Қаржы • 15 Қыркүйек, 2022

Инфляция 18 пайызға жетуі мүмкін

257 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл елімізде инфляция деңгейі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке дейін жоғарылап, 16,1 пайызға жетті. Бұл ретте базалық пайыздық мөлшерлеме деңгейі – 14,5 пайыз. Осылайша, инфляция базалық ставкадан да жоғарылап кетті. Сарапшылардың айтуынша, инфляция мұнымен де тоқтамайды. Нарықтағы қысымды арттырып тұрған осы бір көрсеткіш жыл соңына қарай 18 пайызға жетуі мүмкін. Неліктен олай болады, нарықтағы негізгі үдерістер қалай өзгереді, сарапшылар түсіндіріп берді.

Инфляция 18 пайызға жетуі мүмкін

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жақында Ұлттық банк «Ақша-кредит сая­саты туралы баяндама. Қыркүйек 2022» зерттеуін жариялады. Баяндамада бол­жам­ның алғышарттары, базалық және бол­жам­ның баламалы сценарийлері бойынша макро­экономикалық жағдайдың даму перс­пек­тивалары, қазіргі макроэкономикалық жағдайларға терең шолу жасалған. Сонымен бірге құжатта ақша, валюта және қаржы нарықтарындағы жағдай талданады.

Ұлттық банк сарапшыларының айтуынша, қазір әлемде рецессия қаупі айтарлықтай өсті, тиісінше, жаһандық экономиканы одан әрі дамыту тәуекелдері нашарлау жағына қарай ауысты. Қазіргі дағдарыс тереңірек әрі ұзақ болады деп күтілуде.

«Жаһандық экономиканың өсуі 2021 жылғы 6,1 пайыздан 2022 жылы 3,2 пайызға және 2023 жылы 2,9 пайызға дейін баяулайды деп күтілуде. Алдыңғы болжамды раундпен салыстырғанда Қазақстанның сауда әріптес елдері бойынша болжамдар тағы қайта қаралды. Биыл Қытайға қарсы шектеулер мен жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыстың тереңдеуі нәтижесінде бұрын күткеннен де баяу қарқынмен өседі деп күтілуде. Еуроодақ бойынша осы жылға арналған болжамдар өзгеріссіз қалды. Ресей бойынша энергия тасымалдауыштарға бағаның жоғары болуы және экспорттың бірқалыпты қысқаруы есебінен экономикалық құлдырау бұрын болжанғаннан төмен болады деп күтілуде. Жаһандық инфляция болжамы азық-түлік пен энергия тасымалдаушылардың ағымдағы бағалары, сондай-ақ сұраныс пен ұсыныс арасындағы сақталып отыр­ған теңгерімсіздік есебінен көтерілді. Осылай­ша, Қазақстандағы тұтыну бағасына сыртқы инфляциялық қысым болжамды кезеңнің соңына дейін жоғары болып қалады. Тамыз айында Қазақстанда жылдық инфляция 16,1 пайызға жетіп, жеделдеуін жалғастырды. Негізгі үлес әлі де азық-түлік тауарларына тиесілі, бұл ретте азық-түлікке жатпайтын инфляция мен ақылы қызметтердің инфляциясы жылдамырақ қарқынмен жеделдетілуде», делінеді баяндамада.

Инфляцияның жеделдеуі 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғаспақ. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 16-18 пайыз шегінде қалыптасады. Бұдан әрі 2023 жылдың қорытындысы бо­йынша инфляцияның 7,5-9,5 пайызға дейін біртіндеп баяулауы күтілуде.

«Бұл 2022 жылғы жоғары базаның есебінен кетуіне, нақты пайыздық мөлшер­леменің жоғары болуына, сондай-ақ әлем­дік инфляциялық қысымның біртін­деп төмендеуіне, оның ішінде Ресейде инфля­цияның баяулауы бұрын күтілгеннен әлде­қайда жылдам болуына байланысты болады», деп түсіндіреді сарапшылар.

