Білім • 15 Қыркүйек, 2022

Шетелдік білім: Жаңа мүмкіндіктер кезеңі

833 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Интернет, роботтандыру, технология белсенді дамыған дәуірде білім туралы дәстүрлі түсініктердің өзгеруі де заңдылық. Жасыратыны жоқ, қазір дәстүрлі білімнің орнын EdTech шешімдер басып отыр. Ол қарқындылығымен және тез үйренуге деген талабымен ерекшеленетін қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне төзетін мамандарды даярлауға арналған.

Шетелдік білім: Жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Технологияның дамуы, маман­дықтардың өмірлік циклінің қысқаруы білім берудің классикалық моделінің, яғни мектептен университетке дейінгі білім берудің ескіруіне әкелгені анық. Осыдан шамамен 10-20 жыл бұрын мамандық алған соң, мансапты жоспарлауға және алдағы жылдарда айтарлықтай ештеңе өзгермейтініне сенімді едік. Бүгінде бұлай емес. Тіпті тұтас мамандықтардың өзі өткеннің еншісіне айналып бара жатыр. Әрі мамандықтардың құрылымы да жылдам қарқынмен өзгеруде. Сондықтан оқу диплом алумен ғана аяқталмайды. Үздіксіз білім алу үлгісі заман талабына айналып келеді.

FinReview.info мамандарының пікіріне қарағанда, адам капиталы – қазіргі қоғам­ның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, адам капиталының ел экономикасының өсуіне әсер ету дәрежесі шамамен 55 пайызды құрайды. Адам капиталын дамытудың ең маңызды факторы тұрақты экономикалық өсуде бас­ты рөл атқаратын білім екені анық. Әдетте елдегі білім деңгейі неғұрлым жоғары болса, оның экономикасы соғұрлым жақсы дамып, жұмыссыздық азайып, өмір сүру ұзақтығы артады. Дегенмен бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлі де болса артта қалып келеді. Мемлекеттер арасында білім беру жүйесінің сапасына арналған былтырғы рейтингте Қазақстан әлемнің 93 елінің ішінен 62-орынға ие болған.

«Әрине, елдің көрсеткіші әлі төмен. Бірақ ол осы саланың одан әрі дамуына бағдар бола алады. Мысалы, рейтинг әртүрлі әлемдік индекстерге енгізілген жоғары оқу орындарының санын ескереді. Қазақстан бұл бағытта белсенді жұмыс істеуде. 2022 жылы Қазақстанның 16 уни­вер­ситеті Quacquarelli Symonds World University Rankings беделді ха­лық­аралық ака­демия ин­дек­сі­не енді. Төрт жыл бұрын бұл көр­сеткішке небәрі 8 отандық жо­ға­ры оқу орны кірген болатын», дейді FinReview.info сарап­шы­лары.

Қазақстанда 122 жоғары оқу орны бар. Яғни жоғары оқу орындарының 13 пайызы ғана сапалы білім беру қызметін көр­се­теді. Жағдайды жақсарту үшін елімізде әлсіз оқу орындарын жүйелі түрде қысқарту және білім беру инфрақұрылымын нығайту арқылы білім сапасын арттыру қолға алынды. Нәти­же­сінде, 2025 жылға қарай 3 қазақ­стандық университет бірден әлем­нің ТОП-200 оқу орнына кіреді деп күтілуде. Қазіргі уа­қыт­та бұл топқа бір ғана университет еніп отыр. Ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Әрине, мұндай ауқымды мақ­сатқа жету үшін мемлекетке қомақты инвестиция қажет. Оның көлемі қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Бұл дегеніміз – Үкіметтің 2025 жылға дейін білім беру жүйесін дамытуға ба­ғыт­тайтын негізгі капиталға са­лынған 4,8 трлн теңге сома­сын­дағы инвестиция. Дәл осы сома «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында көрсетілген.

FinReview.info сарапшылары қазақстандық білім беру жү­йе­сінің негізгі үш мәселесін анық­таған екен. Біріншіден, бұл тәжірибеге бағытталған тә­сілге көшу. Қазір жоғары оқу орындарынан бөлек, кадр даяр­лауды технологиялық кор­по­рациялардың өздері де жүр­гізеді. Олар тәжірибесі кең ұқыпты білім базасы арқылы классикалық университеттерге қарағанда адам­­­­дарды көбірек тарта алады. Сон­дықтан отандық жоғары оқу орын­дары ірі компаниялардың жи­нақтаған тәжірибелерін пайдалана отырып, тәжірибелік-бағдарланған кадрлар даярлауға көшуі қажет.

