Дүние жүзінің әр түкпіріндегі діндер лидерлерінің басын бір арнаға тоғыстыратын съездің алар орны мен рөлі қашанда жоғары. Съезге шақырылған құрметті қонақтардың ішінде шоқтығы биік, қасиетті Рим Папасы да елімізге келді.
1 млрд 400 мың адамнан асатын католик дініндегілер, жалпы христиан әлеміндегілер ғана емес, жер жаһандағы халықтар мен мемлекеттер сөзіне құлақ түретін Рим Папасының әр сапары, әр аудиенциясы қашанда дүйім дүниенің назарында.
Қазақстандықтардың есінде болар, 2001 жылы 22-25 қыркүйекте Астанаға келген сапарында Рим Папасы II Иоанн Павелдің Қазақстан туралы айтқан жүрекжарды бағасы, қазақ халқына тілегі, ұлы Абай сөзінен дәйек келтіргені, оны қазақша айтқаны сол күні-ақ бүкіл әлемді шарлап кетіп, еліміздің абыройын асырған болатын. «Қазақ халқы, сені шынайы прогресс тұрғысынан, ынтымақтастық пен бейбітшілік рухында құрудың жауапты міндеті күтіп тұр. Қазақстан – азапқа түсушілер мен діни нанымдағылар жері, айдалғандар мен қаһармандар жері, ойшылдар мен суреткерлер жері, ештеңеден тайынба», деп еді сонда II Иоанн Павел.
Рим Папасы Франциск – католик шіркеуінің 266-шы басшысы, ерекше еңбекқор, дарынды және өте қарапайым адам. Оның лауазымы – Рим епископы, Ғайсаның жердегі ізбасары, Апостолдар князінің мұрагері, Әлем шіркеуінің жоғары Бас Пірі, Батыс Патриархы, Италия Примасы, Рим провинциясының Архиепископы және Митрополиті, Ватикан шаһары-мемлекетінің басшысы, Бір Тәңір үмбеттерінің үмбеті. Тіршіліктегі аты-жөні Хорхе Марио Бергольо, 1936 жылы 17 желтоқсанда Аргентина астанасы Буэнос-Айресте италиялық бес балалы эмигранттар отбасында дүниеге келген. Болашақ Рим Папасы Буэнос-Айрес университетін бітіріп, химик-технолог маманы дипломын алған. 22 жасында Рим-католик шіркеуінің семинариясын аяқтап, діни қызметін бастаған.
33 жасында Сан-Мигель колледжінде ұстаздық жұмыста болды. Одан кейін өз елінде католик шіркеуінің епископы біртіндеп Буэнос-Айрес архиепископы, кардинал дәрежесіне дейін көтеріліп, өз елінде Рим Папасынан кейінгі католик шіркеуінің діни басшыларының қатарына кірген. 2005 жылы Рим Папасы II Иоанн Павел қайтыс болғаннан кейін кардинал Бергольо Ватиканнан шақыру алып, католик шіркеуінің басшысы лауазымына талапкер болды. Сайлау нәтижесінде Рим Папасы болып неміс Йозеф Ратцингер сайланды. 2013 жылы XVI Бенедикт өз еркімен дінбасы лауазымынан бас тартқаннан кейін, кардинал Бергольо жабық дауыс сайлауында Рим Папасы болып сайланып, Франциск деген есімді иеленді. Бүкіл католиктер қауымы Латын Америкасынан шыққан, өте қарапайым кардиналды зор құрметпен қарсы алды.
Үлкен лауазымды қызметке келсе де, Рим Папасы Франциск өзінің қарапайымдылығымен, адамдармен кездесулерде өте мейірімділігімен де ерекше. Кезінде эмигранттардың аяқтарын жуып, СПИД ауруына шалдыққандармен кездесуі және үй-жайы жоқ қаңғыбас адамдарды жинап, олармен әңгіме-дүкен құрып отыруы бүкіл әлемге белгілі.
2016 жылы Франциск Мәскеу және бүкіл Орыс Патриархы Кириллмен кездесіп, католик шіркеуі мен орыс православ шіркеулерінің қарым-қатынастарын жақсарту туралы және бүгінгі халықаралық саясат жайында маңызды әңгімелер көтерді. Рим Папасы Ресей президенті В.Путинмен екі рет кездесті.
Соңғы кезде 85 жастағы Рим Папасының денсаулығы да сыр бере бастады, ол бірнеше операция жасатып, ауруханадан емделіп шықты.
