«Медициналық орталықтар мен жедел медициналық жәрдем стансасын жүйелі түрде жабдықтау жұмысы жүріп жатыр. Жедел медициналық жәрдем стансасының автопаркіне тағы 55 автокөлік қосылды. Олардың басым бөлігі – реанимобильдер. Осыған дейін 100-ден аса автокөлік тапсырылған. Осылайша, автопарк айтарлықтай модернизацияланып, машиналар саны артты. Арнайы автокөліктер алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті жабдықтармен жабдықталған: өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор-мониторлар, электрлі сорғыштар, жедел медициналық көмек көрсету үшін реанимациялық құрылғылары бар жиынтықтар (электрокардиограф) және т.б», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар қала әкімі Мемлекет басшысы медицина саласын дамытуға, медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және сапасын жақсартуға, жедел медициналық көмек қызметін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Соңғы үш жыл ішінде медициналық мекемелер 3 мыңға жуық арнайы жабдықпен толық жабдықталды, 40 «үй жанындағы дәрігер» нысаны (олардың 7-еуі елді мекендерде орналасқан) ашылды, бірқатар медициналық мекемеге жөндеу жүргізілді, 4 медициналық мекеменің құрылысы бойынша тиісті жобалар іске асып жатыр. Сол сияқты «Жағалау-3» және «Нұрлы жол» вокзалы аумағында амбулаторлы-емханалық кешен, Көктал-1, Пригородный, Тельман және т.б. елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтарының құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жалақысы жүйелі деңгейде өседі, жоғары білім алуға жыл сайын гранттар бөлеміз және т.б», деп жазды А.Көлгінов.
Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ МКК үшін 55 арнайы автокөлік «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ лизингтік бағдарламасы арқылы сатып алынды.