16 Мамыр, 2014

Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің оң тәжірибесі

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше елордада «Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің халықаралық стандарттары мен тәжірибесі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шараны Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Құқық арқылы демократияға Еуропалық комиссиясымен және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Жиынды Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми ашты. Төраға алдымен елімізде сот би­лі­гін жетілдіру барысында жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталды. Оның атап өткеніндей, Қазақстанда табысты жүргізілген реформалардың нәтижесінде сот төрелігі қалыптасты және нығайтылды. Өткен жылдың қарашасында Мемлекет басшы­сының қатысуымен өткен Қазақ­стан судьяларының VI съезінде алдағы уақытта еліміздің сот жүйесін дамытудың басым ба­ғыт­тары айқындалды. «Өзекті міндеттердің бірі – судьялыққа кадрлар іріктеу мен судья кор­пусының кәсібилігін арттыру болып табылады, – деді Қайрат Мәми. – Қолданыстағы заңмен судьялыққа кандидаттарға қо­йылатын негізгі талаптар белгіленді». Жоғарғы Сот Төрағасы, сон­дай-ақ, Қазақстан судья­ларының өткен съезінде талқыланған бір­қатар мәселелерді де атап өтті. Ол судьялыққа канди­дат­тардың жас мөлшеріне бай­ланысты. Төрағаның атап өтуін­ше, сол съезде судьялыққа қа­был­­данатындардың жасы 30-ға немесе 35-ке толуы тиіс екендігі жөнінде мәселе көтерілген. Бұл судьялар қатарын өмірлік тәжірибесі бар кәсіби маман-кадрлармен толықтыруға мүм­кіндік береді. «Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің критерийлері мен рәсімдері, сондай-ақ, олардың лауазымдық өсуі заңды және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы үшін аса маңызды болып табылады, – деді Қайрат Мәми. – Бұл – Елбасының сот жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі тап­сырған міндеттердің бірі». ЕҚЫҰ-ның Астана қала­сындағы Орталығының жетек­шісі Наталья Зарудная біздің елімізде сот төрелігін нығайту барысындағы жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталды. Орталық жетекшісінің айтуынша, Қазақ­стан сот тәуелсіздігін нығай­туда атап өтерліктей оң қадамдар жасады. Ал бүгінгі жиын Қазақ­стан судьяларының VI съезінде айқындалған сот жүйесін дамыту және судья кадрларын даярлау мен олардың кәсібилігін арттыру мәселелеріне арналып отыр. Себебі, судьялыққа канди­дат­тарды іріктеуде халықаралық стандарттарды, дамыған елдердің тәжірибелерін пайдаланған ерекше болмақ. Бұл жағынан Қазақстан көпшілік елдердің алдында келеді. Үзіліс кезінде біз дөңгелек үс­тел тақырыбына байланысты Мем­лекеттік қызмет істері агент­­тігінің төрағасы Әлихан Байменовтің ой-пікірін білген едік. «Сот жүйесіне деген сенім демократиялық қоғам мен нарықтық экономиканы құруда маңызды рөл атқарады, – деді ол. – Егер реформаларға деген шешім әділ қабылданатын болса, ол өте әлеуетті болады. Сол сияқты судьялыққа кан­дидаттарды іріктегенде, олардың білімі, біліктілік деңгейі мен жас мөлшері ғана емес, моральдық, тұлғалық қасиеттеріне де ерекше мән берілгені жөн. Тарихтан белгілі, біздің бұрынғы билеріміздің айтқан нақты шешімдері әлі күнге дейін сақталып келеді. Себебі, олардың шығарған шешімдері әділ болғанына қоғам сенген. Жалпы, қазақта билерді сайламаған, билер көпшілік мойындау арқылы би атанған. Олардың әділ шешім айтатынына сеніп, халық соған жүгінген. Осындай әділдігі арқылы билер ұлттық деңгейге көтерілген. Олар қазіргі судьялар сияқты заң факультетін бітірген жоқ. Екіншіден, судьялыққа кан­ди­даттарды іріктеуде кан­дидаттың кем дегенде магистр­лік білімі болуын ескеру керек. Сонымен қатар, олардың жас мөлшері 30-дан төмен бол­мағаны жөн. Өйткені, судья адам тағдырын шешеді. Осы­ны заңдастырған дұрыс деп ойлаймын. Магистрлерді да­йы­ндау барысында тек қана заңдарды оқыту жеткіліксіз. Заңды жаттап алуға болады, ал шешім қабылдаудың өзі бір бөлек ғылым. Судьяларды іріктеу ісінде жариялылық қажет. Бүгінде осы бағытта Жоғары Сот Кеңесі көп жұмыстар істеп жатыр. Ал судьялыққа кан­дидаттарды іріктеу үдерісіне сол кандидат білім алған жоғары оқу орындарының өкілдері де қатысқаны жөн». Жиында, сондай-ақ, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Бектас Бекназаров қатысушыларды елімізде судьяларды іріктеу тәжі­рибесімен таныстырды. Төрағаның атап өткеніндей, ел Конституциясының 79-ба­бы­на сәйкес біліктілік емти­ханынан өткен, жоғары заңгерлік білімі бар, 25 жасқа толған Қазақстан азаматы судья бола алады. Біліктілік емтиханы компью­терлік тестілеу және әңгімелесу түрінде өтеді. Өт­кен жылдан бастап біліктілік емтиханынан өту 70-тен 80 балға арттырылды. Бұл судьялық қызметке барынша дайындалған кандидаттарды іріктеу мақсатын көздейді. «Бүгінгі күні судья лауа­зымына кандидат ретінде 4915 адам резервте тұр, – деді Бектас Бекназаров. – Судьялыққа кандидаттарды іріктеу үдерісін жетілдіру жалғастырылуда. Осы жылы біліктілік емтиханына психологиялық тестілеу де енгізілетін болады. Судьялыққа кандидаттарды іріктеу жалпыға бірдей танылған стандарттарға, сондай-ақ, ЕҚЫҰ мен Венеция комиссиясының талаптарына сәйкес келеді». Дөңгелек үстелге қаты­сушылар жиын барысында еліміздегі және шетелдердегі судьяларды іріктеу тәжірибесі, оны жетілдіру және басқа да мәселелер бойынша пікір алмасты. Жиын соңында судьялық корпустың кадрлық әлеуетін жақсарту жөніндегі отандық және шетелдік тәжірибенің негізінде ұсынымдар қабылданды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».