Пікір • 16 Қыркүйек, 2022

Болашаққа салынған инвестиция

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы халықтың көкейінде көптен жүрген мүдделерімен дөп түсті. Жарияланған бағыт-бағдарлар мен мақсатты істерден біз «Әділетті Қазақстан» қағидатын көріп отырмыз. Жұрттың осы уақытқа дейін айтып келген өтініш-тілектері ескерілді.

Болашаққа салынған инвестиция

Үкіметтің және тұтастай алғанда бүкіл мемлекеттің алдына нақты міндеттер қойды. Еліміздің барлық саласына назар аударылғанын атап өткен жөн. Бірінші кезекте Президент халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелерін атап өтті. Әйелдер үшін зейнеткерлік жасты 2028 жылға дейін 61 жасқа дейін азайту, бала күтімі бойынша төлемдердің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін арттыру және балаларға ұлттық қор ашу туралы ұсыныстар – біздің болашағымызға салынған тіке­лей инвестиция. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Келешек ұрпақтың дамуы үшін бұл тамаша мүмкіндік болғалы тұр.

Ел экономикасының негізгі қуат-күші – шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа салық кодексін әзірлеуге, мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заңға да көңіл бөлінді. Бұдан басқа шетелдік көліктердің елімізде тіркелуі, жолдардың сапасы жа­йында да тыңғылықты тапсырмалар берілгенін естідік.

Ерекше атап өтерлігі, Прези­дентіміз қаңтар оқиғасына зор көңіл бөліп, қаралы кезеңге қатыс­ты ойларын жеткізді. Қаңтар оқиғасының қатысушыларына бір реттік рақымшылық жасау на­ғыз демократиялық мемлекеттің көрсеткіші деп есептеймін.

Қасым-Жомарт Кемелұлының биыл күзде мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу және келер жылдың алғашқы жартысында барлық деңгейдегі депутатты мерзімінен бұрын сайлау туралы бастамасын толық қолдаймын. Болашақта Президент 7 жылға әрі бір мерзімге сайлануы – құптарлық іс. Ел басшысы өз өкілеттілігінде бір ғана бағдарламамен, нақты істермен жұмыс істесе түпкілікті нәтиже болады деген сенімдемін.

 

Дәурен ҒАЗИЗ,

С.Торайғыров атындағы университеттің саясаттану магистранты

 

Павлодар облысы