Қазақстан • 16 Қыркүйек, 2022

Әл-Азһар шейхы бас мешітте жұма уағызын айтты

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін елордадағы Республикалық бас мешітте әл-Азһар шейхы, Жоғары мәртебелі имам Ахмет Тайып жамағатқа жұма уағызын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚМДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әл-Азһар шейхы бас мешітте жұма уағызын айтты

Әл-Азһар шейхы мешіт жамағатына бірлік пен бейбітшіліктің қадірі, Ислам құндылықтары, мұсылман үмбетінің рухани тұтастығы жайлы насихатын жеткізді.

«Ислам – терроризм діні емес. Екеуі от пен су секілді екі бөлек ұғым. Асыл дініміз әлем халқын бейбіт өмір сүруге және ауызбіршілікке үндейді. Діннің діннен, ұлттың ұлттан, адамның адамнан артықшылығы жоқ. Барлығы да – Алланың құлдары. Сондықтан айналаңыздағы адамдарды жақсылыққа, ынтымаққа, бірлікке шақырыңыздар», деді Жоғары мәртебелі имам Ахмет Тайып.

Сондай-ақ әл-Азһар шейхы қазақ даласынан шыққан ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бастаған дін ғұламалары Исламды әлемге дәріптегенін, сол білімнің шарапаты араб халқына да тигенін айрықша атап өтіп, сол ілім иелерінің асыл еңбегі үшін қазақ халқына алғысын білдірді.

Уағыздан кейін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақы қонақжайлықпен шейх Ахмет Тайыптың иығына шапан жауып, Ислам дінінің дәріптелуіне, діни білім мен ғылымның дамуына ерекше үлес қосқан тұлғаларға берілетін Діни басқарманың «Шарапат» медалімен марапаттады.  

Айта кетейік, әл-Азһар шейхының жұма уағызына 20 мыңнан астам адам қатысты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев «Әл-Азһар» университетінің Бас имамы Шейх Ахмед ат-Тайебпен кездесті. Кездесу астанадағы Бас мешітте оқылған жұма намазынан соң болды.

ф

Әңгімелесу кезінде тараптар дүние жүзінде  конфессияаралық диалогтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, Қазақстанда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің аталған үдерістегі маңызды рөлін айрықша атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақстан мен Мысыр арасында қарым-қатынас орнату барысы, соның ішінде жоғары білім беру саласындағы байланыстар туралы өз естеліктерін ортаға салды.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Ахмед ат-Тайебтің Съезде сөйлеген сөзінің негізгі тезистеріне қолдау білдіріп, діндер көшбасшылары арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етудің маңызды екеніне тоқталып өтті.