«Екіншіден, білімнің қолже­тім­ділігі. Дүние жүзінде 8 млрд адамның 350-400 млн-ы ғана жоғары оқу орындарына қол жет­кізе алады. Технология ал­па­уыт­тарының талантты ма­ман­дарды тәрбиелеу үшін жарысқа түсуінің себебі де осы. Бұрын білім алу мүмкіндігі шектеулі бол­ғандықтан, корпорациялар ма­мандарды жеткіліксіз қа­былдап, қабілетті, бірақ білім алу­ға мүмкіндігі жоқ жас талант­тарды назардан тыс қал­дыр­ған. Үшіншіден, еңбек на­ры­ғы тым жылдам өзгеруде. Бұл өзгерістердің жылдам әрі түбе­гей­лі болып жатқаны сонша, клас­сикалық білім беру жүйесі жаңа шындыққа ілесе алмай жатыр», дейді FinReview.info сарап­шы­лары.

Олардың пікірінше, аталған мәселелерді шешудің бірден бір жолы – цифрландыру. Білім беруде цифрлы құралдарды пайдалану – дүниежүзілік құбылыс. Құбылыстың ауқымы білім берудің цифрлы технологиялары нарығының көлемімен де дәлелденген. Қазіргі уақытта жаһандық EdTech нарығы 254,8 млрд долларға бағаланады және бес жылдан кейін 605,4 млрд долларға жетеді деп күтілуде. Мұны G7 деңгейіндегі елдің бюд­же­­тімен салыстыруға болады.

Қазақстанда онлайн білім бе­ру нарығы салыстырмалы түрде жас және айтарлықтай өсу перс­пективаларына ие. Қазір елі­міздің 19 млн тұрғынының 15 млн-нан астамы, яғни 80 пайызға жуығы интернетті пайдаланушылар. Цифрлы білім беруді дамытудың ел экономикасына болжамды әсері ішкі жалпы өнім өсімінің шамамен 1,5 пайызын құрайды. Сондықтан Қазақстан жаһандық үрдістерге ілесіп, білім берудің цифрлы технологиялары нарығын белсенді дамытуда.

Осының нәтижесінде қа­зақ­с­­тандықтар қазір елден шық­­­пай-ақ әлемнің жетекші уни­­вер­ситеттерінен шетелдік білім алу мүмкіндігіне ие болды. Мысалы, Swiss International Institute Lausanne (SIIL) инсти­ту­тына онлайн тіркелу арқылы Швей­ца­рияның дипломын алуға болады. Мұнда сіз бака­лав­риат және магистратура бағдарламалары бойынша оқи аласыз, сонымен қатар жоба менеджері немесе бизнесті басқару бойынша іскерлік әкімшілендіру магистрі сияқты танымал бағыттар бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтуге болады. Оқуға түсу үшін тек бұрынғы білімі туралы диплом қажет, яғни қабылдау емтихандарын тапсырудың немесе ҰБТ нәтижелерін ұсынудың қажеті жоқ. Бұл швейцариялық білім алуды әлемнің кез келген жерінен барлығына қолжетімді етеді. SIIL институтының тағы бір артықшылығы – оқыту студенттің ана тілінде өтеді. Бірақ Қазақстан үшін әзірге тек орыс тілінде білім алуға болады. Қазақтілді білім беру түрі әзірлену үстінде және жақын арада қолжетімді болмақ.

Қашықтан оқытатын ше­тел­дік оқу орнының бірі – Аме­риканың Boston University уни­верситеті. Мұнда бакалавриат, магистратура және тіпті докто­рантура бағдарламаларын оқуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар университет дипломдық және кәсіби сертификаттау курстарында оқуға мүмкіндік береді.

Technical University of Kaiser­slautern не­міс уни­верситеті оқыту мен зерттеу жұмыстарының жо­ғары деңгейімен ғана емес, ағылшын немесе неміс тілдерінде онлайн оқу мүмкіндіктерімен де танымал. Мұнда жұмыс істейтін онлайн кампус үш негізгі бағыт бо­йынша толық қашықтан оқы­ту бағдарламаларын ұсы­нады: ғылым және технология, әлеу­мет­­­тік ғылымдар, менедж­мент және құқық. Уни­вер­си­тет тех­ни­калық білім беруге ар­­нал­ған­дық­тан, студенттер ара­сында, әсіресе инженерия, компьютер ғылымдары, бағдар­ламалық жа­сақ­тама әзір­леу, нанобиотехно­ло­гия және техноэтика са­ла­ла­рын­дағы онлайн бағ­дар­ламалар танымал.

Қазақстандықтар оқу орындарынан бөлек, біліктілікті арттыру курстары арқылы өз дағдылары мен құзыреттерін жақсарта алады. Мұндай курстарды ұсынатын оқу орталықтары өте көп. Бұл ретте «Астана» халықаралық қар­­­­жы орталығының (BCPD) үз­­діксіз кәсіби даму бюросы онлайн форматта білім беру қыз­меттерінің кең спектрін ұсы­нады. Мұнда Alpharabius, University of the Future, Qwant және Academy of Law сынды білім беру жобалары жүзеге асы­рылған. Осы платформалар арқылы қаржы, инвестиция­ны басқару салаларынан бастап IT бағыттары мен заң ғылымына дейін нарықта сұранысқа ие әртүрлі салалар бойынша білік­ті­лік­ті арттыру курстарынан өтуге болады.