(Эссе-экспромт)
Әр пенде жайнаған жарық дүние есігін өз үні, өз бітімі, өз мінезі, өз тағдыры, өз жаратылысымен ашады.
Қасым Жәкібаев... Оның актерлік болмысы қазақ сахнасында бұрын-соңды болып көрмеген өзгеше бір құбылыс екендігі бұл өнердің тылсым сырын жан-жақты терең зерделеп, салиқалы, дәйекті, тоқтамды оймен толғайтын аса білікті театр мамандарының өзін әрқилы толғанысқа салумен келеді.
Қасымның өмірдегі, сахнадағы іс-әрекеті, адамдармен қарым-қатысы, дүниедегі, қоғамдағы кей құбылысқа сыншыл, тәкаппар жанның зілді мысқылымен мырс етуі, не болмаса аясы тар сығыр көзінде жалпақ жатқан жалғанның көркейіп, гүлдеп тұруы... осы қалпымен дуылдаған көпшіліктің ішінде бойын жасырған тұлпардай елеусіз ғана жүріп, әр кез жұрт назарын өзіне елең еткізіп, таңғалдыра, ойландыра, табындыра тартатын сирек қасиеті жеті қат жер астында жатқан таңғажайып құпия бір. Оның тұңғиық сырына ену үшін шешен домбыраның құлақ күйін келтіретін сыршыл жүректі, нәзік сезімді, байсалды күйшінің қиямет әрекетіндей жойқын әрекет керек.
Қасым –оқыс қылықты, тосын мінезді актер. Тіпті, сахна табиғатын жете меңгерген ғұлама режиссердің қиялында жоқ актерлік іс-қимыл осы Қасымның шынайы да шыншыл сезімінен емін-еркін шығып жатады. Осы құбылысты ойлағанда ол бағзы бір ұлы актерлерді еске түсіреді. Айталық, кейде біз Иннокентий Смоктуновскийді – “Гамлет”, Вечеслав Тихоновты – “Штирлиц” деп қаламыз. Шәкен Аймановты – “Отелло”, “Петруччио”, Нұрмахан Жантөринді – “Шоқан”, Камал Қармысовты – “Жантық” дейміз. Ал, Қасым болса – “Дерсу”. Ол осы Дерсуімен ұлы актерлер галереясына кіріп тұр.
Қай кезде, қандай сәтте, қандай жағдайда көрсең де Қасым: “Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!” деп, Абайдың ойлы сөзін айтып, өзіңе сынай қарап, сиқырлы сезіммен буып, ар жақ-бер жағыңнан өткен қысық көзі жасаурай жыпылықтап, “ойнап” тұрады. Дәл осы көзқарасы атақ пен даңққа күпініп, өзін-өзі... тіпті, өз кейіпкерін ұмытқандай боп, дүйім жұрттың төбесінде бұлғақтап жүрген кейбір мейманасы асқан, өзімшіл де тәкаббар актерлердің сұсын басады. Жай ғана езу тартып тұрып, тәубасына келтіреді. Сонысына дәйім қайран қалатын Қаллеки... театр корифейлерінің алыбы-кәдімгі Қалибек Қуанышбаевтың: “Ә, Жәкібайдың бұл Қасымы мына бейопа дүниенің миымыз, зердеміз жете бермейтін күйдіргі машақатымен Анасының алтын құрсағында жатып-ақ ойнаған сабаз. Біздің ырқымызға келмей жүрген өмірдің сол “ойынын” сахна мен кинода Қасым қалай-қалай көрсетіп жүр. Дүниемен, адамдармен, мезгілмен, қоғамның келеңсіз қылығымен ойнайды, ол! Текке ойнамайды. Әр ісінде Дон Кихот секілді ізгілік...” деген сөзін қазақ теледидарында бізбен біраз жыл бірге қызмет етіп, әріптес болған, жаны жайсаң тамаша режиссер Сапарғали Шарипов жиі-жиі айта беретін еді.
Сапарғали Шарипов кезінде Қазақтың жасөспірімдер театрында (ТЮЗ) режиссер Мұрат Қосыбаев екеуі айтулы-айтулы спектакльдер қойған режиссерлердің ішінде білімі, ой-өрісі, ішкі мәдениеті бай, ерекше жарқыраған бір жарқын тұлға еді. Біз сол кездерде КазГУ-дің өнерпаздар үйірмесінде “Ақбөпе”, “Айман-Шолпан” пьесаларын осы Сапарғалидың режиссерлік жетекшілігімен сахнаға шығардық. Тіпті, “Айман-Шолпан” пьесасының сәтті қойылғаны сондай, оны біз (бұл спектакльге қатысқан белгілі тіл маманы, академик Өмірзақ Айтбаев, Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы университет профессоры, тарихшы Жиенбай Бакиев, құдайға шүкір, ортамызда жүр) ТЮЗ-дің сахнасында да көрсеттік. Сөйтіп, біздің ТЮЗ-бен байланысымыз ерекше болды. Театр өнеріне қызығып, жастық қиялмен арман қуған сондай романтикалы, шабытты күндерде Байділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Мәкіл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Атагелді Исмайылов және, сөз жоқ, Қасым Жәкібаев қатысатын спектакльдерді көру жан дүниеміздің рухани қажеттілігіне айналды.