Тарих Ватиканның бүгінде католицизмнің орталығы болып қана қоймай, сонымен бірге қалың бұқараның имандылық санасын қалыптастыруға жәрдемдесетін ықпалды мемлекетке айналғанын көрсетіп отыр. Ватикан мемлекеті – ерекше ел. Бұл мемлекетпен қарым-қатынас сипаты өркениеттіліктің, діни төзімділіктің айқын көрінісі болып саналады.
Ал Қазақстандағы католицизмнің өзіндік тарихы бар. Ватиканда сақталған тарихи құжаттарға жүгінсек, Рим Папасы мен ұлы қазақ хандары арасындағы дипломатиялық хат жазысулар сонау орта ғасырлардан бастау алады. Қазақстан аумағында католик шіркеуінің құрылымдық ұйымдасуының маңызды кезеңі II Екатерина патшалығы тұсынан басталады. Ресей империясында құрылған епархияларға сол кездегі Верный, Петропавл, Қостанай, Семей епархиялары енген. 1917 жылы Қазан революциясынан кейін барлық дін өкілдері сияқты католик дініне сенушілер де аса қиын жағдайға душар болды. Сталиндік репрессия кезінде көптеген католик дін басшылары Қазақ даласына жер аударылып, олардың көпшілігі осында көз жұмды. Рим Папасы қазақстандықтар – епископ Никита Бутка мен священник Николай Зарецкийді дін жолында азап шеккендер қатарына жатқызған болатын.
1991 жылы Қазақстан мен Орталық Азияның Апостолдық әкімшілігі құрылып, бір кезде көптеген дінге сенушілер қудалау мен азапты өлім құшқан Қарағанды қаласы оның орталығына айналды.
Қазіргі уақытта елімізде 85 католик діни бірлестігі және келушілердің 160 тобы бар. Онда екі архиепископ, үш епископ және 70-тен астам пірәдарлар жұмыс істейді. Олардың ұлттық құрамы – поляктар, италиялықтар, немістер, америкалықтар, корейлер мен швейцариялықтар. Қазақстандағы барлық католик дініне сенушілер, жергілікті священниктер мен дін қызметкерлері, мемлекеттік және жергілікті өкімет органдарының лайықты қамқорлығына ие. Еліміздегі католик діни қызметкерлерінің көпшілігі – Қазақстан азаматтары.
Бүгінде католик шіркеуінің Қазақстандағы жемісті қызметін айтқанда, оның дін басшысы Томаш Бернард Пэтаның үлкен еңбегін аса құрметпен атап айту орынды. 2003 жылдан бастап Қазақстандағы католик шіркеулерінің басшысы болып архиепископ-митрополит Томаш Бернард Пэта тағайындалды. Ол бүгінде Қазақстан азаматы, Польшаның Иновроцлав қаласында дүниеге келген, Гнезно қаласында жоғары діни семинарияны бітірген. 1976 жылдан бастап Польшада, 1990 жылдан бері Қазақстанда католик діни қызметкері, 2003 жылдан аға епископ, сонымен бірге митрополит дәрежесіне көтерілді.
Қазақстанға күштеп жер аударылған этностардың ішінде поляктардың қатары қалың. Католик дінін ұстанатын Қазақстандағы 29 мың поляк, 172 мың неміс пен 247 мың украиндықтың көбі литвалықтар, латвиялықтар және еліміздегі католик шіркеуінің басқа да көптеген өкілі өздерінің екінші Отанының экономикалық, әлеуметтік, ғылыми және мәдени тұрғыдан дамуына бір кісідей атсалысуда. Еліміздегі католиктер де, басқа дін өкілдері сияқты Қазақстан этностарының татулығы мен ұлтаралық, дінаралық келісімін нығайтуға күш жұмсауда. Олардың да елімізде қалыптасқан осы ынтымақ-бірліктің іштен және сырттан бұзылмауы алаңдатады. Біз түрлі діндер өкілдерінің арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді мақсат етеміз.
Иә, Рим Папасының қай сапары да әлем назарында тұрады, қай сөзіне де дүние құлақ түреді. Әлемдік ауқымдағы беделді саясаткер Рим Папасы Францискінің Қазақстанға сапары өзінің рухани қайта жаңғыруын бастан өткеріп отырған Қазақстан халқы үшін үлкен тарихи оқиға болары сөзсіз. Бұл мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықтағы беделіне игі ықпал етеріне күмән жоқ.
Аманбек МҰҚАШЕВ,
дінтанушы, мемлекеттік қызмет ардагері