Елорда • 15 Қыркүйек, 2022

Елорда атауын ауыстыруға қатысты қалалық мәслихатта қоғамдық тыңдау өтті

606 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана деп өзгерту мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда атауын ауыстыруға қатысты қалалық мәслихатта қоғамдық тыңдау өтті

Тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жиналғандарды әлеуметтік желіде, қоғамда көптен бері талқыланып жүрген, депутаттар бірауыздан мақұлдаған ұсынысты қолдауға шақырды.

Осы орайда Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері Марат Мұстафин, Кәрімбек Құрманалиев те елордаға ескі атауды қайтаруды қолдайтынын білдірді.

Қ.Құрманалиевтің айтуынша, ол ғалым ретінде қатысқан шетелдегі халықаралық форумдарға қатысушылардың көбі Астана атауымен таныс болған. 

Бұл мәселеге байланысты Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған да өз пікірін білдірді.

«Мемлекеттің дамуындағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі зор болды. Тұңғыш Президентке алғысымыз шексіз, бірақ қала атауын өзгерту шешімі бәлкім, асығыс болған шығар. Ономастикалық комиссия Астананың атын қайтару туралы ұсынысымызды жан-жақты қарастырып, талапқа көбірек сәйкес келеді деп есептеді. Ең бастысы, қоғамды біріктіруге мүмкіндік береді», дейді ол.

Ал, Елорда мәслихатының хатшысы Ерлан Қаналимов елорда атауын өзгерту процедурасы бірнеше кезеңнен өтуі керектігін атап өтті.

«Біздің отырыстарымыздан соң республикалық ономастикалық комиссияда осы мәселеге байланысты жиындар болады. Осыдан кейін құжаттар Үкіметке жолданады. Үкімет жарлық жобасын Президенттің қол қоюына ұсынады. Егер Жарлыққа қол қойылса, ол ресми жарияланғаннан кейін, елорда атауы өзгертіледі деп айтуға болады», деді Е.Каналимов.