Осы біртуар актерлердің ішінде Қасымның актерлік шеберлігі еш актермен салыстыруға болмайтын құбылыс екендігі бізді осы күнге дейін тебірентеді. Қасым “Алтын сақада” – еркетотай Сарман, “Есірткен еркеде” – Ерке, “Гамлетте” – Полоний, “Әке тағдырында” – Жеңісбек, “Жаралы гүлдерде” – Қасым, “Қуырдақ дайында” – Ережепті ойнады, бұл тек тілге тиек боп оралған спектакльдер ғана, әйтпесе, Қасым сомдаған басқа да кейіпкерлер бір-біріне ұқсамаған кейіппен ойландырып, толғандырып, қайран қалдырып, көз алдымызда жеке-жеке тұр. Әрқайсысы бір-бір тип! Тек қана Қасымның типі!
1961 жылы Қасым “Дерсу Узала” фильмінде ойнап, күллі совет елі ғана емес, әлем жұртын таңғалдырды. Осы фильм түсірілер кезде, әлбетте, басты кейіпкер Дерсуға бүкілодақтық конкурс жарияланған. “Менмін” деген небір атақты паң көкірек актерлер түйісіп, бақ сынасқан. Міне, таланттың бағы таразыға түскен осы бір қиын сәттегі керемет эпизодты Сапарғали Шарипов бізге былай деп айтатын-ды: “Мына бір эпизод, елестетіп көріңдерші, Дерсу фильмде сыңсыған көк орманның ішінде жолбарыспен бетпе-бет кездесуге тиіс. Ал, кино-кино... ойын-ойын... өмір бар емес пе, өмір? Осы фильм үшін әртіс жазатайым түздің азулы аңы жолбарыстың тырнағына ілігіп, оп-оңай жем болуы керек пе? Жолбарыс тырнағынан қалай аман қалады, ол? Оған не кепіл? Құдай сақтасын, осы жан кешті эпизодты қалайда түсіру керек. Киноны көтеретін эпизод ол. Сөздің қысқасы, “мен мықтымын” деп өзіне өзі сеніп келген талай әртіс жолбарысты көргенде тілдері байланып, зәрелері ұшып, тіпті, кейбіреуі бұтына жіберіп қойып, тұра қашқан... ал, Қасым... Қасым сол жолбарыспен бетпе-бет түйісті. Дәл осы сәтті көрдіңдер, бәрің. Еске түсірейін... Қасым жарқанаттай қалтиған қалпы. Қолында дорбасы. Саспады. Жолбарысқа бірдеңе деп міңгірлеп тұр. Аяғы да, қолы да қалтыраған жоқ. Жолбарысты көзбен арбап, адамның ой-қиялы, санасы жете бермейтін бір ым... иә, мимика, ол... соның сиқырлы қимылы. Мимиканың үнсіз құдіретімен атылуға шақ қалып, жиырылып тұрған жолбарыстың сұсын басты, ол. О, тоба, солай болды. Қазір ойлап қарасақ, ол кейбір киноларда сирек кездесетін қиямет эпизодтардың ішіндегі ең қияметі екен. Қасымға еріксіз таңғаласың.
Біз Қасыммен дәйім бірге жүреміз. Оның қыр-сырын жетік білетін секілдіміз. Бірақ, ол сөз – жадағай ғана түсінік. Қасым біз үшін әлі де көзіміз жете бермейтін алыс әлем, жұмбақ жан. Актерлік қырының құпия сырлары қатпар-қатпар боп бұйығы жатыр”.
Сапарғали айтқан әлгі фильмдегі қас-қағым сәттік эпизод Қасымның құдіретті талантына еріксіз бас игізеді.
