Үкімет • 15 Қыркүйек, 2022

Тауар айналымы артады

271 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда бірқатар ратификациялық заң жобасы мақұлданды.

Тауар айналымы артады

Атап айтқанда, Еуразиялық эконо­ми­калық одақ (ЕАЭО) пен Иран Ис­лам Республикасы арасындағы ер­кін сауда аймағын құруға арналған уа­қытша келісім, ЕАЭО-ның тех­ни­ка­лық регламенттері талаптарының сақ­талуына мемлекеттік бақылауды (қа­да­ғалауды) ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­­тердің көрсетілген саладағы заңна­масын үйлестіру мақсатымен жүзеге асыру қағидаттары және тәсіл­дері тура­­лы келісім, сондай-ақ «Жаһан­дық жа­сыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бар.

«2018 жылғы 17 мамырдағы бір тараптан ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға арналған уақытша келісімге хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов баяндама жасады. Оның айтуынша, толық ауқымдағы келісім әзірленіп жатыр.

«Иран – біз үшін стратегиялық бағыт. Бұл – 80 миллионнан астам халқы бар әлеуеті зор нарық. Келісім ұзартылған жағдайда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 16-16,6%-ға немесе 377,4-440,1 млн АҚШ долларына артады», деді вице-министр.

Осы заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков сөз сөйледі. Ол бұл жобаның уақытша келі­сімді 2025 жылдың қазан айына дейін ұзартуға бағытталғанын түсіндірді.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау келісімнің Қазақстанға экспорттық қызығушылық тудыратын бірқатар тауарға баж салығын төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Алайда қазақстандық экспортшылар тарифтік преференциялар алатын жекелеген тауарлар тізімінде астық, ұн мен құрыш сияқты еліміз үшін маңызы зор тауарлар жоқ.

«ЕАЭО елдері мен Ирандағы импорт­тық кедендік баж салығының теңсіз төмендеуі де назар аудартады. Иран тарапы сиыр еті, бұршақ дақыл­дары, өсімдік майлары, макарон, кон­дитерлік өнімдер секілді 360 тауарға, ал ЕАЭО елдері 502 тауарға импорттық баж салығын төмендетті. Олар: пісте, құрма, мейіз, кондитерлік өнімдер және тағы басқалар», деді А.Рау.

Сондай-ақ депутат еркін сауда аймағы туралы толыққанды келісім бойынша келіссөздер белсене жүріп жатса да, отандық бизнестің мүддесін қорғау қажеттігіне баса назар аударды.

Отырыс барысында вице-министр Е.Баттақов «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемле­кет­тердің көрсетілген саладағы заңна­масын үйлестіру мақсатымен жүзеге асыру қағидаттары және тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады.

Бұл Келісім ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­тердің аумағында техникалық регла­менттердің талаптарына сәйкес келмей­тін өнімді анықтау, сондай-ақ айна­лымға шығармау мақсатымен мемле­кеттік бақылау (қадағалау) органдары­ның өзара іс-қимылын айқындайды.

Сонымен қатар жалпы отырыста Экология, геология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Талғат Момышев «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификация­лау туралы» заң жобасы бойынша баян­дама жасады. Вице-министрдің айтуынша, Жаһандық жасыл өсу инс­титутын құру туралы келісімге 2012 жылы 20 маусымда Рио-де-Жанейрода қол қойылған. Институттың өзі 2010 жылы құрылды және халықаралық зерттеу орталығы болып табылады. Оның негізгі қызметі – экономикалық өсудің жаңа моделі саналатын «Жасыл өсуді» қолдау.

«Институт Париж келісімі аясында қабылданған міндеттемелерге қол жеткізу үшін жасыл өсу стратегиялары мен ұлттық жоспарлар әзірлеуде үкіметтерге қолдау көрсетеді. Инс­ти­тут қолдаудың бірнеше бағытын қам­тиды: эко­логиялық әсерді бағалау, қа­­ражат тарту және жасыл жобаларды жүзеге асыру, білім алмасу», деді Т.Момышев.

Сондай-ақ бұл келісімге қосылу ар­қылы Қазақстан өзіне ешқандай мін­деттеме жүктемей, техникалық көмек тарту мүмкіндігі мен инсти­туттың са­рап­тамалық әлеуеті және жинақ­талған білім базасына қол жеткізетінін атап өтті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.