Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен кеше палатаның кезекті отырысы болып өтті. Бұл жолы депутаттар қарауына әуе шабуылына қарсы қорғаныс, инновациялық технологиялар паркі және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заң жобалары ұсынылды.
Бірінші кезекте «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйесін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Сенатор Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, Бірыңғай өңірлік жүйе құрудың мақсаты екі мемлекеттің әуе кеңістігін күзету және қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың Бірыңғай өңірлік жүйесін екі ел қорғаныс министрлерінің ұсынысы бойынша Мемлекет басшылары тағайындаған қолбасшы басқарады. Ал қолбасшылық Алматы қаласында орналасады.
Тағы бір айта кететін жайт, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу биылғы жылдың қаңтарында Қазақстанға жасаған сапары барысында Ресей тарапының Қазақстанға өтеусіз С-300 зымыран кешендерін беруге әзір екенін мәлімдеген-ді. Осыған орай қазіргі таңда отандық сарапшылар осы мәселені пысықтауда екені де атап көрсетілді.
Жалпы отырысқа шығарылған «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» және оған ілеспе заң жобалары бойынша бірлескен баяндаманы Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жасады. Вице-премьер елімізде жаңа технологияларды дамытатын Назарбаев Университеті мен Алматыдағы инновациялық технологиялар паркі екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Алатау» паркінің бірінші кезеңі аяқталып отыр. Қазіргі таңда аталған парк толығып, 150-ге тарта компания тіркеліп, жұмыс істеуде. Құйылған инвестицияның көлемі 46 миллиард теңгеге жетіп, 1100 жұмыс орны құрылған.
Қазіргі таңда аталған инновациялық парктің екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде көрінеді. Бұдан басқа, заң жобасын әзірлеушілер Ресей, Беларусь, Оңтүстік Корея және АҚШ сияқты елдердің инновациялық технологиялық парктерінің тәжірибелерін жан-жақты зерттегендерімен де бөлісе кетті. Заң жобасының мақсаты «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының (ИТП АЭА) ерекше мәртебесін, оның дербес кластерлік қормен шетелдік жұмыс күшін тартудың ерекшеліктерін және ИТП АЭА-ға қатысушыларды тіркеуге және олардың қызметіне қойылатын талаптарды айқындау болып табылады. Заң жобасында «инновациялық кластер» түсінігі енгізіліп, оны басқарудың жаңа ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны – «дербес кластерлік қор» көзделіп отыр.
Бұл жерде аталған қордың дербестігі, қатысушыларды қолдау үшін қаржылай құралы және рұқсаттарды алмай-ақ шетелдік жұмыскерлерді тарту құқығы бар. Бұдан басқа, ИТП АЭА басқару органдарының функцияларын орындауға қордың мемлекеттік тапсырма алу мүмкіндігі, эксаумақтылық қағидаты бойынша ИТП АЭА-ға қатысушылардың қатарына қосу рәсімін жеңілдету мен 2018 жылға дейін эксаумақтылық қағидатын ұзарту жөніндегі нормалармен толықтырылған. Ал ілеспе заңдық құжатта да маңызды бірқатар мәселелер қамтылыпты.
Баяндамашыға сенаторлардың қойған сұрақтары да көп болды. Қожахмет Баймахановтың инновацияға қатысты сұрағына орай жауабында вице-премьер қазіргі кезде 400 инновациялық жоба қолдау тапса, 100-ге тарта ғалымға және осыншама компанияға инновациялық бағытта қолдау көрсетіліп отырғандығын жеткізді. Финляндияның комбайндарын Қызылорда облысында құрастыру жөніндегі мәселеге қатысты сауалға қазір АҚШ-тың «Джон Дир» және Германияның «Класс» комбайндарын шығаратын зауыттармен келіссөздер жалғасуда екенін, ал құрастыру зауытының Астанада орналасуы мүмкін екендігін де жария етті.
Сенат Төрағасы нақты инновация АҚШ пен Жапонияда және Еуропаның кейбір елдерінде ғана бар екенін, ал қалғандары оны өз кәдесіне жаратып келе жатқанын білдірді. Қ.Тоқаевтың айтуынша, инновацияны Оңтүстік Корея жетілдіру үшін алып отырса, Қытай шығарылған өнімнің бағасын төмендету бағытында қолданып келеді екен. Кейбіреулер инновацияны иогурт немесе лапша шығарумен де байланыстырып жүр. Алайда, мұның қате пікір екендігін алға тартқан Сенат Төрағасы Елбасының ғылымға нақты қолдау білдіріп келе жатқандығын және Назарбаев Университетінің құрылуын ерекше атады.
Осылайша талқылаудан өткен «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» заң жобасы бірауыздан қабылданса, ал ілеспе заң жобасы екінші оқылымда қолдау тапты.
Сондай-ақ, кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Заң жобаларын қарап болған соң, палата Экономикалық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің атауын Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитеті деп өзгерту туралы шешім қабылдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».