Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2022

Роза Бағланованың мерейтойы Мәскеуде атап өтілді

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл есімі әлемге танылған әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Айтулы күн аясында ауқымды іс-шаралар мен концерттер өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Роза Бағланованың мерейтойы Мәскеуде атап өтілді

Роза Бағланованың мерейтойы Ресейде де тойланады. Мәселен, бүгін Ресей астанасы Мәскеу қаласында халықтың сүйікті әншісінің құрметіне фотокөрме ашылып, мерекелік концерт өтті. Іс-шараға Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, зиялы қауым мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.  

«Осындай ірі іс-шаралар Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де өткізіліп жатқаны қуантады. Мұнда ұсынылған фотосуреттердің әрқайсысы Роза Бағланованың мағыналы өмірінің жарқын сәттерін ғана емес, сонымен бірге бүкіл дәуірдің өрлеуін де бейнелейді», деді министр көрменің ашылуында.

Фотокөрмеде әншінің өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін 30-дан астам бірегей фотосурет ұсынылған. Көрме 7 бөлімнен тұрады: «Бірінші Роза», «Соғыс жылдарындағы ерлік пен даңқ», «Шығармашылық шыңы»,  «Әр ән - жауһар», «Бүкіл әлемді жаулап алған Розам», «Қоғамдық-саяси қызмет» және «Халық сүйіспеншілігіне бөленген жарқын өмір».

Айта кетсек, бұлбұл әншінің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген, ал қазан айында ұйымның штаб-пәтерінде Роза Бағланованың құрметіне үлкен концерт өтеді деп күтілуде. Ал қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық вокалистер байқауын өткізу жоспарлануда.

«Роза Бағланова - дәуір символы және халықтың сүйіктісі. Қазалы өңірінен шыққан тума таланттың қазақ халқының музыкасы мен Қазақстан композиторларының шығармашылығын елімізден тысқары жерлерге танымал етуге және танытуға қосқан зор үлесін айтпай кетуге болмайды. Роза Бағланова Ұлы Отан соғысы жылдарында концерттік бригада құрамында Қызыл Армия жауынгерлерінің алдында ән айтып, майдан даласынан жараланғандарды алып шықты. Бейбіт уақытта да Роза Тәжібайқызы бүкіл әлемге ән шырқап өнер көрсетті, қоғамдық істермен  белсенді айналысты, қайырымдылық шараларына қатысты», деп атап өтті Дәурен Абаев мерекелік концертте сөйлеген сөзінде.