Саясат • 15 Қыркүйек, 2022

Тарифтік саясат жариялылығы

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді.

Тарифтік саясат жариялылығы

Кеңес барысында фискалды реттеу ісін жаңғырту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдетуге және салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға ерекше назар аударылатын жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқаны атап өтілді. Сондай-ақ бюджет процесін бюрократиядан арылтуға басымдық берілетін жаңа Бюджет кодексі бойынша жұмыс жүргізілуде. Екі жаңа кодекстің жобалары 2023 жылдың көктеміне дейін дайын болуы тиіс.

Сонымен қатар тарифтік саясатты реформалау үшін табиғи монополиялар саласын реттеудің жаңа тұжырымдамасы – «Инвестицияға айырбасталған  тариф» ұсынылды. Ол бойынша тұтынушылар қара­жатын мақсатты пайдалануды қатаң бақылау, монополистердің әлеу­меттік жауапкершілігін арттыру, табиғи монополияларды мемле­кет­тік реттеу рәсімдерінің жариялы­лығын қамтамасыз ету және т.б. қарас­ты­рылған.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша жұмыс жалғасады. Талдау қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілері қызметінің 9 саласында 22 мыңнан аса талап анықталды. Олардың шамамен 17%-ы жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келмейді. Сондықтан олардың күші жо­йылады немесе қайта қаралады. Қалған салалар бойынша жұмыс 2023 жылдың І тоқсанының соңына дейін аяқталады.

Мемлекет-жекешелік әріптестік тетігінің тиімділігін арттыру және шарттар жасаудың ашықтығын қамтамасыз ету шеңберінде МЖӘ туралы заңға енгізілетін тиісті түзетулер әзірленді. Оларды жыл соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қызметін қайта форматтау бөлігінде сыни бағалау жүргізе отырып, қордың инвестициялық жобалары мен активтерінің портфелі қайта қаралады. Нәтижесінде жекешелендіру және басқа да тетіктер арқылы оңтайлы портфель қалыптастырылуы тиіс, бұл мемлекеттік ресурстарды босатуға және қайта бөлуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік басқару жүйесін қайта жаңғырту бағыты бойынша орталықтан өңірлерге өкілеттіктерді қайта бөлу үшін функционалдық талдау жүргізіледі. Соның арқасында жергілікті маңызы бар мәселелерді жедел шешу үшін өңірлік басқарушылардың өкілеттіктері кеңейтіледі.

Қаржы министрлігінің желісі бойынша салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялау, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді кедендік бақылауды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң әзірленуде. Онда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің ең төменгі бағасынан сапаның басымдығы қағидатын енгізу көзделген. Бұл ретте барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алуларын бірыңғай платформаға көшіру жоспарлануда.

Кеңес қорытындысы бойынша Е.Жамаубаев тиісті заңнамалық түзетулерді жедел әзірлеу, оларды жыл соңына дейін қабылдау, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды сапалы және уақытылы орындау қажеттігін атап өтті.