Кино өнерінде тек “Дерсу Узала” ма, Қасым “Жансебіл” фильмінде-екі қол, екі аяғы жоқ мүгедек қарт, “Махаббат бекетінде” – ата, “Қызғыш құс” фильмінде – пойыз жолында өзінің кім екенін ұмытып, тәлтіректеген маскүнем... е, мұндай-мұндай естен кетпес басқа да кейіпкерлер тағдыры жетіп жатыр. Олар Қасымның қайталанбайтын актерлік галереясы. Сондай кейіпкерлердің бірі – “Қан мен тер” фильміндегі – Судырахмет. Осы рольді ойнау Қасымның үлесіне тигенде шығарма авторы, атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов: “Жоқ. Болмайды. Менің Судырахметім бойы биік еңселі жан. Мына Жәкібаев дегенің... ұсқыны келмейді. Судырахмет емес, ол. Келіспеймін. Басқа актер табыңдар!” деп шала бүлінеді. Бірақ, фильмді түсіретін режиссер Әзірбайжан Мәмбетов Қасым Жәкібаевтің актерлік болмысын дәйекті сөзімен жан-жақты дәлелдеп, Нұрпейісовті амалсыз көндіреді. Қасым Судырахметті керемет ойнап шығады. Мұндай сәттілік кез-келген актердің маңдайына жазыла берсе, кәні!
Әркімнің өзі сүйетін актері бар. Қасым – менің актерім! Оның актерлік келбетіне ойлана көз салсам, әр кез сонау елуінші жылдардың аяғы болу керек, француздың “Человек с тысячью лиц” деп аталатын фильмін көрген кезім... осы фильмдегі атақ-даңқы жер жарған актердің сахнадағы, тұрмыстағы өмірі мені таң-тамаша қалдырады. Фильмде сол актердің жалғыз ұлы үйде жеке қалғанда оның әртүрлі маскілерін киіп алып, актер болуды армандап, өзінше бағзы бір кейіпкердің рөлін “ойнап” отыратыны бар. Бір жолы әкесі оның осы тірлігін көріп қалып, бетіндегі масканы жұлып алып: “Ендігәрі тиіспе бұған!” деп зекіп тастайды. Сонда әкесінің мына ісіне қорынып, ызаға булыққан баланың: “Әке, сенде масканың мыңы бар емес пе, соның біреуін де қимайсың ба, маған? Мен де сен сияқты атақты актер болғым келеді” дейтін сөзі осы күнге дейін жадымнан шыққан емес. Сол құдіретті француз актері сияқты театр сахнасында, киноленталарда Қасым жасаған кейіпкерлердің біреуін ғана бір жас актерға бұл құдай бере салса, сол актер қалай-қалай шалқыр еді, а? Бәлкім ол, сол кейіпкердің буымен асқақтап, жер мен көктің ортасында қолға тимей кетер ме еді, мейманасы тасып. Ал, Қасым болса өзі ойнаған кейіпкерлермен жай ғана ғұмыр кешіп, елеусіз ғана ортамызда жүр. Оның ұлылығы да осы қарапайым қасиетінде болар...
Осы жерде тағы бір эпизод ойға оралды. Ұмытпасам, 1963 жылдың алтын күзі. Бір жолы әйгілі актер әрі кинорежиссер Шәкен Айманов қасында үш-төрт мәскеулік актерлер мен кинорежиссер бар, радио-теледидардың концерттік залында, шамасы болашақ бір фильміне музыка іздеді ме, біраз әндерді сарсылып отырып тыңдады. Шаршаған болуы керек, орнынан тұрды да зал ішінде өзімен-өзі боп, әрлі-берлі жүріп, үнсіз ғана ойға берілді. Бір кезде әлденеге елең етіп, қонақтарына жалт бұрылып: “Кеше сіздер “Дерсу Узала” фильмінде ойнаған Қасым Жәкібаевтың қандай актер екенін көрдіңіздер... Біз бәріміз актерміз... Сіздерге сырттай болса да таныстырайын: Қалибек Қуанышбаевты алыңыз, ойлы күңіренісімен “Абай” драмасын бір өзі көтерді. Қыз Жібектің кім екенін “Қыз Жібек” операсында бұлбұл әуезді періште – Күләш көрсетті. “Біржан-Сара” операсында ән сұңқары Біржан сал боп Әнуарбек Үмбетбаев шырқады. Иә, солай да солай, осындай кереметтеріміз бар. Ал, біреу елейді, біреу елемейді, оның жаратылысы солай... “Ол” деп отырғаным – гений сценического искусства – Қасым Жәкібаев! Осы шіркінді көкейімде жүрген фильміме қалай ғана түсірсем екен?” деп өз-өзінен масаттана сөйлеп жібергені...
Мұндай таңғалысты лебіздерде шек жоқ шығар, тегі... Әзірше Қасым талантына құлай берілген жүрегімнің құштар лүпілін шағын ғана эссе-экспромтпен ептеп тежей тұрайын. Оның сахнадағы, мына ұлы тіршіліктегі өмірі – біртұтас ұғым. Біртұтас болмыс. Мығым монолит! Өзіне табынған жандардың махаббат қуатымен ғұмыр кешіп келе жатқан Тәңір Сыйы!