Экономика • 18 Қыркүйек, 2022

«Самұрық-Қазына»: Жаңа даму жолы

488 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Самұрық-Қазына» қоры бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, үздік инвестициялық компанияларға бағдарланған жұмыстың жаңа моделін айқындауды тапсырды. Осы бағытта қор 2023-2032 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясының жобасын әзірледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев кеңінен әңгімеледі.

«Самұрық-Қазына»: Жаңа даму жолы

Аталған қор басшысының айтуынша, халықаралық компаниялар бойынша өндірістік салада да, алдыңғы қатарлы инвестициялық холдингтерде де терең талдау жүргізілген.

«Компанияның миссиясы – халық мүддесі үшін активтердің сараланған портфелі мен бизнес портфелін тиімді басқару арқылы экономиканың тұрақты дамуына ықпал ету. Біз бизнес үшін экожүйе құратынымызды жарияладық. Негізгі басымдықтар ретінде орнықты даму, активтер портфелін тиімді және белсенді басқару негізге алынады. Бұл ретте «Самұрық-Қазынаның» Қазақстан экономикасындағы үлесі 2032 жылға қарай 5%-ға дейін төмендейді, сондай-ақ атмосфераға көмірқышқыл газ шығарындыларын 10%-ға азайтамыз», деп атап өтті А.Сәтқалиев.

Сонымен қатар таза активтердің құнын арттырудың негізгі міндеттері белгіленді. Соның ішінде еңбек өнімділігін арттыру, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, активтерді жаңғырту, портфельдік компания­лар басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру  айқын мақсат етіп қойылды.

Бұған қоса, қор стратегиялық активтердегі бақылау үлестерін сақтайды. 2025 жылға дейін IPO-ға ҚМГ, AirAstana, SamrukGreenCo, QazaqGaz, ҚТЖ компанияларын шығару жос­парланып отыр.

«Қор экономиканың негізгі секторларын бақылау үшін жеткілікті мажоритарлық пакетке ие инвесторға айналады деп жарияланды. Бұл ретте компанияларды ауқымды жекешелендіру жүргізіледі. Біз Үкімет бекіт­кен, жеткілікті деңгейде теңдестірілген бағдарлама әзірледік. Нәтижесінде, бәсекелес ортаға берілетін компаниялардың көлемі 105-тен 254-ке дейін ұлғайтылды. Дәлірек айтсақ, «ҚазМұнайГаз» компаниясында жергілікті биржалардағы IPO үшін жеткілікті түрде белсенді дайындық жұмыстары жүргізілді. Қыркүйектің екінші жартысынан бастап Қазақстан қалаларында халықтың біраз бөлігін қамтамасыз ету және тарту үшін родшоу өткізу жоспарланып отыр. AirAstana компаниясы IPO-ға дайын, халықаралық IPO-ны таргеттеу көзделген. Халықаралық нарықтар қалпына келтірілгеннен кейін қажетті қаражатты тарту үшін осы компаниямен шығуға дайын боламыз. «Самұрық-Энерго» екіге бөлінеді. Біріншісі – SamrukGreenCo-да барлық «жасыл» акция шоғырланады. Бұл – ЖЭК, ГЭС объектілері. Екінші компанияда электр энер­гиясын өндіру үшін табиғи қазбаларды пайда­лануға байланысты барлық актив топтасты­рылады. SamrukGreenCo компаниясы IPO-да Қазақстандағы басқа да активтерді жинақ­тайды деп жоспарлап отырмыз», деді спикер.

Бұған қоса, KEGOC бойынша Үкіметпен бәсекелес ортаға берілетін акциялар көлемін ұлғайту келісілді. Қазіргі уақытта IPO-ға дайындық, мәміле құрылымын қалыптастыру және заңнамалық өзгерістер пысықталып жатыр. QazaqGaz компаниясы бойынша компанияны IPO-ға шығару жөніндегі Жол картасы түзілді. QazaqAir қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру, қарыздарды қайта құрылымдау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жалпы, инвесторларға арналған компаниялар туралы толық ақпарат ipo.sk.kz сайтында жарияланған.

Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясы толыққанды логистикалық корпорация болып қайта құрылады. А.Сәтқалиев­тің айтуынша, функционалдықты өзгерту, ҚТЖ құзыретін күшейту, оның географиясын кеңейту жоспарлануда.

«Қазақстан темір жолы» – негізгі логис­тикалық өңірлік хаб. Сондықтан транзиттік тасымалдардың өсу қарқынын сақтап, көліктік қызметтердің әлемдік нары­ғындағы бәсекеге қабі­леттілігін арттырып, сервис сапасын жақ­сар­тып, сараптамалық-транзиттік әлеуетті іске асы­ру қажет. Осы мақсатта ҚТЖ құзыретін күшей­ту маңызды. Оның ішінде талдау жұ­мы­сын жақ­сарту, логистика бойынша құзы­рет­тер ор­та­лықтарын құру, компанияның қаты­су гео­­гра­­фия­сын кеңейту, яғни шетелде логис­ти­ка­лық қыз­меттерді ілгерілету, негізгі тер­ми­нал­дардың жұмысын күшейту, серіктес­тер­мен, көліктің басқа түрлерімен – яхта­лар­мен, авиа­­мен, теңіз көлігімен колла­бора­ция жасау, инс­ти­туттық негізді дамыту, қолда­ныс­тағы ұйымдық құ­ры­лымды және бизнес процес­терді өз­гер­ту жоспарланып отыр. Бұл ретте ком­па­ния­ның жекелеген құрылымдық бөлімшелерін же­ке­шелендіру қарастырылған», деді қор басшысы.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалардың тізімін ұсынды. Қор 13 басым жобаның бірінші пакетін 2022 жылдың көк­темін­де жариялады. Оған Алматы ЖЭО-ны газ­дан­дыру, Батыс Қазақстанды сумен жаб­дықтау, жаңа газ құбырлары мен темір жолдар салу сияқ­ты бастамалар кіргізілді. Ал 16 жобаның жаңа тізімінде – мұнай-газ химиясы, Ұлттық электр желісін жаңғырту, базалық қуат көзін салу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жоба­лары, 5G интернет желісін орнату, жаңа темір­жол­дарды салу және басқа да жобалар қамтылған.

Жобалар Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Жұмыс орындарын ашуға байланысты тікелей әсер етуден басқа, жобалар жанама ұзақ мерзімді әсерлерге ие. Нақты айтқанда, олар – еңбек жағдайлары мен экологиялық ахуалды жақсартудың, тір­ші­лік ету деңгейін арттырудың, әлеуметтік инфра­құрылымды дамытудың, бизнесті ілгері­летуді ынталандырудың жиынтық нәтижесі.

Реформалар нәтижесінде «Самұрық-Қазына» Президент айқындайтын аса маңызды жобаларға ғана тең инвестор ретінде қатысады.

Брифинг барысында журналистер сауалына жауап берген А.Сәтқалиев елімізде атом электр стансасын салу жобасы аясындағы жұмыс басталғанын  мәлімдеді.

«Болжамды энергетикалық теңгерім 2023 жылға қарай қуаты 2 400 мегаватқа дейінгі атом электр стансасын салу қажеттігін көр­сетті. Біздің қор Үкіметтің басшылығымен атал­ған жобаны іске асыруға кірісті. Бұл бағыт­­тағы жұмыс туралы мүдделі тұлғалар, жур­­налистер және жалпы қоғам алдында баян­дап отырамыз», деді спикер.

Сондай-ақ қор басшысы қайырымдылық бағыттары бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде де айтып берді.

«Мемлекет басшысы қор пайдасының 7%-ы «Қазақстан халқына» қорына жіберілетінін айтты. 2018 жылдан бастап қор акцияларының мемлекеттік пакетінде дивидендтер 13 есе өсті. Биыл аталған көрсеткіш 170 млрд теңге болады. Сонымен қатар шамамен 183 млрд теңге қайырымдылыққа және акционерлер­дің пайдасына, өзге де бөлуге бағытталады. Қордың қайырымдылық бағдарламасы бар. Бұл жұмысты «Самұрық-Қазына траст» компаниясы жүзеге асырады», деді ол.