Дипломатиялық өкілдіктің ғимаратына келушілер кіреберістегі қазақстандық фотографтар түсірген туындылармен таныса алады. Еуропалық одақ астанасының жүздеген тұрғындары мен қонақтары қазақ киіз үйінің жабдықтарымен және еліміздің бай мәдениеті мен алуан түрлі табиғатын бейнелейтін көрмемен жақынырақ танысып, домбыра үнін тыңдап, қазақтың ұлттық киімдерін киіп, естелік суретке түсті.
Елшілік қонақтары, оның ішінде бельгиялық саясаткерлер, кәсіпкерлер, дипломаттар, еліміздің музыкалық өнерімен, елдің туристік әлеуеті, қазақстандық серіктестермен іскерлік байланыстарды орнату және нығайту мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойды. Кейбіреулері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысу үшін Рим Папасы Францисктің жақында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары арқылы Қазақстанға қызығушылық танытқанын айтты.
Жыл сайын қыркүйектің ортасында атап өтілетін «Еуропалық мұралар күндеріне» алғаш рет қатысқан Қазақстанның Брюссельдегі елшілігі Бельгия мен Еуроодақтың астанасында еліміздің бай мәдениетін, туристік және инвестициялық әлеуетін таныстыру мақсатындағы белсенді жұмысын әлі де жалғастырмақ.