Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Жапония елшісі Масаеси Камохара екі елдің қарым-қатынасы туралы мәселелерді талқыға салды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан Президентінің Жапония Премьер-министрімен кездесулері қазақстандық-жапондық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға жол ашатынын айта келіп, қос мемлекет ынтымақтастығының стратегиялық сипатына назар аударды. Сондай-ақ, кездесу иелері ядролық қарусыздандыру және таратпау тақырыбына да айрықша көңіл бөлді.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық халықаралық бастамаларының маңыздылығына тоқталды. Қ.Жақыповтың атап өткеніндей, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы келісімге, ағымдағы жылы 6 мамырда БҰҰ штаб-пәтерінде қол қойылған хаттама – халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам.
Өз кезегінде Масаеси Камохара Қазақстан аймақтағы жолбасшы мемлекет болып отырғанын атап өтті. Сонымен бірге, жапон дипломаты Жапонияның біздің елімізбен әртүрлі саладағы ынтымақтастыққа, әсіресе, ядролық қарусыздану саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі екендігін білдірді. Екі ел басшыларының Гаагадағы кездесулері осының дәлелі болатынын көрсетті.
Сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту туралы сөз болғанда, Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның жапондық жетекші трансұлттық компанияларынан инвестиция тартуға және Қазақстанда сервистік жинақтау өндірісін құруға ниетті екенін тілге тиек етті. Қабиболла Жақыпов:
– Жапондық өндіріс орындарының инновациялық сипатын ескере отырып, біз жапондық бизнес өкілдерін Қазақстанда индустриялық бағдарламаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырамыз, – деді.
Кездесу иелері парламентаралық қатынасты тереңдетудің өзектілігін ескере келіп, осы жолда бейінді комитеттермен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту керектігін жеткізді.