Бір ғана Қашаған кен орнының уақытша жұмыс істемеуі ел экономикасын 3,3 пайызға баяулатты. Бірақ бұл Ұлттық банктің күткен межесінен төмен. Ұлттық банк өкілдері экономиканың негізгі салаларында дамудың оң динамикасы сақталып отырғанын жеткізді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде машина жасау, азық-түлік өндірісі, сусындар және металлургия өндірісі өсу қарқынының ұлғаюына байланысты өсім байқалады. Экспорттық тауарлар бағасының өсуіне және карантиндік шектеулердің жеңілдеуіне байланысты көтерме және бөлшек тауар айналымы өсім көрсеткен.

«Қазақстан экономикасының өсімі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2,5-3,5 пайызға дейін баяулайды. 2023 жылы белгісіздіктің жалпы деңгейінің төмендеуі аясында Қазақстан экономикасының өсуі 4,0-5,0 пайызға дейін жеделдейді. Ішкі сұраныс фискалдық ынталандырумен қолдау көрсетілетін экономикалық белсенділіктің жетекшісі болады. Елде мұнай өндірудің күтілетін ұлғаюына байланысты экспорт ІЖӨ өсімінің қосымша факторы болады», делінеді.

Сарапшылар Қазақстанның сауда әріптес елдеріндегі инфляция бойынша жаңартылған болжамдарды назарға ала отырып, Қазақстандағы тұтыну бағаларына сыртқы инфляциялық қысым болжамдық кезеңнің соңына дейін жоғары болып қалады деп күтеді. Ресейге энергия тәуелділігіне байланысты ЕО-дағы инфляция бойынша болжамдар айтарлықтай көтерілген. Ресейде, керісінше, болжам біршама жақсарды, оған тұтынушылық сұраныстың қысқаруы мен рубльдің нығаюы ықпал етті. Жалпы, инфляцияның жеделдеуіне азық-түлік тауарларының бағасы неғұрлым көп үлес қосуда. Олардың өсуі биыл тамызда 20,8 пайызды құраған.

«2021 жылғы жазда жоғары мәндерін есептеуден шығу ет өнімдері, майлар мен тоң майлар бағалары өсуінің баяулауына әсер етті. Азық-түлік тауарлары бағасының одан әрі өсуі жеміс-көкөніс өнімдері, атап айтқанда, алма, жүзім, қырыққабат баға­лары өсуінің баяулауымен реттелді. Жеміс-жидек пен көкөніс бағасының айлық көрсетуде 4,4 пайызға маусымдық  төмен­деуіне қара­мастан, жылдық өсу біршама жеделдеді (14,8 пайыз).  Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсуі 2022 жылғы тамызда 15,5 пайызға дейін жеделдеді. Азық-түлікке жатпайтын тауар­ларды тұтынудағы импорттық құрау­шы­лардың жоғары үлесін назарға ала оты­рып, бағаның неғұрлым жоғары өсуі теңге­нің долларға шаққандағы айырбастау бағамы­ның әлсіреуінің әсерінен және көлік қызмет­тері құнының өсуінен туындады», дейді зерттеушілер.

Ақылы қызмет көрсету инфляциясы да қалыспай, 2022 жылғы тамызда 10,1 пайызға дейін жылдамдаған. Сонымен қатар халық та инфляция жоғарылай түседі деп болжайды. Бір жыл аралығында бағаның өсуін күтетін респонденттер негізінен оны азық-түлік өнімдерінің қымбаттауымен, сыртқы оқиғалармен және айырбастау бағамының өзгеруімен байланыстырыпты. Бағаның өсуін эпидемиялық жағдайдың нашар­лауымен, ықтимал өнімсіздікпен, табыстың өсуімен байланыстыратын күтулер артты.

«Тұтастай алғанда, инфляцияның қабыл­данатын деңгейі соңғы айларда жоғары деңгейде сақталып, маусым-тамыз айларында бүкіл бақылау тарихының ең жоғары деңгейіне жетті (2016 жылдан бастап)», дейді Ұлттық банк.

Еске салсақ, осыған дейін бірнеше ай қатарынан Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені көтеріп келді. Бірақ биыл 5 қыркүйек күні базалық ставканы көтермей, 14,5 пайыз деңгейінде қалдырды. Ақша-несие саясаты комитетінің хабарлауынша, инфляциялық процестердің орнықтылығы және оларды жеделдететін жаңа тәуекелдер базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы қазіргі деңгейде ұстап тұруды қажет етеді.