Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігі және Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі ұйымдастырып жатқан бұл жәрмеңкеде 20 шақты компания жұмыс іздеушілерге жоғары технологиялар саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы айтып, ұйымдары жайлы толыққанды ақпаратпен бөліседі.
«Digital Bridge 2022 ІТ-вакансиялар жәрмеңкесі – HR-мамандар, ІТ-саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық және қазақстандық рекрутерлер бас қосып, кәсіпқойларға, фрилансерлер мен жас мамандарға жұмыс орнын ұсынатын карьералық мүмкіндіктер алаңы. Бұл жерде әркім өзі мақсат еткен қызметіне қол жеткізіп, армандарын жүзеге асыра алады», дейді Astana Hub атқарушы кеңсесінің директоры Дания Ахметова.
ІТ-вакансиялар жәрмеңкесі жұмыс орнын ауыстырғысы келетін кәсіпқойларға, жаңа жобаларға қатысқысы келетін фрилансерлерге, жас мамандарға және ЖОО, бағдарламалау мектептерінің тәжірибе жинағысы келетін студенттеріне арналған. Олар Epam, Sergek, Beeline, Kazdream, Documentolog, Tech Culture, ҰАТ, Қазақтелеком, Mytona, Freedom Finance, Halykbank, 2GIS, Coursera, KASPI, Huawei, Astana Hub және т.б. ірі компаниялардың ұсыныстарын қарастырып, жұмысқа орналаса алады.
Айта кету керек, бұл жәрмеңкеге компаниялар да, жұмыс іздеушілер де тегін қатыса алады. Тек digitalbridge.kz сайты арқылы тіркеуден өтсе жеткілікті.
«ІТ-индустриясындағы кадрларға деген сұраныс күн сайын артып келеді, сондықтан компанияларға үнемі ІТ-мамандар қажет. Тек кәсіпқойларды емес, әлеуетті жас мамандарды да жоғары жалақы және қолайлы жұмыс жағдайымен қамтамасыз етуге дайын. Бұл орайда ІТ-вакансиялар жәрмеңкесі жұмыс іздеушілерге ғана емес, жұмыс ұсынушыларға да тиімді. Мысалы, биыл жазда өткен осындай жәрмеңкеге қатысқан біздің компания бірнеше қызметкер тапты, қазір олар бізде жақсы жұмыс істеп жатыр», дейді Kazdream ІТ-компаниясы бөлімінің басшысы Мария Бережная.
Еске салсақ, 28-29 қыркүйекте елордада жыл сайынғы Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы өтеді. Биылғы форумның тақырыбы – «Central Eurasia as a new tech platform» – «Орталық Еуразия жаңа технологиялық платформа ретінде қалыптасуда».