Кино • 15 Қыркүйек, 2022

Эмир Байгазиннің фильмі «Оскарға» ұсынылды

166 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Эмир Байғазиннің «Өмір» фильмі Қазақстанның Оскар комитетінің шешімімен америкалық «Оскар» киноакадемиясының сыйлығына «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясында ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz 

Эмир Байгазиннің фильмі «Оскарға» ұсынылды

Байғазиннің жаңа картинасының әлемдік премьерасы осы күндері өтіп жатқан беделді Торонто кинофестивальінің «Заманауи әлемдік кино» секциясында көрсетілді.

Фильм үш жыл бойы Алматы, Түркістан облысы, Ақтау және Таиландта түсірілді. Картина тағдырлар тоғысындағы түрлі оқиғалар тізбегіне тап болатын кейіпкер туралы баяндайды.

Басты рөлді Еркебұлан Тасынов сомдаған. Байғазиннің өзі жобада сценарий авторы, режиссер, оператор және продюсер болды.

«Бұл фильмнің идеясы маған он жыл бұрын алғашқы картинамды түсіруге дайындалып жатқанда келді. Кейіпкердің басына түскен қиындықтарға қарамастан, мен әрқашан бұл оқиғаны өмірге деген махаббатқа толы деп санайтынмын», деді режиссер.

Фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген.

Ал Эмир Байғазин 2013 жылы әр түрлі фестивальдерде 25-тен астам марапаттарға ие болған «Уроки гармонии» картинасымен әлемдік кино алаңына шықты.  Ол Қазақстанға алғашқы болып Берлин кинофестивалінің «Күміс аюы» жүлдесін әкелген.  Кейін режиссердің «Раненый ангел» мен «Өзен» фильмдері шықты, батыс жұртшылығы оны жылы қабылдады. «Өзен» фильмінің әлемдік премьерасы 75-ші Венеция кинофестивалінде «Көкжиектер» бағдарламасында көрсетілді, онда Эмир «Үздік режиссер» ретінде марапатталды.

95-ші рет берілетін Америкалық киноакадемия сыйлығына үміткерлердің тізімі 2023 жылғы 24 қаңтарда жарияланады. Рәсімнің өзі 2023 жылғы 12 наурызда өтеді.