақ. Жалпы, 7 200 баланы оқумен және 660 мұғалімді жұмыспен қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда бала саны артқан мектептерден оқушылар мен ұстаздар жекеменшік мектептерге өтуде. Олардың сағат жүктемелері мен жұмыс орындарын сақтау мәселелері бойынша әкімдік, бөлім, кәсіподақ және кәсіпкер арасында меморандум түзілген. Жекеменшік мектептердің ата-аналар үшін ұтымдысы – балаларға сапалы білім беруге мән берілген, оқулықтар мен мектеп формаларымен қамтылған. Оларды тасымалдау қызметі, тамақтандыру мәселелері ұйымдастырылған. Әсіресе бала денсаулығын жақсартуға арналған дәрумендері бай, табиғи таза өнімдері ас мәзіріне енгізілген. Ашық және жабық спорт ғимараттары жеткілікті. Кейбір ғимаратта бассейн іске қосылған. Сондай-ақ балаларды сергітетін, өнерге баулу мақсатында қосымша үйірмелер ашылған. Жалпы алғанда, Сайрам ауданында 10 жекеменшік мектептің құрылысы қолға алынса, соның 5-еуінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсырылды.
Облыста биыл 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,7 млрд теңге қаржы қаралған. Жыл соңына дейін 59 мектептің 21-ін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл орайда облыс басшылығы тарапынан мектептердің құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету, сапаны қатаң бақылауда ұстау, кемшіліктерді жойып, білім саласына қатысты қордаланған мәселелерді шешу үшін кезең-кезеңімен іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылған. Аталған жұмыстарға тиісті басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің тікелей жауапты екені ескертілген. Облыста 32 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жалпы 4 млрд теңгеден астам қаражат қаралған. Жыл соңына дейін олардың жартысы толық жөндеуден өтеді. Жуырда пайдалануға берілген мектептердің екеуі
– Келес ауданында. Екеуі де 300 орынға лайықталған, заманауи үлгіде салынған. Ал Сауран ауданында заманауи үлгідегі үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Жаңа Иқан» мектебіне 400-ге жуық оқушы қабылданып, 50-ге жуық ұстаз, 10 кіші қызметкер жұмыспен қамтылды. Ал «Дарын KZ» мектебінің алғашқы оқушылары болып 250-ден астам оқушы қабылданып, 40-қа жуық ұстаз бен 10 кіші қызметкер жұмысқа қабылданды. Өңірдегі білім беру мекемелерінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының «Экология болашағы» бағытын іске асыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Білім беру жүйесіне экологиялық аспектілерді интеграциялау аясында облыс мектептерінде орта мектеп бағдарламасына сәйкес 9 – сынып оқушылары «Экология негіздері» курсымен 100 пайыз толық қамтылған. Оқушылардың үздік жасыл тәжірибелер мен технологияларға қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды қосымша білім берумен қамту мақсатында облыс мектептерінде 75 мектеп жылыжайы жұмыс істейді. Алдағы оқу жылында мектеп жылыжайларының санын 288-ге жеткізу жоспарланып отыр. Аталған мектеп жылыжайларында оқушылар «Экология негіздері» курсынан өтеді. Сонымен қатар облыс колледждерінде 16 жылыжай жұмыс істеп тұр. Өңірдегі 53 қосымша білім беру мекемелерінде 28 500 оқушы, мектептегі үйірмелерде 355 600 оқушы қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 70,1%-ды құрады. Жоспарға сәйкес 2022 жылы қосымша біліммен қамтылған оқушылар үлесін 75,5%-ға жеткізу жоспарланған. Біліммен қамту барысында экологиялық-биологиялық бағытқа басымдық берілген. Флора және фауна әлемі, жас эколог және жас натуралистер үйірмелері тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.
Тұрғын үй құрылыс бағытында да жұмыс қызу. Облыста биыл 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Яғни барлық қаржыландыру көздерінен 855 мың шаршы метр тұрғын үй (5 935 пәтер) пайдалануға беріледі. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан 5, 7, 9 және 12 қабатты үйлердің сапасы қатаң бақылауда. Жыл басынан бері жалпы алаңы 365,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Межеленген жоспар 61,6 мың шаршы метрге артық жүзеге асырылған. Оның ішінде халық қаржысына салынғаны 272,4 мың шаршы метрді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 101,5% болып қалыптасты. Жалпы, облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 7 айда 150 млрд теңгеге жуықтаған. Әкімшілік – іскерлік орталықта 60 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Айтпақшы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірдегі 7 аудан, қалада 21 орталықтандырылған жылу қазандығы және 1 жылу электр орталығы жылыту маусымына дайын. Ал Кентау қаласында орналасқан «ЖЭО-5» жылу орталығының жылыту маусымына дайындық жұмыстары қолға алынған. Өңірге қажетті көмір мен сұйық отын тасымалдануда.
Түркістан облысы