«Барыс» пен «Авангард» елордада екі күнде екі кездесу өткізді. «Барыс Арена» мұзайдынындағы бірінші матчта Андрей Скабелка шәкірттері 5:3 есебімен жеңіске жеткенімен, кейінгі ойында есе жіберіп қойды. Қарымта кездесудің алғашқы кезеңін сәтті бастаған қонақтар 2:0 есебімен алға шығып алды. Дегенмен кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда «Барыс» сапынан Егор Петухов мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартты – 1:2.
Үзілістен кейін де «Авангард» хоккейшілері белсенділіктерін бір сәтке де төмендетпей, Андрей Шутов қорғаған қақпаға жауапсыз төрт шайба соқты. Үшінші кезеңде елордалықтардан Линден Вей гол соғып, таблодағы көрсеткішті 2:5-ке жеткізгенімен, матчты жеңіспен түйіндей алмады. Кездесудің соңына дейін 2:5 есебі сақталып қалды. Осылайша, екі ұжым екі ойында бір-бір жеңіске қол жеткізді.
«Шығыс» конференциясының жетінші тур ойындарынан кейін «Барыс» бес ұпаймен 11 команданың ішінде тоғызыншы орында келеді. Ал «Авангард» үш ұпаймен 10-орынға көтеріліп алды.