Әлем • 17 Қыркүйек, 2022

ҰҚШҰ қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға түсініктеме берді

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы келіссөздердің басталуын құптап, жанжалды бейбіт жолмен реттеуге шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҰҚШҰ қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға түсініктеме берді

«Осы күрделі шекаралық мәселені шешу, шиеленісті азайту және ушығудың алдын алу үшін өзара қолайлы жолдар табылатынына сенімдіміз. Біз күш қолдануды қолайсыз деп санаймыз», делінген ҰҚШҰ Хатшылығының хабарламасында.

Ұйым жағдайды мұқият қадағалап отырғандарын жеткізді.

«Жанжалды тек келіссөздер үстелінде шешу керек, адамдардың өліміне жол бермеу керек», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, қарулы қақтығыс 14 қыркүйекте Баткен ауданының Бұлақ-Баши деген жерінде басталды.

16 қыркүйекте ШЫҰ саммитінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон екі елдің шекарасында атысты тоқтатуға келісті.

Бірақ кешке тәжік тарапы шартты бұзып, Лейлек ауданының Кулунду және жаңа-Жер елді мекендеріндегі қырғыз шекарашыларының позициялары бойынша оқ жаудырды.