Таным • 15 Қыркүйек, 2022

Сөз зергері

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Тыныштық, тыныштық» деп жүріп, Тәуел­сіздігі­мізден айырылып қалмайық...». Бұл – еліміздің ең басты ордені «Отанды» Президент Н.Назарбаевтың қолынан алып тұрғандағы жазушы Сафуан Шай­­мер­­деновтің сөзі. «Тыныштық керек, ты­­ныштық керек» деп халықты алдар­қа­тып жүрген сол кездегі саясат қай­дағы бір халық­аралық құрылымдармен қосар­ланып, елі­міздің тәуелсіздігіне біршама сын түсіргенін жасы­руға болмайды.

Сөз зергері

Әсіресе кейбір халықаралық заң­дардың ұлт­тық заңнамадан үстем болуы, ел мүддесін ескер­мегені де халықты ойландырмай қал­май­тын. Осындайларды жазушы өзінің табиғи көре­гендігімен бақылаған және соны үлкен марапат алып тұрғанның өзінде Елбасына тікелей айтудан бұғып қалмаған...

Мұндайға тек Сафуан Шаймерденовтей дара тұлғалар ғана барары сөзсіз еді. Оның Желтоқсан оқиғасынан кейін жазушылармен кездескенде Г.Кол­бинге не айтқаны да белгілі. Қазақ жазушы­ларының көбі бұғып қалғанда тек Жұбан Молдағалиев екеуі ғана қазақтың намысын жықпай, халықтың ашық өкпесін айта алды. Бәлки бүгінгі күннің «батырлары» ондай сөзді батырлыққа баламас, бірақ сол заманда осыдан артық дүниені айту 1937 жыл болмаса да ызғары соған айналған 1987-де айту мүмкін емес еді... Бұл кезде қазақты жаныштау, жаппай жазалау жүріп жатқан еді ғой. Сондай жағдайдың өзінде ол Колбинге тіке қарап: «Сіздің баяндамаңызда ұлтшылдық туралы көп айтылды, ал шовинизм туралы бір сөз жоқ. Бұл Қазақстанда шовинизм жоқ дегенді білдіре ме? Сіз «жоқ, оны білдірмейді. Қазақстанда шовинизм бар. Біз ол туралы баяндамада ұмытып кетіппіз» деп жауап бердіңіз. Бірақ бұл жердегі сіздің «ұмытшақтығыңызда» қан­дай да бір заңдылық жатқан жоқ па? Сіздің «шовинизм туралы ұмытып кетіппіз дегеніңіз не сөз? Бұл деген сіздерде, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде ұлтшылдықтың шығуымен күресудің арнайы жоспары бар да, шовинизм­нің шығуымен күресетін терең ойластырылған нақты жоспары жоқ. Міне, сіздің жауабыңыздан кейін осындай көңіл көншімейтін, адамды жа­бырқататын қорытындыға келдім» дегеннің өзін жүрегінің түгі бар адам айта алар еді сол заманда.

Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Шерияздан Елеу­кенов Сафекеңді Бұхар жырауға теңеген. Сафе­кеңнің айтқыштығын тек соған теңеймін дей келіп Ш.Елеукенов былай дейді: «Бұхар жырау аюдай ақырып тұрған Абылай ханның өзіне, оның саясаты ел мүддесінен қиғаштап бара жатқан жағдайда, жасқанбай қарсы келіп жыр нөсерін төгетін. Ақыры Бұқарекең Абылайды дегеніне көндіріп тынатын. Ал марксшіл-лениншілміз, алдыңғы қатарлы теориямен жасақталғанбыз деп бөсетін кеңестік данышпандар Абылай, Бұқар жырау биігінен де табыла алмай сорлады ғой…», дейді ғалым. («Қазағының қарағайы»., «ЕҚ»., 13.09.12 ж.)

Ал бүгінгі де, болашақ ұрпақ та Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденовті ең алдымен ержүрек, халықтың жоғына жаны күйген шексіз патриот тұлға деп таныры анық. Оның осы істері ұлт үшін жаны күйетін жастың айнымас құбылнамасы. Ал қазақ әдебиеті мен өнеріне олжа салған 30 шақты кітаптың авторы, атақты жазушы, драматург екендігін көзі қарақты оқырманның бәрі біледі.

Қалай мақтасақ та жарасатын сөз зергерінің 100 жылдық мерейтойын атап өтуге осы күндері солтүстікқазақстандықтар қызу дайындық үстін­де. Сафағаң Қызылжар қаласының Құрметті азаматы, шаһардың қақ ортасында қазақ тілінде білім беретін классикалық гимназия сол кісінің атында. 1994 жылы, айхай дағдарыс жылдарында Қызылжар қаласында алғашқы болып салынатын осы қазақ мектебіне қаражат табылмағанда, сол кездегі облыс әкімі В.Гартманның және «Қазақ тілі» қоғамы­ның төрағасы Қ.Әбдірахманов­тың өтінішімен Сафе­кең Премьер-министр С.Терещенкоға кіріп, ақша бөлдірткен еді. Әттең, сонда Терещенкоға айтқан сөздері қағаз бетіне түспеген. Ол жерде де Сафекең бұлтартпас дәлелдер айтқан болуы керек... Әйтеуір, соның арқасында аталған гимназияның құрылысы жүріп кеткен еді. Міне, енді жазушының 100 жылдық мерейтойы да қыркүйектің 16-сынан бас­тап осы оқу орнының қабырғасында басталатын болып отыр. Елорда мен Алматыдан келетін Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров бастаған, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Сабыр Қасымов, Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса, Марфуға Айтхожина, Несіпбек Айтұлы, Нұрлан Өнербай және т.б. қостаған қазақ әдебиеті мен өнерінің айтулы өкілдері, қоғам қайраткерлері қоштаған құрметті делегация осы мектептегі Сафуан Шаймерденовтің мүсініне бас иіп, гүл шоқтарын қояды. Ал «Сөз зергері – Сафуан» атты әдеби кеш облыстың ең үлкен сахнасы – Оқушылар сарайында болып, ол кешіне «Дөкей келе жатыр» деген С.Шаймерденовтің драмасымен С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының сахнасын­да жалғасады. Ал ертесіне той мерекесі жазушының туған жері – Жамбыл ауданына барумен жалғасады.

Міне, солтүстікқазақстандықтар қазір жақ­­сысын ұлықтау жолында жан таппай да­йын­далуда.

 

Солтүстік Қазақстан облысы