«Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы жаңа іс-қимыл бағдарламасының жобасы қалың бұқараның талқысына ұсынылмақ
«Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен «Нұр Отан» партиясының Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы болып өтті.
«Нұр Отан» 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы жаңа іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуде. Жемқорлыққа қарсы жаңа іс-қимыл бағдарламасының жаңа жобасы заңнаманы жетілдіру, жемқорлық әрекеттердің алдын алу, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениет пен жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, жемқорлықпен күреске азаматтық қоғам институттарының қатысуы мүмкіндігі мен Қазақстанның көпшілік мақұлдаған халықаралық актілерге қосылуын заңнамалық қамтамасыз ету салаларындағы жұмыстарды қамтиды.
Бағдарламаның жаңа жобасында мемлекет пен азаматтардың тең әріптес ретінде сапалық тұрғыдан жаңа сипаттағы өзара қарым-қатынасты қалыптастыру бойынша қоғаммен, азаматтық сектормен ынтымақтастығына ерекше назар аударылып отыр. Бағдарлама шеңберінде «Нұр Отан» партиясының «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жыл сайынғы баяндамалары, сонымен қатар, нақты нәтижелер бойынша есептері тәжірибесін енгізу ойластырылған. Олар қоғам, ҮЕҰ мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен бірлесіп әзірленеді. Аталмыш құжаттар жемқорлықпен күрес саласындағы жағдайды толық көрсетіп, жемқорлық құқық бұзушылықтардың саны туралы, жемқорлықтың деңгейін бағалау бойынша, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қолданылатын шаралар туралы ақпарат ұсынып тұратын болады.
«Қолымызда қажетті мүмкіндіктердің барлығын, кадрлық, ұйымдастырушылық ресурстардың жеткілікті екендігін атап өткен жөн. Мемлекетте, қоғамда қажеттілік туып отырғанда коррупцияға ымырасыздықтың қоғамдық санаға дендеуі үшін ұзақ мерзімді және белгілі бір мақсатқа негізделген нақты бағдарлама бойынша жүйелі түрде жұмыс жасауымыз керек», деп атап өтті жұмыс тобының отырысы барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Жемқорлық жайттарының бой көрсетулерімен ғана емес, сондай-ақ, оның себептерімен күресуге бағытталатын жүйелілік – жаңа бағдарламаның басты қағидасына айналады. Ұлыбритания, Франция, Сингапур, Малайзия және Гонконг секілді бірқатар елдердің тәжірибесіне жүргізілген талдау көрсетіп отырғандай, жемқорлыққа қарсы күрестегі тиімді саясат міндетті түрде алдын алу әдістеріне негізделуі керек.
«Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі мемлекеттік саясаттағы стратегиялық бағыт болып табылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаев талай мәрте айтты. Әлеуметтік кеселмен күрестің жаңа әдістерін уақыттың өзі айқындап беруде, енді аталмыш бағдарламаны жасау қажеттілігі туды, әрі оның маңыздылығын шетелдердің оң тәжірибесінен көрініп отыр», – деп атап өтті жұмыс тобының отырысында қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.
«Бұл құжат елімізде, ең алдымен, мемлекеттік қызметте барлық жемқорлық көріністерді азайтуға жүйелі түрде қарауға мүмкіндік береді. Басты тірек азаматтық қоғам институттарына жасалып, сондай-ақ, жемқорлық әрекеттер қоғамның құқықтық мәдениетіне, нақты тұлғалардың құқықтық мәдениетіне қатысты болғандықтан, бағдарламада қоғам мен мемлекетте жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға үлкен мән берілмек», – деді ҚазГЗУ қылмыстық-процессуалдық зерттеулер мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ҒЗИ директоры Марат Қоғамов.
2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы жаңа іс-қимыл бағдарламасының жобасы қоғам, интернет пайдаланушылар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен партия мүшелері тарапынан талқыланып, ұсыныстар енгізу үшін партияның ресми сайтында жарияланатын болады.
«Егемен-ақпарат».