Саясат • 18 Қыркүйек, 2022

Тәуелсіз сот қажет

318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Сарапшылар кеңесінің мүшелері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.

Тәуелсіз сот қажет

Жолдауды талқылауға заң шығару­шы, атқарушы және сот тармақтарының, халықаралық және үкі­меттік емес ұйымдардың, адвокатураның, білім беру, денсаулық сақтау және ха­лықты әлеуметтік қорғау ұйымдарының өкілдері қатысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда сот жүйесіне қатысты: «Қо­ғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі əділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қай­та іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сон­дай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мəр­тебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жо­ғары тұрған əріптестеріне тəуелді болмауы керек», деген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Сот төрағасы жəне Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тəсіл енгізуді ұсынып, Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау қажеттігін айтқан еді. «Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғары сот кеңесінің мəртебесін нығайтқан дұрыс. Судья болуға үміткерлерді да­йындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мəселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі», деген еді Президент құжатта.

Осы орайда, сарапшылар кеңесінің мүшелері мемлекеттік және сот орган­дарының, Қазақстанның азаматтық қоғам институттарының қызметі барысында Мемлекет басшысы Жолдауының ере­желерін ілгерілетудің өзекті мәселелеріне басымдық берді. Заң ғылымдарының докторы, профессор Раиса Юрченконың айтуынша, судьялар тәуелсіз болуы керек.

– Бізде қит етсе судьялар кінәлі. Неге сотталушының айыбын дұрыс дәлел­демеген прокурор судан ақ, сүттен таза болып шығады? Жасыратыны жоқ, әу баста қос орган арасындағы қарым-қатынас оң жолға қойылмаған. Жалпы, сот жүйесінде қарама-қайшылық өте көп. Мемлекет басшысының бұл мәселеге ерекше назар аударуы тегін емес. Алысқа бармай-ақ қаңтар оқиғасын мысалға алайық. Қаншама адам айыбы дәлелденбесе де ұзақ уақыт темір торда жазықсыз отырды. Бізде темір торға қамалса, күш қолданып, психологиялық шабуыл жасап, қылмысты мойнына ілу деректері жиі кездеседі. Бұған тағы да Қаңтар оқиғасын мысалға алсақ жетіп жатыр, – деді Р.Юрченко.

Отырыста комиссия мүшелері мен сарапшылары еліміздің сот органдары үшін жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ комиссияның мемлекеттік қызметшілерге, судьяларға, құқық қорғау және арнайы органдардың, құқық қорғау ҮЕҰ-ның қызметкерлеріне, қалың жұртшылыққа арналған «Қазақстанда адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбындағы оқыту семинар-тренингтерін өткізудің өзекті мәселелері талқыланды.

Сарапшылар кеңесінің төрағасы Сергей Ударцев өз сөзінде Президенттің Жолдауы елдің саяси, қоғамдық және экономикалық өміріне қан жүгірткенін атап өтті. Ол Жолдаудың ережелерін практикада жүзеге асырудың маңыздылығы мен өзектілігіне ерекше назар аударып, осы бағдарламалық құжаттың басты бағыты – адам мен азаматқа қамқорлық көрсету, Қазақстан халқының әл-ауқатының өсуіне мән берілуі керектігін еске салды.

Талқылау барысында Комиссия мү­ше­лері мен сарапшылары Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған, сондай-ақ Конституция мен қолданыстағы заң­намада, оның ішінде БҰҰ-ның Эконо­микалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакті­сінде кепілдік берілген азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Мәселен, медициналық
пункттер мүлдем болмаған 650 ауылдық елді мекендерде медициналық мекемелер салу және жарақтандыру, 32 аудандық аурухананы инсульт орталықтарын, хирургия, жан сақтау және оңалту бөлімшелерін аша отырып жаңғырту, жаңа мектептер салу, қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін 800 мың оқушы орнын құру, ауылда білім беру инфрақұрылымының сапасын арттыру сияқты жағымды жаңалықтарды атап өтті.

Комиссия отырысында әзірленген ұсынымдар Мемлекет басшысы, Пар­ла­мент пен Үкіметтің назарына жет­кі­зіледі.