Тіпті шалғайдағы ауылдардың тұрғындары аудан орталығы – Құрманғазыға Ресей арқылы қатынайды. Өйткені Құрманғазы мен Сүйіндік ауылдарының арасын жалғайтын 350 шақырымдық жолмен жүрудің азабы көп. Топырақпен көтерілген жолдың асфальты жоқ. Бұл, әсіресе, аяғы ауыр аналар мен мүгедектігі бар жандарға тіптен қиын.
Толғауы тоқсан тіршілікте осындай қиындықты бастан кешіп отырған алыстағы ауылдардың тұрғындарымен кездесуге облыс әкімі Серік Шәпкенов арнайы барды. Кездесуде тұрғындар ел тәуелсіздігін алғаннан бері шешімін таппаған қадау-қадау мәселелерді көтерді. Мәселен, Сүйіндік ауылында тұратын жеке кәсіпкерлер шаруаларын дамыту үшін жер ала алмай жүр. Ауыл тұрғындары Рамазан Қожанов, Ж.Ноғайбеков пен қоғамдық кеңестің мүшесі Маннап Қажыбаевты ауыз судың тапшылығы, азық-түлік бағасының қымбаттауы, өрт сөндіру депосын, дәріхана ашу секілді көпке ортақ мәселелер толғандырады. Екінші топ мүгедегі Нәсіп Елубаеваны емханада дәрі-дәрмектің жоқтығы, медициналық көмек алу алаңдатады. Оның айтуынша, ауылдағы емдеу орны жанынан анализ тапсыратын арнайы орын қажет. Ауыл тұрғындарының денсаулығын тексеру үшін аудан, не облыс орталығын дәрігерлердің айына бір рет келіп тұрғанын қалайды.
Ал Думан Меңдешовтің дерегіне қарағанда, «Сүйіндік асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС иелігіне 134 мың гектар жер 49 жылға жалға берілген. Бірақ бұл жер әлі игерусіз бос жатыр. Қазір серіктестіктегі қой саны 12 мыңға жетпейді. Округте 20 жылдан бері жаңадан шаруа қожалығын құрамын, ауыл шаруашылығын дамытамын деушілерге жайылымдық жер берілмей отыр.
– Біз арнайы мамандарға есептеткенімізде, 10 мың қойға 30 мың гектар жайылым жеткілікті екен. Бұл серіктестік 134 мың гектар жайылымды бір өзі иемденіп отыр. Екі жыл бұрын ауылымызға газ тартылды. Оны пайдаланып келеміз. Бірақ әлі күнге дейін қолымызға құжаты тиген жоқ. Қазір 100-ге жуық отбасы көгілдір отынды ешқандай құжатсыз тұтынып отыр. Осы уақытқа дейін бірде-бір тұрғын газға төлем төлеген жоқ, – дейді Д.Меңдешов.
«Сүйіндік асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС басшыларының мәліметінше, жайылымдық жерге қатысты ахуал тұрғындар айтқандай емес. Шаруашылық 2005 жылы бірнеше гектар жерді, былтыр сотпен 20 мың гектарды мемлекет иелігіне қайтарған. Қазір 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ ауыл тұрғындары бұл уәжбен келіспейтінін білдірді. Осыған байланысты облыс әкімі дауға айналған жер мәселесін зерделеу үшін өзінің орынбасары жетекшілік ететін арнайы комиссия құрудың қажеттігіне тоқталды.
Сүйіндік ауылындағы дәрігерлік емханада да проблемалық мәселелер бар. Іргетасы 1977 жылы қаланған ескі емхана орталық су жүйесіне әлі қосылмапты. Электр желісі тозып тұр. Хирург, бала дәрігері, зертханашы, дәріхана жұмысын үйлестіретін фармацевт жоқ. Дәріхана ашуға талпынған кәсіпкердің осы салада еңбек өтілі болуы керек екен. Талап осындай.
Асан ауылдық округінің құрамындағы Үштаған елді мекенінің тұрғындарын құм көшкіні мазалайды. Рас, құм тоқтату жұмысы жүріп жатыр. Қазір бірінші кезеңге сәйкес 4,5 гектар жер учаскесінде құм тоқтату қолға алынған. Жоспарланған жұмыстың 40 пайызы орындалыпты. Оған 19 млн 900 мың қаржы қаралған. Ал екінші кезеңде 5,5 гектар жер учаскесінде үй іргесін көмкерген құмды тежеу жоспарланып отыр. Бұл үшін 2022-2023 жылдардың бюджетінен қаржы бөлу көзделіп отыр.
