Фотогалерея • 15 Қыркүйек, 2022

Учаскелік инспекторлардың бір түні

638 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмыстары дәл мұндай қызықты, әрі қауіпті болар деп ойламаппын. Жуықта Ертіс полиция бөлімінің инспекторларымен түнгі кезекке түстік. Форма киіп, иыққа погон тақтық. 

Учаскелік инспекторлардың бір түні

Алдымен Ертіс полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, майор Болатжан Рахимжанов учаскелік инспекторлардың міндеті мен қызметі туралы қысқаша түсінік берді. 

– Әсіресе, отбасылық кикілжіңдерге көп шақырады. Ал, қылмыстық істерге біз бармаймыз. Мәселен, пәтерді су басса, отбасылық ұрыс-төбелес болса, оқиға орнына біз жетеміз. Кейбір жағдайда, психикалық диспансерде тіркеуде тұрған азаматтар тәртіпсіздік жасайды. Ондай болса, №20 бригаданы шақырып, диспансерге жөнелтеміз. Егер де, отбасылық кикілжің орын алып, екі тараптың біріне орташа жарақат түсірсе, қылмыстық кодекстің 107 бабына сәйкес басқа топ айналысады. Қысқасы, жұмыстың қызығы мен шыжығы көп, – деді полиция майоры Б.Рахимжанов.   

Кабинеттен шығып бара жатқанымызда: – Жарақат түсіп қалмасын, байқап жүріңіздер, – деп және сақтандырып қойды басшының орынбасары. 

Соған қарағанда, тентектерді тезге салу полиция қызметкері үшін де оңай еместей көрінді. Міндетіміз – кешкі сегізден таңғы сегізге дейін Ертіс полиция бөліміне қарасты аумақтағы шақыртуларға бару. №220 экипаж. Екі учаскелік полиция, бір жүргізуші. Іске кірісіп кеттік.

«Жұма немесе сенбі емес, шақыртулар түсер ме екен» дегенімше болған жоқ, Буров көшесіне шақырту түсті. Алдын ала хабарлағандай, адам қайтыс болған екен. Ұшып жетсек, учаскелік полиция инспекторы барып, тиісті хаттаманы толтырып қойыпты. Мұндай жағдайда, алдымен полиция қызметкерлері мәйітте ешқандай жарақаттың жоғына көз жеткізеді, туыстарымен тілдеседі. Егер азамат өз өлімімен қайтқан болса, жедел жәрдем келіп, мәйітханаға жөнелтеді. 

 д

Екінші шақырту А.Чехов көшесіне түсті. Барсақ, 50 жастағы әйел азаматшаның ұялы телефонына «полициядан» деп белгісіз біреулер хабарласқанын айтып шағымданды. Қоңырау шалғандар Г. есімді азаматшаның атына несие рәсімдемек болғанын ескертіп, картасын блоктау керек деген көрінеді. Абырой болғанда, азаматша оларға ешқандай код айтпаған. Осындай қоңыраулар жиі түсе бастаған соң полиция көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Шақыртуына жедел жеткен жергілікті полиция инспекторлары Қуаныш Айбекұлы мен Эльдар Серікұлы мұндай қоңырауға мейілінше жауап бермеу керектігін айтып түсіндірді. Жауап берген жағдайда да, қысқа ғана сөйлескен жөн.

д

Инспекторлардың айтуынша, жұмыс күндері 70-ке жуық шақыртуларға барады екен. Ал, жұма, сенбіде жүзден астам азаматтардың шағымына құлақ асады. Байқаймын, халық болмашы дүниеге де полиция шақыратын көрінеді. Әр шақыртуға инспекторлар хаттама толтырады немесе рапорт жазады. Соған қарағанда, қағаз бен қалам шақ келмейтін секілді. 

Үшінші шақырту қаланың іргесіндегі «Лесхоз» шағын ауданына түсті. Әйел азаматшаны көршісі соғып жіберген көрінеді. Анық-қанығына барған соң көз жетеді.

...Полицейлердің рацияларында быж-быж етіп, маза жоқ. «Лесхоз» шағын ауданының орталық көшесіндегі шамы жарқырап тұрған дүкен алдына тоқтадық. Жәбірленуші азаматша өзі келді. Жазған арызына көз салсақ, бұрынғы күйеуінің әйелі соққыға жығыпты. Мән-жайды анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін күйеуінің үйіне беттедік. Қатар көшеде тұрады екен. Түн ішінде есігін қағып жүріп ояттық. Сөйтсек, күдікке ілінген әйел арызданушыны бұл күні мүлдем көрмегенін айтты. Жаза берсек, шым-шытырық оқиға. Полицейлер қос тарапқа да түсіндіру шараларын жүргізді. Оның үстіне, бұл отбасылар бұрыннан бері 102 арнасына жиі қоңырау шалатын секілді.

Айтқандай, төртінші, бесінші шақыртуларға тоқтаусыз бара бердік. Түн ауа санынан жаңылдық. Учаскелік инспекторлар біріне хаттама толтырса, енді бір жағдайда рапорт жазып үлгеріп жүр. Жұмыстары қарбалас. Мінген көліктерінде де, өздерінде де дамылдауға мұрша жоқ. Кезекті шақыртудан соң келесі мекенжайға асыға шығып бара жаттық...

Айтқандай, төртінші, бесінші шақыртуларға тоқтаусыз бара бердік. Түн ауа санынан жаңылдық. Учаскелік инспекторлар біріне хаттама толтырса, енді бір жағдайда рапорт жазып үлгеріп жүр. Жұмыстары қарбалас. Мінген көліктерінде де, өздерінде де дамылдауға мұрша жоқ. Кезекті шақыртудан соң келесі мекенжайға асыға шығып бара жаттық...