16 Мамыр, 2014

Ұрпағымыз қазақ ертегілеріне зәру

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алдар-1Өзгенің «өрмекші адамы» мен «тасбақа батырларын», «Маша мен аюды» пір тұтып өсіп келе жатқан қара көз құлын­шақтарымыз қазақтың қаһар­мандарымен қауышар күн болар ма екен деп жүр едік. Қала­уымыз табылып, орындалатын секілді. Қазақ аңыздарының белді кейіпкері, күлкі мен тап­қырлықтың түп атасы Алдар-Көсе жайлы отыз сериялы алғашқы қазақ мультфильмі дүниеге келді. Және де бұл – жалғыз жаңалық емес! «Тағы айтарым тағы бар» дегендей, осы игі істің ұйытқысы Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасы мұнымен қатар әрқайсысы 16 сағаттық «Асыл сөз», «Шәкірттерге шашу» атты қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінен құралған аудио кітаптар шығарып үлгерді. Менің айтайын дегенім, осымен тоқтап қалмай, халық ауыз әдебиеті үлгілерінен, ерте­гілерден балаларға неге базар­лық әзірлемеске?! Өзіміздің пір тұтарлық батырларымыз, аңыз-ертегілеріміз жетерлік. Қа­­зақ фольклоры қазір өсіп-өркен­­деудің ең биік сатысында тұрма­ғанмен, ұлан-ғайыр әлеу­меттік жүк арқалауда. Ұлттың ру­хани болмысын, мінез-сипатын, тұрмыс-тіршілігін әлі сол фольклор арқылы айна-қатесіз танимыз. Еліміздің тәрбиелік, эсте­ти­калық, адамгершілік мұратта­рының айқын айғағы, рухани өлшемі де сол фольклордан бастау алады. «Ер-Тарғын», «Қыз Жібек», «Ал­памыс», «Бозжігіт», «Мұң­лық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат» т.б. жыр-дастандар дүркін-дүркін қайта басылып шығуда. Осы тұрғыдан алғанда, ауыз әдебиетінің халықтық сипаты, ең алдымен, оның «халық психологиясын», «халықтың арман-мүддесін, тілегін» қалай суреттеп көрсеткендігіне байланысты деп түсінуіміз керек. Көптеген фольклоршы ғалымдарымыздың ел аузынан ерінбей жазып алған алтын мұраларды сақтап қалуға міндеттіміз. Өйткені, кейінгі жет­кін­шектердің құлағына құйы­лып үлгермеген қаншама жыр-дастандар, ертегілер бар?! Мәшһүр-Жүсіптің ауыз әде­биеті үлгілерін жинаған еңбегін қарастырғанда, алдымен оның сол туындыларды қаншалық көлемде әзірлегенін анықтау парыз. Сөз жоқ, Мәшһүр-Жүсіп жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінің көбі әлі то­лық баспа бетін көрді деп айту қиын. Сондықтан ҰҒА-ның қолжазба қорында тағы да басқа сақталған материалдарға сүйене отырып, алғашкы мағлұматты жинақтап айтуға болады. Мәселен, Мәш­һүр-Жүсіп жазбаларында тұрмыс-салт жырларының отыз шақты түрі, аңыз-әңгімелердің екі жүздей үлгісі, ертегінің шамамен он шақты, жырдың төрт үлгісі, қисса-дастанның он бірі, жаңылтпаштың екі-үш беттік көлемі, жұмбақтың қара сөзі мен өлең түріндегі елу шақты үлгісі, мақал-мәтелдердің екі жарым мың жылдық мөлшері, ақындар айтысының жиырма бес нұсқасы, отыз шақты ақын-жыраулардың өлеңдері, дастандары, т. б. орын алған. Қорыта келе айтарым, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушылар ұсынған үлгілерді мультфильм ретінде балаларға ұсынса деген ой келеді. Балаларымызды өзіміздің ұлттық ертегілермен тәр­биелесек, нұр үстіне нұр болар еді. Жанар АЛТАЕВА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Павлодар облысы, Қашыр ауданы.