Мектепте сапалы білім беру үдерісі үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасалған. Интерактивті құрал-жабдықтармен қамтылған кең кабинеттер, екі компьютерлік сынып, ыңғайлы шеберхана, кітапхана, толық жабдықталған асхана және спорт залы бар.
Сонымен қатар білім ошағының жанынан мектепке дейінгі білім беру стандартына сәйкес 40 орындық шағын орталық ашылды. Аудан орталығындағы жаңа білім нысанының ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы келіп қатысып, мектеп ұжымы мен оқушыларды құттықтады. Аймақ басшысының айтуынша, облыс аумағындағы басқа да білім ошақтарын жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту жалғаса бермек. Биыл өңірдегі 30 ауыл мектебі жаңа автобустармен қамтамасыз етіледі. Ал Қарабалық ауданындағы мектептерге 5 жаңа автобус беріледі. Бүгінде облыстағы 455 мектепте 113 мыңға жуық оқушы білім алады. Соның 11 734-і биыл бірінші сынып табалдырығын аттаған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп білім саласына ерекше көңіл бөлді. Биыл 150 жылдығы атап өтіліп жатқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Халықты ағарту баладан, мектептен бастау алады», деп білімнің тірегі мектеп екенін айрықша атап өткен. Өңірде Балалар жылы аясында білім беру сапасын арттыру үшін барлық қажетті шара қабылданып, тағы бірнеше заманауи мектеп бой көтереді. Қазіргі таңда Қостанай қаласындағы «Береке», «Қонай» шағын аудандарында 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал Қостанай ауданының Еңбек ауылында құны 1,2 млрд теңге болатын 100 орындық білім ошағы салынады. Қарабалық ауданының Гурьянов ауылында 1,3 млрд теңгеге 100 орындық тағы бір мектептің құрылысы басталмақ. Жалпы, 2025 жылға дейін облыстың Қостанай, Арқалық, Рудный, Тобыл қалалары мен Әулиекөл, Жітіқара, Қарабалық, Қостанай аудандарында 9 120 оқушыға арналған жаңа 14 қазақ мектебі ашылады, – деді аймақ басшысы.
Қостанай облысы