Әлем • 14 Қыркүйек, 2022

Пәкістанда су тасқынынан 54 адам қаза тапты

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Пәкістанда қатты муссон жаңбырының салдарынан болған су тасқынынан 54 адам қаза тауып, 6 адам жарақат алды, деп хабарлайды Egemen.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Пәкістанда су тасқынынан 54 адам қаза тапты

Елдің Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сейсенбі күнгі есеп бойынша қаза тапқандар арасында 18 бала мен 10 әйел бар.

«Пәкістанның оңтүстігіндегі ең қатты зардап шеккен Синд провинциясында 44 адам қаза тапты. Одан кейін елдің оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясы тұр, онда сегіз адам қаза тауып, алты адам жараланды», делінген хабарламада.

Сондай-ақ 4453 үй қирап, 24 869 бас мал қырылған.

NDMA-ның соңғы мәліметтеріне сәйкес, Пәкістанда су тасқынынан қаза тапқандардың жалпы саны 1481-ге жеткен, 12 748 адам зардап шеккен. Сонымен қатар 1 755 281 үй қирап, шамамен 908 137 мал қырылған. 179 281 адам құтқарылып, қазір 541 134 адам лагерьлерде тұрып жатыр.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Оларға NDMA, басқа да мемлекеттік органдар, волонтерлер және үкіметтік емес ұйымдар көмектесіп жатыр.