Қаржы • 16 Қыркүйек, 2022

Фискалды чектің берілмегені туралы шағымданған азаматтарға сыйақы төленді

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Фискалды чектің берілмегені және банк картасын қабылдаудан бас тартқаны туралы шағымданған азаматтарға 11,3 млн теңге сыйақы төленді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Фискалды чектің берілмегені туралы шағымданған азаматтарға сыйақы төленді

Мемлекеттік кірістер комитеті өзін-өзі реттеу және қоғамдық бақылау құралдарын жандандыру үшін 2020 жылдың мамыр айынан бастап «Азаматтық бақылау - чекті талап ет» акциясын өткізуде. Аталған акция аясында азаматтар бақылау-касса машинасының фискалды чегінің берілмегені және банк картасын қабылдаудан бас тартқаны туралы хабарлай алады.

«Азаматтық бақылау - чекті талап ет» акциясына кез-келген ниет білдіруші қатыса алады. Барлық жіберілген өтініштерді Мемлекеттік кірістер органдары қарайды.

Фискалды чекті бермеу және банк картасын қабылдаудан бас тарту фактілері туралы App Store және Play market-тен «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасын жүктеу арқылы хабарлауға және бұзушылық фактісі расталған жағдайда телефон теңгеріміне сыйақы алуға болады.

Ағымдағы жылы акция басталғаннан бері азаматтардың хабарлауы бойынша 11,3 мың бұзушылық фактісі расталды, оларға 11,3 млн теңге сомасында сыйақы төленді.

Мұндай бұзушылық үшін алғашында ескерту беріледі, ал егер заң бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, кәсіпкерге айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің өлшеміне (шағын, орта, ірі) байланысты болады.

Жыл басынан бері заң бұзушылықты қайталағаны үшін 474 кәсіпкерге 14,6 млн теңгеге айыппұл салынды.

Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының барлық азаматтарын өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіруге, заңды бұзуға нөлдік төзімділік танытуға және «Азаматтық бақылау – чекті талап ет» акциясына белсенді қатысуға шақырады.