Тұрғындардың айтуына қарағанда, ауыл іргесіндегі құм көшкінін тоқтату үшін сексеуіл егудің тиімділігі зор. Сол себептен құмға қарсы төтеп беретін өсімдіктің 12 мың данасы қазан-қараша айында Қызылорда облысынан әкелінбек екен. Үштаған ауылын құмнан қорғар осындай нәтижелі жұмыс 2023 жылдың мамыр айында аяқталады.
– Шалғайдағы Асан, Сүйіндік ауылдық округтеріндегі кезек күттірмей шешілуге тиіс мәселелермен таныстым. Мұндағы бірінші мәселе – ауыз су проблемасы. Қазір бұл өзекті мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Екінші мәселе – медицинаның қолжетімділігі. Өйткені адам өмірінен қымбат байлық жоқ. Денсаулық – басты құндылық. Сондықтан жаңа амбулаториялық емхана салып, оны жедел жәрдем көлігімен қамту мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл мәселе де келесі жылға дейін шешімін табады. Тағы бір өзекті мәселе – болашақ ұрпақтың саулығы. Балалар жылы аясында балалардың уақытын тиімді өткізу үшін үйірмелер ашып, спорт нысандарын салу қажет. Бұл бастаманы қолдаймын. Десек те, нақты жобаны ұсынарда санға емес, сапаға мән беруді қалаймын, – деді Серік Шәпкенов.
Алыс ауылдардағы тұрғындарды ауыз су мәселесі алаңдатқалы қашан? Тұрғындарға ауыз суды су құбырмен беру әлі толық шешілмеген. Облыс әкімінің пікірінше, Қоянды топтық су құбырымен 9 елді мекенді түгел қамту мақсатында үшін 6 ұңғыманы қазуға жобалық-сметалық құжаттама жасақталыпты. Енді жобаны іске асыратын мердігер анықталады. Қазір мұнда 1 ұңғыма толық, екіншісі жартылай жұмыс істеп тұр.
– Жолдың жайы – көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Әсіресе құм көшкінін тоқтатуды басты мақсат етіп отырмыз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей ордасы ауданы арқылы Құрманғазыға келгенде осы жолмен жүрді. Бұл жолға асфальт төсеу қиын. Осыған байланысты министрдің тапсырмасымен облыстық әкімдікте арнайы мамандар тобы жол салудың жаңа технологиясын зерделеуді қолға алды. Шалғайдағы ауылдардың әлеуметтік проблемасы біртіндеп шешіледі, – деп түсіндірді С.Шәпкенов.
Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиевтің дерегіне қарағанда, Жалғызапан елді мекенінде типтік үлгідегі ойын және футбол алаңдарын, Сүйіндік, Балқұдық, Асан ауылдарында ауылішілік тас жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр. Ал былтыр Асан ауылының ішінде 5,9 шақырымдық су құбырын жүргізу жұмысы аяқталған. Бұл су құбыры «Құрманғазы су арнасы» мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілген.
Үштаған, Асан ауылдарының тұрғындары пошта бөлімшесін қайта ашуды, мобильді байланыстың жақсарғанын сұрайды. Өйткені ауылдарда интернет желісі нашар. Балқұдық ауылының тұрғыны Мансұр Қуанышәлиевтің айтуынша, елді мекендер электр жарығын Ресей Федерациясынан алып отыр.
– Шекара шебіндегі ауылдарды мекен еткен тұрғындардың шешілмеген мәселесі көп. Бізге электр жарығы Ресей Федерациясындағы Басқұншақ қаласынан келіп тұр. Еліміз тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асты. Осы кезеңде бұл елді мекендерді отандық электр энергиясымен қамтуға болатын еді ғой, – дейді М.Қуанышәлиев.
Оның айтуынша, тұрғындар хирургиялық ауруларды емдету үшін Астрахань облысының Қарабайлы қаласындағы ауруханаға қаралуға мәжбүр. Көрші елдегі ауруханаға барып-келу, дәрігерлерге қаралу үшін қомақты қаржы қажет. Міне, осындай мәселелер әлі шешімін таппай, көрші елдің энергиясына, дәрігерлеріне тәуелді болып отыр. Өзге елге тәуелділіктен құтылу үшін шалғайдағы елді мекендерге электр желісі аудан орталығынан тартылуға тиіс. Сырқат жандар үшін Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтеріне ортақ перзентханасы бар аурухана ашу қажет. Тағы бір мәселе – Азғыр ауылдық округінің орталығы Балқұдық ауылынан өрт сөндіру депосын ашу.
Биылғы тамызда Балқұдық ауылында зоналдық ветеринария зертханасы қайтадан іске қосылыпты. Мұнда 10 ветеринар жұқпалы ауруларды анықтау үшін серологиялық әдіспен диагностикалық зерттеу жұмыстары жүргізеді. Бірақ ветеринарларға қызметтік көлік қажет.
Атырау облысы