15 Мамыр, 2014

Президент Оңтүстік Қазақстан облысындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Nazarbaev20АСТАНА. 16 мамыр. Мемлекет басшысына Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан игі істер таныстырылды. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Сапар барысында Сарыағаш ауданындағы «Био Семена» ЖШС-на барған Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдегі ауыл шаруашылығының ахуалы мен оны дамыту перспективалары жөнінде ақпарат берілді. Сондай-ақ, Президент көкөністер тұқымын және көшені безендіруге арналған ағаш көшеттерін өсіру ісін көрді. Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және Сарыағаш ауданының жұртшылығы өкілдерімен әңгімелесті. «Био Семена» ЖШС бағы егістігінің жалпы көлемі 60 гектар, оның 27 гектарын көше безендіруге арналған ағаштар алып жатыр,  33 гектары тұқымдық егістікке тиесілі. Бүгінге дейін кәсіпорын 250 жұмыс орнын ашқан. Бұдан кейін ол Шымкент қаласындағы «Бал Текстиль» ЖШС-ның кілем және кілем бұйымдарын шығаратын фабрикасына келді. Бұл жерде Мемлекет басшысына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы жобалардың жүзеге асырылу барысы және аталған фабриканың тоқыма және тігін желісі технологиялық процесі баяндалды. «Бал Текстиль» ЖШС – өңірдегі кілем және кілем бұйымдарын шығаратын алғашқы фабрика. Жобаны жүзеге асыру барысында 700 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевқа мұндағы техникалық жабдықтар жайлы мақтанышпен айтылды. Бельгиялық компания шығарған  құрылғылар еліміздің басқа еш жерінде жоқ көрінеді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттегі №3 емхана ұжымымен кездесті. Емханада Президентке облыстағы денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштері, соның ішінде жаңа технологияларды енгізу үдерісі хабарланды. Бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын №3 емхана «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы аясында салынған. Ол диагностиканың сәулелік, функционалдық, эндоскопиялық, биохимиялық және иммунологиялық түрлерін қамтитын жаңа диагностикалық құрылғымен жабдықталған. Мемлекет басшысы: «Облыстың әлеуметтік нысандарын дамытуға көп қаражат бөлінуде. Мемлекеттің денсаулық сақтау саласына үлкен қамқорлығы арқасында Оңтүстік Қазақстан халқының өмір жасы 3 жылға ұзарып, 71 жасқа жетті. Бұл - ең басты жетістік. Ана мен бала өлімі күрт азайды», - деді. Сапар барысында Шымкенттегі «Көрме орталығына» барған Президент Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен кездесті. Көрме орталығында ол Шымкент қаласының жаңа әкімшілік орталығы құрылысы жобасымен және Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындар тауарларының өңірлік көрмесіне қойылған  өнімдермен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев: «Қалада да, облыста да көп жұмыс істеліп жатыр. Өңірдегі тауар өнімділігінің қарқыны өте жақсы. Ол 3 жыл ішінде екі есе өсті. Облыста ауыл шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай әлеует және қолайлы климаттық жағдай бар», – деді. Бұған қоса, Президенті облыс аумағы арқылы өтетін «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автокөлік жолы, теміржол және құбыр магистральдерін қамтитын дамыған көлік жүйесі бизнеске қосымша жағдайлар тудыратынын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өңірдегі бірқатар проблемаларға, атап айтқанда, кейбір жаңа өндірістердің тоқтап қалуы мен мектептердегі орын жетіспеушілігі мәселелеріне де тоқталды. Кездесу кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Nazarbaev17Nazarbaev18Nazarbaev16Nazarbaev21Nazarbaev22 Жолдыбай Базар. Дереккөз: akorda.kz. Фото: Facebook.com.