Экономика • 16 Қыркүйек, 2022

Көліктің өтімдісі – Cobalt

419 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл тамыз айында су жаңа автомобильдерді сатып алу көрсеткіші біраз жоғарылады. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылдың тамыз айымен салыстырғанда 25,4 пайызға өскен. Азаматтар әсіресе Cobalt пен Nexia-ны көп сатып алған.

Көліктің өтімдісі – Cobalt

Қазақстандық автобизнес қауым­дастығының дерегінше, қазақстандық дилерлер 10 668 жеңіл және жеңіл коммерциялық автомобильді, сонымен қатар 743 бірлік жүк көліктері мен автобусты сатқан. Жылдық есептеу бойынша көрсеткіштер 2021 жылғы дерекке жуықтайды. Биыл күзге дейін 74 953 көлік сатылса, былтыр бұл 76 090 бірлік болған.

Ресейден келетін импорт­тың айтарлықтай қысқарғанына қарамастан, Қазақстандағы авто­көлік бизнесі жақсы жұмыс істеп тұр. Өндірушілер құрамдас бөліктерді жеткізудің жаңа жолдарын табуда, ал ішкі нарық жаңа модельдермен толығып жатыр. Импорттаушылар мен дилерлер де жаңа брендтерге жедел икемделіп жатыр. Қауымдастықтың вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, Ресейден келетін импорттың бірнеше есе қысқаруы аясында автомобиль бизнесі жылдам қалпына келуді жалғастырып жатыр.

Тамыз айында ең көп сатылған үш автомобиль – Chevrolet (3854), Hyundai (2226) және Kia (1485). Toyota маркасының – 998 көлігі, Lada-ның – 592 көлігі, Chery-дің 519 бірлігі сатылған. Жетінші орындағы JAC маркасының 292-сі сатылса, сегізінші орында 233 бірлік сатылыммен EXEED жаңа маркасы тұр. Одан кейін 231 бірлік сатылыммен Lexus. Үздік ондықты 59 бірлік сатылыммен Renault түйіндейді.

Ал тамыз айында ең көп са­тыл­ған модельдердің алғашқы он­дығына мына үлгілер кіреді – Chevrolet Cobalt, Chevrolet Nexia, Hyundai Tucson, Kia Sportage, Toyota LC Prado, Hyundai Elantra, Kia K5, Chery Tiggo 8 Pro, Chevrolet Equinox және Lada Vesta.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Тұтынушылар тарапынан ең үлкен сұранысқа ие бес брендті айтар болсақ, олар – Chevrolet, Hyundai, Kia, Toyota және Lada. Жалпы, Chevrolet соңғы сегіз ай бойы көшбасшылықты мығым ұстап тұр.